

Factcheck.kz осыған дейін ақпарат пайдаланушы кім және оның құқығы туралы жазған еді. Редакция ол материалда ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеуге тоқталды. Осы тұста Factcheck.kz ақпарат пайдаланушының кезекті құқығы – сұрау салу туралы жазуды шешті.
Ақпарат ұсынушы кім? Сұрау салуда журналистердің құқығы қандай?
Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның 8-бабына сәйкес мемлекеттік мекемелер және мемлекеттік мекемеден қаржы алатын жеке компаниялар, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілер мен өзге де үкіметке қатысы бар ұйымдар ақпарат иеленуші деп есептеледі. Яғни журналистер осы мекемелерден сұрау салу арқылы ақпарат ала алады. Осы заңның 11-бабында азаматтардың сұрау салу құқығы жазылған. Осыған тоқталайық.
Баптың бірінші тармағында сұрау салу тегін жүзеге асатыны жазылған. Екінші тармағында қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау салу бойынша кез келген ақпарат беріледі деп көрсетіледі. Журналистердің сұрау салу құқығы өткен жылы қабылданған масс-медиа туралы заңның 36-бабында көрсетіледі. Сұрау салу ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асады.
Ауызша сұрау салу: Журналист ақпарат иеленушіге телефон арқылы ауызша сұрау салумен жүгінген кезде өзін таныстыруға және әңгіменің аудиожазбасы жүргізілген жағдайда, ол жөнінде хабарлауға міндетті. Кез келген мемлекеттік және оған теңестірілген мекемелердің ресми нөмірлері сайтта орналасады.
Жазбаша сұрау салу: Жазбаша сұрау салу e–Otinish платформасы арқылы жүзеге асады. Сауал бас редактор, уәкілетті тұлға мен аккредиттелген журналист қолымен және ЭЦҚ-мен куәландырылып жіберіледі. Сұрақ қай тілде қойылса сол тілде қаралады. Байланыс үшін пошта немесе электрондық мекенжай, телефон не өзге байланыс құралы көрсетіледі. Барлық азаматтар жіберген жазбаша сауалға жауап беру уақыты 15 күнтізбелік жұмыс күн болса, журналистерге 5 жұмыс күні деп көрсетілген.
Ақпарат беруді қай жағдайда кешіктіреді?
Егер сұратылған ақпарат бірнеше мекеменің құзыретіне кірсе, ақпарат иеленуші басшы жауап мерзімін бір рет, 15 күннен аспайтындай етіп ұзарта алады. Бұл туралы 11-баптың 10-тармағында көрсетіледі. Бірақ бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлануға тиіс. Ал сұрау құзыретіне кірмейтін мекемеге түссе, ол үш жұмыс күні ішінде тиісті органға жолданып, пайдаланушыға бұл жөнінде хабар беріледі. Ақпарат заңда көзделген тәртіппен ашық түрде орналастырылған болса, иеленуші үш жұмыс күні ішінде оған қол жеткізу жолын көрсетіп хабарлайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауына жауап бермеген немесе оны уақытында ұсынбаған мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады. Ал БАҚ өкілі азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерге немесе ақпарат беруден бас тартуға заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Мемлекеттік органдар жауап беруден бас тарта ала ма?
Егер сауалдағы сұраққа ақпаратты анықтау мүмкін болмаса, ол заң талаптарына сай келмесе, не сұратылған дерек шектеулі қолжетімді болса ақпарат беруден бас тартылады. Сондай-ақ, сұрауда орган қызметіне құқықтық баға беру немесе талдау талап етілсе, тексеру мен кеңес қорытындылары бойынша шешім әлі қабылданбаса, не шет мемлекеттер мен ұйымдардан келген құжаттарды ашу туралы келісім болмаған жағдайда да жауап берілмейді. Бас тарту себептері жазбаша түрде, сұрау тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабарланады. Бұл ереже азаматтарға да, журналистерге де ортақ.
Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушілердің басшылары жеке жауапты болады.
Бес жұмыс күні журналистер үшін көп пе?
Өткен жылы масс-медиа туралы заң әлі күшіне енбей, талқыланып жатқан кезде, журналистер үшін сұрау салу уақытын бес емес үш күнге дейін қысқарту ұсынылған еді. Бұл туралы заң жобасының жұмыс тобына жетекші болған мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан пікір білдірді.
Мен “Масс медиа” туралы заң жобасының жұмыс тобына жетекші болдым. Негізі, бұл мәселе өте тартысты болған еді. Жалпы, бұрынғы заңда журналистердің ақпараттық сауалына жауап алу мерзімі жеті күн болатын. Жұмыс тобының мүшелері, нақты айтқанда қоғамдық ұйым өкілдері үш күн деген мерзімді норма ретінде ұсынған. Алайда, уәкілетті орган бұл ұсынысты Үкіметтің қортындысына сұраған. Нәтижесінде бес күндік мерзім деген оң қортынды алдық, жұмыс тобы осы ұсынысты қолдап дауыс берді.
Жанарбек Әшімжан, мәжіліс депутаты
Бұл туралы Құқықтық медиа орталықтың сайтына шыққан материалда да, сарапшы Гулмира Біржанованың пікірінен білсе болады.
Масс медиа туралы заң жобасындағы журналистердің ақпарат алу құқығы туралы өзгеріске келейік. Бұрын ақпарат алу мерзімі 7 күн болса, қазір ол 5 күнге дейін қысқарды. Жұмыс тобында біз оны 5 күн емес, 3 күнге дейін қысқартуды ұсындық. Себебі, журналистер ресми жауапты күтіп отырғанда, желіде жалған ақпарат тарап кетеді. Сол үшін журналистерге лайықты жағдай жасалуы керек. Журналистер ақпаратты барынша жедел таратуы тиіс.
Гүлмира Біржанова, құқыққорғаушы, MediaQoldau құқықтық қызмет жобасының жетекшісі
Депутат Жанарбек Әшімжан негізінен журналистерге ақпаратты бір күн ішінде беру керек деп есептеймін деген пікір білдірді. Десе де оның сөзінше бұл мәселені екі жақты қарау керек.
Мен енді жұмыс тобының жетекшісі ретінде бұра тартпай немесе бір жақты жақтамай, тараптардың тартысын ортақ шешімге әкелу міндетім. Егер, журналист ретінде менің жеке көзқарасыма салса бір ақпаратты күннің ішінде беру керек деп есептеймін. Бірақ, мұнда таяқтың екі ұшы бар. Мемлекеттік органдардың пікірлерін бірнеше мәрте тыңдадық, талқыладық. Мәселе мұнда — сол бір күннің ішінде барлық мемлекеттік органдар толыққанды ақпарат бере ала ма? Олардың ақпараттық-сараптамалық мүмкіндігі, дерек-дәйекті жүйелеуі сол уәкілетті органның жұмыс істеу сапасына байланысты деп есептеймін. Сондықтан, біз ұзақ талқыладық, мен үш күн дегенді қолдағам. Алайда, депутаттардың дауысымен қортындыға кетіп, бес күн деген шешім қабылданды.
Жанарбек Әшімжан, мәжіліс депутаты
Сондай-ақ, депутат бес күн деген қорытынды түсіндірді. Оның сөзінше мемелекеттік органдар үш күн ішінде нақты жауап бере алмайды.
Неге бес күн? Мен мемлекеттік органды қолдап тұрған жоқпын, бірақ олардың уәжі былай болды: біз мәселені толық тексеріп, зерттеуіміз керек, содан кейін нақты ақпарат беруіміз керек деді. Сосын заңда төтенше жағдай кезінде, жекелеген үкімет мүшесінің баяндамасындағы дерекке қатысты үш күннен де ерте мерзім қарастырылған. Жалпы, уақыт деген зымыраннан да жылдам болып тұр ғой. Туындаған ақпарат жарты сағатта ескіріп жатқан кезең. Бұл да сұрақ. Алайда, соңғы кездері әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан тексерілмеген фейк ақпараттарды қарап отырып, уәкілетті органның уәжі де орынды болған шығар деп ойлаймын.
Жанарбек Әшімжан, мәжіліс депутаты
Қорытынды
Кез келген азаматтың өзіне керекті ақпаратты сұрау салу арқылы жауап алуға құқығы бар. Ауызша және жазбаша түрде бұл процесс қалай жүзеге асатынын талдадық. Азаматтарға жазбаша түрде жауап беру үшін 15 күнтізбелік күн кетсе, БАҚ өкілдеріне 5 жұмыс күнінде жауап берілуі тиіс. Егер, жауап нақты емес және уақытылы келмесе құзырлы органдарға шағымдануға болады.
Источник: Factcheck.kz








