Құқық қорғаушылар мен журналистер «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасын сынға алды. Олар жобаның мәтіні журналистер құқығын қорғамайтынын, керісінше халықаралық стандарттарға қайшы екенін мәлімдеді. Бұл туралы 8 ақпанда Астана мен Алматыда өткен баспасөз жиынында айтылды.
Астанадағы жиынға қатысқан «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, заң жобасы журналистердің қызметіне кедергі келтіреді.
Журналистерге шабуыл жасау, қорқыту, мүлкін бүлдіру сияқты кейінгі айларда болып жатқан оқиғалардан кейін заң журналистерді қорғап, кәсіби міндетін атқаруға кепілдік бергенін қалаған едік. Алайда заңда превентив реттеу шаралары көп екеніне, «журналист міндетті», «журналист өйтпеуге тиіс», «журналиске тыйым салынған» деген сияқты тіркестер көп екеніне, ал еркін, тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін жайттар аз екеніне көзіміз жетіп отыр.
Диана Окремова
Ал заңгер Гүлмира Біржанова ведомство медиа қызметкерлерінің «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты жолдаған ұсыныстың бірде-бірі ескерілмегенін айтады.
Құқық қорғаушылар мен БАҚ өкілдері жаңа заң жобасын әзірлеген адамдардың аты-жөнін беруді талап етті.
Өз кезегінде жиынға қатысқан ведомство өкілі Қанат Ысқақов журналистер мен құқық қорғаушылардың ұсыныстары ескерілітінін жеткізіп, олардың талабын орындауға уәде етті.
Ал Алматыда өткен баспасөз жиынында «Масс-медиа туралы» заң жобасы мәселесін Қарлығаш Жаманқұлова, Есенгүл Кәпқызы, Думан Смақов, Жұлдыз Әбділдә, Бақтыгүл Бурбаева талқылады.
Олар құжатта БАҚ өкілдерінің қызметін шектейтін пункт көп екенін айтады. Сонымен қатар журналистер жаңа заң жобасы шикі, мұндай құжат елдегі сөз бостандығына нұқсан келтіреді дейді.
Жобаны әзірлеу ақылға сай болса дейміз, біздің үнімізді естісін дейміз.
Қарлығаш Жаманқұлова, «Әділ сөз» қорының жетекшісі
Источник: Factchek.kz
Источник фото: Factchek.kz