

Қазақстандағы журналистер мен медиа ұйымдар арасында дау тудырған «Масс медиа туралы» заң 2024 жылы күшіне енді. Заңда Қазақстанда тұңғыш рет бірыңғай медиаплатформа түсінігі енгізілген. Ол 2025 жылы 1 қаңтарда іске қосылуы керек болған, дегенмен бұл жоспар іске аспады. Factcheck.kz редакциясы медиаплатформаға қатысты Мәдениет және ақпарат министрілігіне бірқатар сауал жолдады.
Медиаплатформа дегеніміз не?
«Масс медиа туралы» заңның 1-бабы, 11-тармақшасында медиаплатформа — мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе деп сипатталады.
Кейінірек, журналистерді аккредиттеуге қатысты 28-бапта да медиаплатформа пайдаланылатыны жазылған.
Аккредиттеу картасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бірыңғай медиаплатформа арқылы беріледі.
«Масс медиа туралы» заң, 28-бап
Бұдан бөлек, 33-бапта гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониториңдеу бірыңғай медиаплатформада жүзеге асырылатыны айтылған.
Байқағанымыздай, медиаплатформаның кемі 3 функциясы бар — аккредиттеу, грант үлестіру мен гранттың іске асқанын мониториңдеу.
Дегенмен медиа қауымдастықта бұл платформаға қатысы бірқатар сұрақ бар. Мысалы, медиаплатформа қазір қайда? Медиа платформаның нақты функциялары қандай? Ол не үшін керек? Грант алушы медиа ұйым мен министрліктен бөлек, үшінші тарап барлық процессті (қай медиа қанша қаржы алып жатқанын және т.б.) бақылай ала ма?
Factcheck.kz редакциясы осы және басқа да сұрақтарды Мәдениет және ақпарат министрлігіне 5 тамызда жолдады. Бірақ министрлік үстіде жазылған, «Масс медиа туралы» заңда көрсетілген баптарға сүйенген жауап жолдады. Редакция жауапқа қанағаттанбайтыны туралы шағым жолдаған соң бірыңғай медиаплатформаны жасауға қаржы әлі бөлінбегені хабарланды. Нақты жауап келесідей.
Қазіргі таңда, аталған жүйені іске асыруға бюджеттен тиісті қаражат бөлінбеген және осы мәселе уәкілетті органдармен пысықталуда.
Мәдениет және ақпарат министрлігі
Заңды қолданысқа енгізу тәртібіне сай, заңның өзі 2024 жылы күшіне енді, медиаплатформаға қатысты баптары 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыста бар, яғни іс жүзінде қазір медиаплатформа қолданыста болуы керек, бірақ медиаплатформаның өзі жоқ.
Factcheck.kz редакциясы мұндай жағдайға құқықтық тұрғыдан баға беру жөнінде Бас прокуратураға сауал жолдады. Жауабы келгенде материал толықтырылады.
Бұған дейін, 2024 жылы Власть интернет журналы Ақпарат министрлігіне сауал жолдағанын еске салайық. Министрлік сол кезде де бірыңғай медиа платформаны 2025 жылы іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлаған. «Министрлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бірыңғай медиаплатформаның әзірлеушісін конкурс арқылы таңдайды. Бөлінетін бюджет қаражатының көлемін Республикалық бюджет комиссиясы айқындайды», – деген министрлік.
Құқықтық медиа орталық заңгері Гүлмира Біржанова бірыңғай медиаплатформа жұмысына күмәнмен қарайды және бұл жүйе ашықтық принципін бәрібір орындауға жағдай жасамайды дейді.
Мен платформадан көп үміт күтпеймін, өйткені бұл жай ғана техникалық шешім, бірақ мемлекеттік ақпараттық саясатындағы маңызды мәселе ашық күйінде қалды: ашықтық және оның жалпы жағдайды өзгертетініне күмәнім бар.
Гүлмира Біржанова
Біржанова жалпы жүйені өзгертпей, ешқандай өзгеріс болмайтынын айтады.
Бірыңғай медиаплатформа тек құрал болып қалады. Қазақстандағы БАҚ саласын реттеудің бүкіл жүйесі мен тәсілін өзгерту қажет. Ол [медиаплатформа – авт.] іске қосылғанның өзінде тәуелсіз БАҚ-тың мәртебесіне де, сөз бостандығына да әсер етпейді.
Гүлмира Біржанова
Гүлмира Біржанова «Масс медиа туралы» заңдағы журналистің ерекше мәртебесіне қатысты да күмәні барын айтады.
«Журналистің ерекше мәртебесі» – журналистердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрау, алу және тарату құқықтарының кеңейтілуін, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де арнайы құқықтарды қамтамасыз ететін журналист мәртебесі. Тұжырымдама бір қарағанда жақсы болып көрінеді, бірақ ол негізінен декларативті сипатта. Заң бұл тұжырымдаманы одан әрі қолдамайтындықтан, бұл мәртебеге кепілдіктер жоқ. Ал журналистерді қорғаудың нақты тетіктері заңға енгізілмейінше, бұл жұмыс істемейді. Мәселен, журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін қосымша жаза қолдану қажеттігі туралы жиі айтамыз, бірақ қазіргі заңда журналистерге ондай кепілдік жоқ. Жалпы, журналистердің көзқарасын өзгерту қажет: сөз бостандығы – бұл конституциялық кепілдік берілген құқық қана емес, сонымен қатар кәсіби парызды орындау.
Гүлмира Біржанова
Дегенмен «Масс медиа туралы» заңды Ақпарат министрі Аида Балаева дер кезінде қабылданған озық заң деп сипаттаған.
Заңның қабылдануының алдында қажырлы және ұзақ жұмыс болды. Жоба ашық түрде әзірленді; әрбір бап озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жетекші сарапшыларды тартумен, әрине, журналистер қауымдастығының тікелей қатысуымен талқыланды. Заң жобасын әзірлеу барысында әріптестеріміздің барлық ұсыныстары тыңдалып, мүмкіндігінше ескерілді.
Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі
Источник: Factcheck.kz








