ТӘУЕЛСІЗ БАҚ НЕГЕ ТАҚ ТАЛАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛДЫ?
21 февраля, 2023 - 12:09
ТӘУЕЛСІЗ БАҚ НЕГЕ ТАҚ ТАЛАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛДЫ?
Автор: Администратор
326
Тәуелсіз БАҚ НЕГЕ ТАҚ таласының құрбанына айналды?
Фото: ғаламтордан
 
 
1
 

Тәуелсіз журналистерге тағы шабуыл жасалды. Бұл жолы белгісіз біреулер Вадим БОРЕЙКОНЫҢ операторы Роман ЕГОРОВТЫҢ екі бірдей көлігін өртеп кеткен.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл тосын оқиға жайлы пікір білдірді.

«Алматы қаласының Ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, тиісті сараптама тағайындады. Оқиғаның анық-қанығы анықталып жатыр. АҚДМ журналистік қызметке кедергі жасауға жол бермейді және қолдан келген көмегін көрсетеді», – деп мәлімдеді министрлік.

Фото: ғаламтордан

Жіпке тізіп айта кетсек, бұған дейін, «Елмедиа» редакциясының терезесін қайта-қайта шаққызды, бас редактор Гүлжан ЕРҒАЛИЕВАНЫҢ фотосын порно сайтқа салып жіберді.

«Орданың» бас редакторы Гүлнар БАЖКЕНОВАНЫҢ суреті аузына қыстырылған шошқаның басын редакцияға «сәлемдеме» етіп жолдады.

Динара ЕГЕУБАЕВАНЫҢ көлігі өртенді. Ұлына белгісіз біреулер тапанша кезенді.

«Ұлыс медиа» редакциясының сайтына хакерлік шабуыл жасалып, жетекшісі Самал ЫБЫРАЕВАҒА қарсы астыртын қоқан-лоққы жасалды.

Вадим БОРЕЙКОНЫҢ пәтерінің есігіне «Гиперборей» арнасына қатысты анайы сурет салып, тез жанатын сұйықтық төгіп кетті.

NEGE тілшісі бұл тосын жайттардың астында не жатқаны туралы журналистік қауымдастықтардың пікірін сұрады.

Сергей ДУВАНОВжурналист, құқық қорғаушы:

Бұл – билік ішіндегі соғыстың көрінісі

– Қазақстандық журналистика пайда болғалы бері, яғни отыз жыл бойы журналистерге мұндай шабуыл ұдайы жасалып келеді. Қазір бұл ушығып кетті. Өйткені, қоғамда үкіметтің саяси-экономикалық  саясатына көңіл толмаушылық күшейді. Көптеген журналистер бұл туралы жазып та жатыр. Бірінші себебі – осы.

Екінші себебі – қазір бұрынғыдай билік біртұтас емес. Тоқаевты қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге жарылып отыр.

Екінші топқа,  әсіресе, күштік құрылымдардың өкілдері жатады. Назарбаев әулеті осы саланы жіті бақылауда ұстады. Солардың кейбірі осындай әрекетке баруы әбден мүмкін. Бұл – жұлдызы қарсы екі топтың текетіресі. Олар өзара есеп айырысу үстінде. Билікті тартып алуға ұмтылатыны байқалады. Мұны саясаттанушылар мен сарапшылар алдын ала болжаған да еді.

«Назарбаев билігін бөлсе, бірақ қол астындағыларын, қызметшілерін жатқызып-тұрғызып отырса, онда ырың-жырың, топтар арасында соғыс басталуы мүмкін», – деген еді. Міне, сол басталды. Бұл жерде олар Тоқаевты жағымсыз етіп көрсетіп, оған зиян жасамақ.

Менің ойымша, Тоқаевқа мұның ешқандай пайдасы жоқ. Ол бұларды бақылай алмай отыр. Олар өте қуатты әрі құдіретті. Өз адамдарын жұмсап, жақсы ақша төлеп, астыртын жұмыс істеп жатыр. Бұл – билік ішіндегі соғыстың көрінісі.

Гүлмира БІРЖАНОВАМедиа-қолдау заңгерлік қызметі:

Министрлік мәлімдеме жасаумен шектелмеуі керек

– Қаңтар айынан бері әртүрлі шабуылға ұшыраған журналистердің бәрі – балама пікір жазып жүрген тәуелсіз журналистер. Бірінің көлігін өртесе, бірінің есігін желімдеп кетті. Өкінішке қарай, елімізде журналистердің көбі мемлекеттік тапсырыспен жазады. Тәуелсіз журналистер саусақпен санарлықтай ғана. Олардың көбі интернет-жобаларды қолға алып жүр.

«Бұл арандатушылықтың артында билік тұр» деп кесіп-пішіп айта алмаймын. Өйткені, бұл дұрыс болмай шығады. Тергеу жүргізіліп, нақты қорытынды жасалуы тиіс. Бір анығы – мұның бәрі журналистің немесе блогердің кәсіби қызметіне тікелей байланысты жасалып отыр. Шабуылдардың жүйелі түрде жасалуына қарағанда, жоспарлы түрде ұйымдастырылғаны байқалады. Журналистерге қарсы әдейі жоспарланған әрекет секілді. Бұл – өте өкінішті жайт.

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде журналистика еркін болады, сөз бостандығы салтанат құрады деп күткен едік. Қайдан шығып жатқаны белгісіз, әйтеуір журналистерге қысым өте күшейіп барады. Әсіресе, президент сайлауы және парламент сайлауы тұстарында. Журналистер тек қана шабуылға ұшырап жатқан жоқ, тергеуге алынып, қатаң айып тағылып, сотталып та жатыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық шараларын жасауы тиіс. Олар журналистерге қолдау көрсетіп, журналистік зерттеулерге қолғабыс беруі керек. Мәлімдеме жасаумен шектелмей, нақты шара қабылдануы қажет. Өйткені, бұл журналисті залдан шығарып жіберу секілді кәсібіне кедергі жасау емес, өміріне қауіп төндіру. 

Қарлығаш ЖАМАНҚҰЛОВА«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры:

Бәрі бір орталықтан ұйымдастырылғанына күмәнім бар

– Соңғы кезде журналистерге қарсы шабуылдардың көбеюі қазақстандықтар мен халықаралық қауымдастықты қатты алаңдатып отыр. «Әділ сөз» ұйымы жиырма бес жылдың ішінде осындай оқиғаларды бақылауға алып жүр. Соның ішінде соңғы екі айда жағдай ерекше ушығып кетті.

Осы шабуылдардың бәрі бір орталықтан ұйымдастырылғанына күмәнім бар, бірақ кейбір оқиғаларды біріктіруге болатын сияқты.

Ең маңызды нәрсе – шабуылға ұшыраған журналистерге қолдау көрсетіп, тапсырыс берушілерді табу. Ішкі істер министрлігі жақын арада тергеудің нақты нәтижелерін көрсетпесе, Мәжіліс сайлауынан кейін Ішкі істер министрі М.АХМЕТЖАНОВ үкімет мүшесі ретінде қайта тағайындалмауы керек деп есептейміз. Өйткені оған президент нақты тапсырма берді, бірақ нәтиже жоқ.

Біз «Әділ сөз» ұйымының атынан бірнеше журналистке заңгерлік көмек көрсетіп жүрміз. Қазір де қордың заңгері оператор Р.ЕГОРОВҚА қолдау көрсетіп жатыр.

 

Источник: Nege.kz