

20 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Азаттық радиосының» сыртқы істер министрлігіне қарсы талап-арызын орындамады.
Сот ісін судья К.Смағұлов қарады. Ол министрліктің «Азаттық радиосы» тілшілеріне аккредитация бермеуін заңды деп таныды. Адвокат Лилия Чаусова сот шешімін апелляцияға беретінін мәлімдеді.
Бұған дейін 18 тамызда «Азаттық радиосының» журналистеріне сыртқы істер министрлігінің аккредитация беруден бас тартуы бойынша сотта жарыссөз өткен.
«Азаттық радиосы» тілшілерінің аккредитация мерзімі сәуірде аяқталған әрі оны ұзарту туралы екі ай бұрын өтініш түсірген. Бірақ министрлік «нақты мән-жайды анықтау қажет» деген себеппен мерзімді тағы екі айға созған.
СІМ өтініштердің көптігіне байланысты қарау мерзімі ұзартылған әрі журналистер «бірнеше рет заң талаптарын бұзды» деп мәлімдеді. Министрлік өкілі Әсел Мамашева аккредитацияны созу туралы өтініш қаралып жатқан кезде тілшілер материал жариялаған дейді. Осыған байланысты Алматыдағы редакция жетекшісіне де аккредитация берілмеген, себебі ол «қызметкерлерінің заң талаптарын сақтауына жағдай жасамаған».
Алайда адвокат Лилия Чаусованың айтуынша, сыртқы істер министрлігі «Азаттық радиосының» өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарамаған жағдайда, оның салдарын редакцияға немесе журналистерге жүктеу орынсыз. Сонымен қатар, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін қазақстандық азаматтарға кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу ұлттық заңнамаға да, халықаралық құқық нормаларына да қайшы. Адвокат соттан СІМ-нің «Азаттық радиосының» тілшілерін аккредиттеуден бас тарту әрекетін негізсіз деп тануды сұраған.
Контекст
Жаңа «БАҚ туралы» заңының 30-бабы, 4-тармағына сәйкес, шетелдік медиа мен шетелдік журналистерге ел аумағында аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салынады. СІМ маусымда «Азаттық радиосының» 16 тілшісі дәл осы бапты бұзды деп шешіп, аккредитация бермей қойған. Журналистер – Қазақстан азаматы әрі бұған дейін аккредиттеліп келгенін айта кетейік. «Азаттық радиосы» сыртқы істер министрлігінің бұл шешімін негізсіз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген.
Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігінің «Азаттық» журналистеріне аккредитация бермеуін тәуелсіз БАҚ пен сөз бостандығына қысым деп сынады.
Басты беттегі сурет «Азаттық радиосынан» алынды.
Источник: Factcheck.kz








