СОТ «АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНЫҢ» АККРЕДИТАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМЫН ҚАРАУДЫ ТОҚТАТТЫ
17 сентября, 2025 - 16:29
СОТ «АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНЫҢ» АККРЕДИТАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМЫН ҚАРАУДЫ ТОҚТАТТЫ
Автор: Администратор
508

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сыртқы істер министрлігінің өтінішімен «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» Қазақ қызметінің тоғыз журналистің аккредитациясына қатысты шағымын қарауды тоқтатты. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.

 

Адвокат Лилия Чаусованың айтуынша, СІМ өкілдері сотта «осыған ұқсас жеті тілшінің аккредитациясы бойынша іс» қарастырылғанын айтып, екі істің бір-біріне ықпалы барын алға тартқан. Сол себепті олар алдыңғы іс бойынша шешім күшіне енгенше жаңа істі тоқтатуды сұраған. Адвокат бұл уәжге келіспей, екі іс бір-бірінен бөлек екенін айтты.

 

Редакция сот анықтамасына шағым түсірмек. Егер жоғары инстанция өтінішті қолдаса, процесс бірнеше айға созылуы мүмкін, себебі алдыңғы іс бойынша шешімді апелляцияға беруге бір-екі ай уақыт кетеді.

 

Бұған дейін «Азаттық радиосы» тоғыз тілшіні аккредиттеуден бас тартқан сыртқы істер министрлігінің шешімін сотқа берген. Алғашқы сот тыңдауы 28 тамызда басталған.

 

Контекст

20 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Азаттық радиосының» сыртқы істер министрлігіне қарсы талап-арызын орындамады. Сот ісін судья Қайрат Смағұлов қарады. Ол министрліктің «Азаттық радиосының» жеті тілшісіне аккредитация бермеуін заңды деп таныды. Адвокат Лилия Чаусова сот шешімін апелляцияға беретінін мәлімдеген.

 

 

 

Басты беттегі сурет «Азаттық радиосынан» алынған.

 

Источник: Factcheck.kz