«МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ: ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҰСЫНЫСТАРЫ ЕНГІЗІЛМЕГЕНІНЕ НАРАЗЫ
8 февраля, 2023 - 12:35
«МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ: ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҰСЫНЫСТАРЫ ЕНГІЗІЛМЕГЕНІНЕ НАРАЗЫ
Автор: Администратор
206

Ашық құқықтық актілер порталында шыққан заң жобасында жұмыс тобы енгізген өзгерістер енбеген. Бұл туралы Парламент қарауына ұсынуға  жоспарланған «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша баспасөз конференциясында «Media Qoldau» заң қызметі өкілі Халима Тәжіқұл айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

«Осы екі-үш күн бойы таңқалып жүрміз. Маусым айынан бері бір рет офлайн режимде кездесу өткіздік. Сол кезде де біраз мәселе айтылды. Барлығы жұмыс тобындағы адамдар түрлі өзгерісті енгізді деп ойлайды. Негізінде министрлік өздері енгізгісі келген өзгерістер мен толықтыруларын ұсынды. Олар оны журналист қауыммен талқылап, сол өтініштер бойынша жасалды деп айтты. Оның көбімен біз келіспедік. Онлайн кездесулер кезінде де біз өз ұсыныстарымызды енгіздік. Министрлік ол ұсыныстар ескеріледі деп айтты. Бірақ Жаңа жылда ашық құқықтық актілер порталында жарияланған заң жобасында ол өзгерістер болмады. Маусым айынан бастап офлайн,онлайн кездесулердегі өзгерістер қамтылмаған. Ашық порталға жарияланған кезде ғана комиссияның шешімін көрдік», - дейді Халима Тәжіқұл.

Оқиға түсінікті болуы үшін тарқатып айтсақ,  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанында құрамына 60-тан астам медиасала өкілі, сарапшылар мен журналистер кірген жұмыс тобының мүшелері бірнеше ай бойы БАҚ туралы заң жобасының мәтінін талқылаған.

Түбегейлі жаңа, озық заң жасау туралы мәлімдемеге қарамастан, министрлік «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі ескі құжатты біріктіріп, «Масс медиа туралы» деп өзгертіп ұсынған.

Дегенмен жұмыс тобы мүшелері заңның заман талабына сай болуы және медиасаланың дамуына ықпал ететіндей ұсыныстар ұсынған.

Алайда ашық құқықтық актілер порталында ведомствоаралық комиссия мүшелері мақұлдап, Парламентке жолданған тағы бір заң жобасы пайда болды. Аталған заң жобасының бұл нұсқасы жұмыс тобымен келісілмегені айтылды.

Жаңа заң жобасы жұмыс тобында жиі талқыланған ең даулы тармақтарды өзгеріссіз қамтыған: барлық интернет-ресурсты заңда қарастыру, құқық қорғау органдарының «ерекше жағдайларда» шектен тыс өкілеттігі, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде өзгерістердің жоқтығы, журналистерді алалайтын баспасөз картасы, аталған картаны беру мен қайтарып алу шарттары.

Жұмыс тобы мүшелерінің айтуынша, жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше, халықаралық стандарттарға қайшы келеді және Қазақстандағы медиасаланың дамуын тежейді, БАҚ саласына мемлекеттік бақылауды күшейтеді.

 

Источник: Azattyq Ruhy