«ҚАЙ ҰСЫНЫСЫМЫЗ ЕНІП, ҚАЙСЫСЫ ЕНБЕГЕНІН БІЛМЕЙМІЗ»: МЕДИАСАРАПШЫЛАР МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ
4 декабря, 2023 - 14:06
«ҚАЙ ҰСЫНЫСЫМЫЗ ЕНІП, ҚАЙСЫСЫ ЕНБЕГЕНІН БІЛМЕЙМІЗ»: МЕДИАСАРАПШЫЛАР МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ
Автор: Администратор
173

Депутаттар Масс-медиа туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

«Қай ұсынысымыз еніп, қайсысы енбегенін білмейміз»: Медиасарапшылар Масс-медиа туралы заң жобасына алаңдаушылық білдірді

Фото: Qaz365.kz

Осы аптаның бейсенбісінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» заң жобасын Мәжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. Бірінші оқылымда мақұлданғанымен, журналистер әлі күнге дейін заң жобасының толық нұсқасын ала алмай отырғанын айтады. Талқыланғанына көп болған құжатқа журналистер енді қандай ұсыныстары мен түзетулері енгізілгенін білмей отыр. Кеше осы тақырыпқа байланысты заң жобасына байланысты позициясын әуелден білдіріп жүрген медиасарапшылар онлайн бас қосып, ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жарияланған материалдың ескіру мерзімі бір жыл болса...»

Зум-басқосуда «Internews Kazakhstan» заңгері Ольга Диденко журналистер мен заңгерлер тарапынан жұмыс тобына бірқатар ұсыныс жолданғанын айтады. Заңгер Масс-медиа туралы заң жобасында медиа жұмысын, журналистердің кәсіби қызметін шектеуші ережелер бар деп есептейді.

«Біз 30-ға тарта ұсынысты іріктеп, жұмыс тобы шеңберінде депутаттарға ұсындық», – дейді ол.

Медиа-бірлестік ұсынған ең бірінші талап – баспасөз картасына байланысты нормалардың бәрін алып тастау. Сонымен қатар, журналистерді аккредиттеу тәртібін жеңілдету. Ольга Диденконың сөзінше, аккредитация дәл қазір институт ретінде жұмыс істемейді. Ал жұмыс істеген жерінде әрдайым проблема туындайды. Аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ.

Одан бөлек журналистердің қауіпсіздігінің құқықтық кепілдіктері мәселесі. Бұл – өзгерістердің келесі блогы.

«Біз белгілі бір жағдайларда журналистер жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке бап енгізілсе дейміз. Біз Әкімшілік кодекске әкімшілік бап ретінде жекелеген бап енгізуді ұсына отырып, сонымен қатар Қылмыстық кодекстің журналистердің құқығын қорғайтын 158-бабы күшінде қалуы керек деп есептейміз. Бәріміз сол бапты жұмыс істейтіндей қылуымыз керек», – дейді ол.

Келесі ұсыныс – жарияланған материалдың ескіру мерзімін бір жылға дейін қысқарту. Мұны кеше министр Балаеваның өзі де қолдайтынын айтқанымен, екінші оқылымға дейін норма өзгере ме, жоқ па, белгісіз.

«Медианы қаржыландыру ашық болса...»

Журналистер мен медиа ортаның талап етіп отырған тағы бір нормасы – медианы мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығы мен есептілігі. Елде бұл жағынан үлкен проблемалар бар. Қазір заң жобасында осы мәселе еш реттелмеген. Ольга Диденконың сөзінше, мұның бәрі айналып келгенде бюджетті бөлген кезде әдеттегідей БАҚ-ты таңдап бөлуге апарып соғады. Бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі немесе тиімсіздігі де еш түсініксіз.

«Біз қаржыландырудың тематикалық сипатын енгізуді ұсынамыз. «Таңдамалы» БАҚ құралына ғана емес, бюджет қаражаты бәріне бірдей ашық әрі әділ бөлінуі керек. Мұны заңнамалық акт деңгейінде емес, дәл заң деңгейінде бекітіп алмаса болмайды», – дейді ол.

Редакциялық автономдық кепілдіктері мен иелерінің редакциясы саясатына араласпауына кепілдік алу. Бұл мемлекеттік қана емес, жеке БАҚ-тар үшін де өте маңызды. БАҚ иесі мен редакция ұжымының арасында дау туындаған кезде журналистер сол даулардың кепілге алынған адамдары қатарында қалады. Сол себепті медиа-бірлестік осы мәселені реттеу үшін депутаттарға өзгерістер мен толықтырулардың толыққанды шоғырын ұсынып отыр.

Түзетулердің тағы бір шоғыры «Жария тұлға» және «Қоғамдық мүдде» түсініктерін енгізуге қатысты. Бұл суретті жариялау құқығына байланысты. Журналистер күн сайын осы мәселемен бетпе-бет келеді. Сонымен қатар ақылы контенттің ақылы контент ретінде белгіленуін талап етіп отырмыз.

Баспасөз картасы «таңдамалы» БАҚ-қа ғана көзделген

Заңгер баспасөз картасын енгізу кезінде әуелі баспасөз картасын тек белгілі бір талаптарға сай келетін таңдамалы БАҚ-қа беру көзделгенін айтады. Картаның өз талаптары бар екен. Яғни баспасөз картасы бейінді дипломы бар, жұмыс тәжірибесі бар азаматтарға беріледі. Оны комиссия тапсырады.

«Заң жобасында, білуімізше, «баспасөз картасын беретін комиссия» деген сөйлем бар. Баспасөз картасынан айыратын да нормаларды енгізіп қойған. Егер осы норма еніп кетсе, біз бұл жерде жұмыс тәжірибесі жоқ жас журналистер, қандай да бір редакциялармен еңбек қатынасы жоқ фрилансерлерге, журналистика дипломы жоқ азаматтарға біршама қиындық туындайтынын көріп отырмыз. Біздің елдегі жетекші әрі өте танымал журналистер басқа саладан келген. Бірақ олар қазір журналистиканың майталмандары. Біздіңше, бұл норма айналып келгенде журналистиканың сегрегациясына апарып соғады. Яғни бұл норма күшіне енсе, баспасөз картасы бар адам ақпараттарға қол жеткізе алады да, баспасөз картасы жоқ адамдар сырт қалады. Сол себепті баспасөз картасы бар нормалардың бәрін алып тастауды ұсынамыз», – дейді Ольга Диденко.

«Толық мәтіні дайын емес» заң жобасы қалай бірінші оқылымда мақұлданып кетті?

Белгілі журналист, менеджер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов «Масс-медиа туралы» заң жобасына екі жылдай уақыт жоғалттық дейді. «Ұсыныстарымыздың көбі тысқары қалып жатты» деп те атап өтеді.

«Ара-арасында кейбір ұсыныстарымыз енгізілді. Кеше Мәжілісте осы ұсыныстардың қабылданғанын-қабылданбағанын не болмаса осы ұсыныстардың заң жобасына толық кіргенінен немесе кірмегенінен бейхабар болып отырмыз. Өйткені Мәжілісте депутаттар және уәкілетті органдар талдаған кезде біз айтқан ұсыныстардың ешқайсысына тоқталмады. Иә, «Аманат» фракциясы баспасөз картасына байланысты, кейбір әріптестер де қарсы. Бірақ мұның барлығы дерлік екінші оқылымда қалай өзгеретіні және екінші оқылым қашан болатыны тағы белгісіз», – дейді ол.

Думан Смақов екінші оқылымға дейін қанша отырыс болып, сарапшыларға қандай ұсыныстарымызды бере алады – ол да, өкінішке қарай, белгісіз болып қалып отырғанын айтады. Кеше жұмыс тобының төрағасы Жанарбек Әшімжанға Думан Смақов сұрақ қойып, заң жобасының толық мәтінін беруді өтінген. Бірақ депутаттың көмекшілері «толық мәтін әлі дайын емес» екенін айтқан.

«Дайын емес мәтінді бұл кісілер бірінші оқылымда бекітіп жібергені де біздің ой-санамызға сыймай отыр», – дейді ол.

Журналист заң жобасында журналистерге қарсы құқықбұзушылықты қылмыстық кодексте қалдыра отырып, әкімшілік кодекске де енгізуді ұсынады.

«Өйткені әкімшілік кодекс арқылы іс қозғалған кезде, әрине, қылмыстық жауапкершілік мейлінше, журналистердің құқығын қорғау, журналистерге қысым жасаған немесе заттарын сындырғандарға, зиян келтіргендердің бәріне тосқауыл қоямыз ба деген оймен ұсынып отырмыз. Заң жобасына бұл ұсыныс енгені немесе енбегенінен хабарсызбыз. Одан кейін ең маңызды дүние – редакция қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірнеше, бөлек бап та ұсындық. Мұның бәрі, өкінішке қарай, қабылданбай отыр. Өйткені бұл заңда көбінесе журналистердің жұмысын реттеу, бақылау сияқты дүниелер көп кездеседі. Әрине, бұл сөз бостандығы үстем, демократиялық елде ондай принциптерден алшақ болу керек деп санаймыз», – дейді ол.

Үш сценарий

Медиа-маман Гүлмира Біржанова да Мәжіліске енгізілген заң жобасын толыққанды көре алмай отырғанына қапаланады. Жұмыс тобында қызу талқыланған, медиа-бірлестіктер ұсынған түзетулердің бәрі енген шығар деп үміттенеді.

«Егер баспасөз картасына немесе материалдың ескіру мерзімін 3 жылға дейін белгілеуі бар – дәл қазіргі күйде заң жобасын мақұлдап жіберсе, әлбетте, баспасөз картасының өзі журналистердің жұмысын біршама күрделендіре түседі. Егер баспасөз картасын алып тастаса, журналистерге жұмыс істеу жайсыз бола қалмайды. 1999 жылғы қалыппен бәрі қала береді. Үшінші нұсқа – егер біз ұсынып отырған түзетулер енсе, журналистердің жұмысын жақсарта түсетін заңға ие боламыз», – дейді Гүлмира Біржанова.

«Шенеуніктердің пиары үшін мемлекеттік тапсырысты жұмсамау керек»

«Құқықтық медиа орталық» ұйымының жетекшісі, медиасарапшы Диана Окремова министрліктің бюджет қаражатын БАҚ-қа бөлудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытындағы талпыныстарын қолдайтынын, десе де оған да жіті мән беру керектігін айтады.

«Ол туралы министр кеше айтып, гранттық қаржыландыру болатынын айтып жатыр. Гранттарды бөлу жүйесі барынша ашық болатынын да атап өтті. Яғни расында да, салық төлеушілер өз қаражаты қайда кетіп жатқанын білуі тиіс. Алайда біз бұл жағдайды одан ары жақсарта түсудің жолдарын ұсынып отырмыз. Біріншіден, детальдандыру мәселесі бар. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қандай мәселелерді жариялауға болатынын айқындап алу керек деп есептейміз. Яғни шенеуніктердің пиарына жұмсалатын қаражат мемлекет бюджетінен алынбауы керек. Осы ереже саладағы жемқорлықты да азайтар еді», – дейді ол.

Окремова Есеп комитеті мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаражаттың бар-жоғы 2 пайызын ғана жеке БАҚ алып отырғанын хабарлады. Қаражаттың 80 пайызы жыл сайын бір ғана бұқаралық ақпарат құралдарына беріле береді. Медиасарапшының сөзінше, бұл фактор нарықтың бәсекеге қабілеттілігін еш дамытпайды. Себебі жыл сайын бір БАҚ-қа ақшаны аудара бермей, қаражат бөлінетін БАҚ-тың саны немесе тақырыптық бағытты арттыра беру керек.

 

Источник: Qaz365.kz