

«Азаттық радиосы» жабылуы мүмкін деген ақпар шыққалы еліміздің медианарығында сөз көп.
Еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихын халыққа бейтарап ақпарат көзі ретінде танылып келе жатқан радионың ендігі күні бұлыңғыр. Бұл жаңалық бәрінен бұрын біздің билікке қатты ұнайтыны анық. «Іздегенге сұраған» дегендей, талайдан бергі шамасы жетпей жүрген шаруасын Трамп бір құжатпен-ақ шешіп тастағандай. Тек енді артының қалай бітерін күту ғана қалып тұр.
Қазақстандағы «Азаттық радиосының» жабылуы мүмкін екені мұхиттың арғы бетіндегі жаңалықтан шықты. АҚШ президенті Дональд Трамп жеті бірдей агенттіктегі қысқарту шараларын жалғастыратын құжатқа қол қойды. Оның ішінде USAGM де бар, «Азаттық» соған қарайды.
Бұл тірлік оларда біраздан бері жүріп жатыр. Оның бәрі биліктегі бюрократия мен артық шығынды азайту мақсатымен жұмыс істеп жатқан Илон Масктан басталған еді. Ақпанның басында әлеуметтік желіде жазған постында «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» медиаресурстарына дүрсе қоя берген. Осы ресурстарға жыл сайын АҚШ салық төлеушілерінің 1 млрд долларын шығындап жатқанын айта келе, оларды енді ешкім тыңдамайтынын, сондықтан жабу керегін айтқан. Содан басталған дүрбелеңнің арты еліміздегі «Азаттық радиосының» жабылуы туралы әңгімеге айналып жатыр.
Тарихына қарасақ, сонау 1950 жылдан басталады. Әуелде «Азат Еуропа» деп аталып, кейін қазіргі атауына ауысады. КСРО аумағында орыс тілінде хабар таратып келіп, қазақ тіліндегі алғашқы хабар 1953 жылы жарияланады. Содан бергі заманда ел тарихының алтын қоры іспетті талай маңызды оқиғалардан хабар беріп отырды.
Әлеуметтік желі мен мәжіліс
Әдетте биліктің оң жамбасына келетін мәселеде «шу» ете қалатын әлеуметтік желідегі армия бұл жолы да белсенділігін байқатты. Еліміздің медианарығын қарым-қабілетінше талдай келе, жабылғаны дұрыс деген түйін жасайды. Себебі пайымды қарасаңызшы, ақпараттық майдан арқылы байырғы Кеңес Одағын құлатып тынған соң айналысатын шаруа қалмаған. Сөйтіп, әр елден өкілдік ашып, көрінген тақырыпқа ұрынып жүр. Сайтына кіріп қалсаң, өңкей негатив. Ол жақтан «жол, аурухана, мектеп салынып, ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр» деген ақжолтай ақпараттарды көрмейсіз. Сонысы үшін де елдің ашу-ызасын тудыруға бейім...
Бір қызығы, дәл осы сарындағы сөзді бір кезде мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да айтқан. Ақпанның 14-і күні өткен мәжіліс отырысында «Шетелдік агенттер» туралы депутаттық сауал жолдап, елді елең еткізгені бар еді. Илон Масктың әрекетін сөзіне тұздық етіп алған Смирнова тап осы «Азаттық» сайтын мысалға алып, позитивті мақала жарияламайтынын мәселе қып көтерген. Сондағы сөзі бүгінгі әлеуметтік желі жазғыштарының айтуына қатты ұқсайды. Депутат ханымның айтқанын сөзбе-сөз келтірейік: «USAID секілді, америкалықтардың өздері мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін мойындайды. Оларды өткеннің қалдығы деп, соғыстан кейінгі идеологиялық күрес үшін жасалғанын айтады. Бүгінде «Азаттық» сайтына кірген кез келген адам бұған айқын көз жеткізе алады. Мұнда жаңа мектеп, жол құрылысы, өткізілген реформалар, қазақстандықтардың жетістіктері туралы ешқандай материал жоқ, тек сын және теріс пікірлер ғана бар».
Адам құқы және «Азаттық»
Мән беретін бір жағдай, елімізде әлдебір ақпарат құралдарының ашылып-жабылып жатқаны бір бұл емес. Жұмысы қай күні басталып, қай күні тәмам болғаны білінбей кетіп жатқандары қаншама. Солардың ішінде басына қара бұлт үйірілген тұста «Азаттыққа» деген ел көзқарасы ерекше екені білінді. Мұнда не сыр бар деп таңданудың да керегі бола қоймас. Тек соны өз сөзімізден гөрі сала сарапшыларының аузымен айтқанды жөн көрдік.
Құқықтық медиа-орталық жетекшісі, заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстан үшін маңызды деген қоғамдық-саяси мәселелерде көптеген медиа бұғып қалып жатқанда тайсалмай хабар тарататын бірден-бір ақпарат құралы – «Азаттық».
«Бір ғана Қаңтар оқиғасын алайық. Заңгер ретінде айтарым, редакцияның өзіне сотқа шағым түсіп жатса да «Азаттық» материалдарының деңгейі жоғары. Ақпараттың негізділігі мен дәлелденген ақпаратты ғана ұстанады. Сол үшін де радионың жұмысы Қазақстан үшін, сөз бостандығы шектелетін, БАҚ-тың басым бөлігі мемлекеттің бақылауында тұратын өзге елдер үшін маңызды», – дейді ол.
Оның пайымынша, «Азаттықты» елдегі шынайы ақпараттың жалғыз көзі деп қарауға келмес. Дегенмен жабылған жағдайда ел үшін жаны ашитын, жалған ақпаратты болдырмау үшін жұмыс істейтін маңызды ақпараттық ресурс пен ұжымнан айырыламыз.
Жалпы елімізде тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдарына қиын. Кәсіби біліктілігін жүзеге асыруға заңдар мүмкіндік бермейді. Құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Ақпаратқа қолы жетпей, сот арқылы қудалауға ұшырайды. Одан бөлек, экономикалық тұрақсыздық та медиаресурстың қаржылық жағдайына кері әсер етіп отыр.
«Азаттықтың» басындағы жағдай бойынша пікір білдірген белгілі журналист, бүгінде медиатренер Жұлдыз Әбділданың сөзінше, «Азаттық» болмаса, Дубайдағы қазақ байларының мүліктерін былай қойғанда, Орталық Азия елдерінің билігі «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген желеумен ұсталғандарды «сындырып», басқаларға қалай сес көрсетіп жатқанын білмей де қалар едік. Шыңжаңдағы қуғын-сүргінді ендігі ұмытып та кетер ме ек. Ресейлік компаниялардың санкцияны айналып өту үшін аймақтағы елдерді қалай пайдаланып жатқаны, Орталық Азия елдерінен шыққан мигранттардың жағдайы мен жай-күйі, Қаңтар құрбандарының кейінгі тағдыры, қарақалпақ белсенділерінің мұң-зарына дейін осында жазылып жатыр.
«Қазір «заң мен тәртіп» дегенді екінің бірі айта салатын болды ғой. Ал сол заң мен тәртіптің сақталуына, адам құқығының қорғалуына дәл «Азаттықтай» ауқымда үлес қосып отырған бірде-бір медиа жоқ. Кейінгі бірнеше жылда IREX ұйымының елдегі медианың жағдайына шолуына эксперт ретінде қатысып келе жатырмын. Сонда «Азаттық» әрқашан бірінші орында. Мұндай дәреже-деңгейге бір күнде жете салған жоқ. Осындай жылдар бойына созылған еңбекті ешкім жоққа шығара алмайды. Үні өшсе екен деп отырғандар пиғылы жаман, қара ниет адамдар деп санаймын. Жабылады екен деп қуанып жатқандар ескертусіз оқ атуды жақтайтын, биліктің тізеге басқан авторитар тәсілін қолдайтын, адам құқығы аяққа тапталып жатса да «менен аулақ» деп отыра беретін жымысқы ойлы жандар деп санаймын», – деп жазды ол.
Айта кетейік, «Азаттық радиосы» Қазақ қызметінің басшысы Төреқұл Дооров қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Қандай қиындықтардан өтіп, шынайы ақпарат, демократия құндылықтарын тарату миссиясында тоталитарлық режимдер қысымын өткергенін, сол елдерде тұрған миллиондаған халық үшін шындықтың жалғыз шамы бола білгенін айта отырып, қазіргі жағдай екіұдай күйге түсіргенін жазды. Дегенмен оның сөзінше нақты шешім қабылданбайынша, радио қызметін жалғастыра бермек.
«Жас Алаш» «Азаттық» редакциясының қызметкерлерімен сөйлесіп көрді. Бірақ редакция қызметкерлері нақты шешім қабылданғанша қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Ербол Тұрымбет
Астана
Источник: Zhasalash.kz