«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры Құрылтай депутаттарына «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты үндеу жасады. Қор құжаттағы бірқатар нормалар редакция тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік бақылауды күшейтеді деп алаңдайды.
Қор заң жобасындағы мемлекеттік органдардың жауабын міндетті түрде таңбалау туралы талапты редакция саясатына тікелей араласу деп бағалайды. Мұндай таңбалау билік жауабына ерекше мәртебе беріп, оқырман оны толық емес немесе даулы болса да, жалғыз шынайы ақпарат ретінде қабылдауы мүмкін, ал тәуелсіз сарапшылардың пікірі екінші орынға ығысады дейді үндеу авторлары.
Олар заңға «мемлекеттік органның ресми ұстанымы» ұғымын енгізу ақпаратты жариялаған тұлғаға қарай ресми және бейресми деп жасанды бөледі деп есепейді. Бұл өзге мамандар пікірінің маңызын төмендетіп, билікке қай хабарды ресми ұстаным ретінде ұсынуды өзі шешуге мүмкіндік береді деп ескерткен құқық қорғаушылар.
«Журналистің міндеті – биліктің келісілген ұстанымдарын ғана тарату емес, ақпаратты тексеру, дереккөздерді салыстыру және әртүрлі көзқарастарды ұсыну», – деп атап көрсетілген үндеуде.
Жобадағы жеке тұлғаның бейнесін пайдалануды шектейтін жаңа норма бойынша адам бұрын ашық жариялаған суреті мен бейнесін пайдалануға тыйым сала алады. Құқық қорғаушылар мұндай шектеу шенеуніктер мен саясаткерлердің қызметіне қатысты журналистік зерттеулерге кедергі келтіріп, жеке өмірді қорғау мен қоғамның ақпарат алу құқығы арасындағы теңгерімді бұзады деп есептейді.
Заң жобасында атауында «қорлау сипатындағы элементтері» бар БАҚ-қа тыйым салу көзделген. Бірақ олардың нақты өлшемшарттары көрсетілмеген. Ұйым өкілдері мұндай белгісіздік атауында сатира не сын бар тәуелсіз басылымды тіркеуден субъективті түрде бас тартуға жол ашатынын айтқан. «Іс жүзінде мемлекеттік орган тәуелсіз басылымның қызметі басталмай тұрып-ақ оның құрылуына ықпал ету мүмкіндігіне ие болады» дейді олар.
Қоғамдық қор заң жобасындағы даулы төрт норманың бәрінде құқықтық тұрғыдан нақты айқындалмаған ережелер барын атап көрсеткен. Құқық қорғаушылар бұл нормалар журналистер арасында өзіндік цензураның таралуына әкелуі мүмкін деп ескерткен.
«Тәуелсіз БАҚ – журналистердің артықшылығы емес, билікке қоғамдық бақылау жүргізудің қажетті шарты. Заңнама қоғамға маңызды ақпаратты жеткізетін адамдарды бақылаудың қосымша тетіктерін қалыптастырмай, қоғамның ақпарат алу құқығын қорғауға тиіс», – дейді «Құқықтық медиа орталық» қоры.
Құрылтай депутаттары әзірге бұл үндеуге байланысты жария пікір білдірген жоқ.
18 қарашада Құрылтай Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеп ұсынған «Онлайн-платформалар туралы» және «Масс-медиа туралы» заңдарға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Министрлік ұсынылып отырған өзгерістер «журналистердің құқығын шектеу я кеңейтуді емес, интернет пен әлеуметтік желілер жылдам дамып жатқан жағдайда ақпарат кеңістігін қорғауды көздейді» деп түсіндірген.
Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» қоғамдық қоры заң жобасы тәуелсіз журналистер мен блогерлердің жұмысына қауіп төндіруі мүмкін деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық Радиосы