«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарына үндеуі

Құрметті депутаттар!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қаралуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қосымша шектеулер енгізетін, редакциялық тәуелсіздікке нұқсан келтіретін және ақпараттық кеңістікті мемлекеттік бақылау мүмкіндіктерін кеңейтетін бірқатар ұсынылып отырған нормаларға қатысты елеулі алаңдаушылық білдіреміз.

Төмендегі нормаларды заң жобасынан алып тастау қажет деп санаймыз.

  1. Мемлекеттік органдардың жауаптарын міндетті түрде таңбалау («Масс-медиа туралы» заңның жаңа 37-1-бабы).

БАҚ-қа мемлекеттік органдардың жауаптарын міндетті түрде таңбалау талабын жүктеу – редакциялық саясатқа тікелей араласу. Іс жүзінде мемлекет редакциялардың алынған ақпаратты қалай рәсімдеп, қалай ұсынуы керектігін айқындау мүмкіндігіне ие болады.

Мұндай таңбалау ақпарат көздері арасында теңсіздік туғызады: мемлекеттік органның жауабына ерекше мәртебе беріледі, ал тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық пікірталастың өзге қатысушыларының пікірлеріне мұндай мәртебе берілмейді. Оның үстіне, мемлекеттік органның жауабы толық болмауы немесе даулы тұжырымдарды қамтуы мүмкін екеніне қарамастан, оқырман оны оқиғаның жалғыз шынайы нұсқасы ретінде қабылдауы ықтимал.

  1. «Мемлекеттік органның ресми ұстанымы» ұғымы («Масс-медиа туралы» заңның 1-бабының 27-2) тармақшасы).

Ұсынылып отырған анықтама мемлекеттік органдардың ақпаратын оны кімнің жариялағанына қарай жасанды түрде ресми және бейресми деп бөледі.

Бұл мамандар мен ведомстволардың өзге де өкілдерінің пікірлерінің маңызын төмендетуге мүмкіндік береді, ақпаратты тексеруді қиындатады және мемлекеттік органдарға өз хабарламаларының қайсысын БАҚ ресми ұстаным ретінде ұсына алатынын іс жүзінде өздері айқындауға жол ашады.

Журналистің міндеті – биліктің келісілген ұстанымдарын ғана тарату емес, ақпаратты тексеру, дереккөздерді салыстыру және әртүрлі көзқарастарды ұсыну.

  1. Жеке тұлғалардың бейнесін пайдалануға қойылатын шектеулер («Масс-медиа туралы» заңның 14-бабының 2-тармағы).

Ұсынылып отырған өзгерістер адамның өз бейнесін бұрын ашық қолжетімділікке өзі жариялағанына қарамастан, оны пайдалануға тыйым салу мүмкіндігін қарастырады.

Бұл журналистік зерттеулер жүргізуге, лауазымды тұлғалардың, саясаткерлердің және өзге де жария тұлғалардың қызметін жариялауға қосымша кедергілер туғызады. Адамның өз бейнесіне қатысты құқығы қоғамдық маңызы бар журналистиканы шектеу құралына айналуы мүмкін.

Жеке өмірді қорғау мен қоғамның жария тұлғалардың қызметі туралы ақпарат алу құқығы арасындағы нақты теңгерімнің болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады.

  1. Атауында «қорлау сипатындағы элементтері» бар БАҚ-қа тыйым салу («Масс-медиа туралы» заңның 22-бабы).

Заң жобасында қандай элементтердің қорлау сипатында болып саналатыны және олардың қандай өлшемшарттар бойынша айқындалатыны көрсетілмеген.

Мұндай құқықтық белгісіздік БАҚ-ты тіркеуден субъективті себептермен бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, атауында сатира, ирония немесе сыни сипаттағы тұжырымдар бар БАҚ-қа қатысты.

Іс жүзінде мемлекеттік орган тәуелсіз басылымның қызметі басталмай тұрып-ақ оның құрылуына ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.

Аталған төрт норманы ортақ мәселе біріктіреді: олардың барлығында құқықтық тұрғыдан нақты айқындалмаған ережелер бар және олар БАҚ қызметіне әкімшілік араласудың қосымша тетіктерін қалыптастырады. Бұл нормалар жиынтығында ақпаратқа мемлекеттік бақылаудың күшеюіне, редакциялық дербестіктің шектелуіне және журналистер арасында өзіндік цензураның таралуына әкелуі мүмкін.

Депутаттарды:

  • Мемлекеттік органдардың жауаптарын міндетті түрде таңбалау талабын және «мемлекеттік органның ресми ұстанымы» ұғымын заң жобасынан алып тастауға;
  • Қоғамдық мүддеге қатысты мәселелерді жариялау кезінде жеке тұлғалардың бейнесін пайдалануға шектеу қойылуына жол бермеуге;
  • БАҚ атаулары мен домендік атауларында «қорлау сипатындағы элементтердің» болмауы туралы талапты құқықтық тұрғыдан нақты айқындалмаған норма ретінде алып тастауға шақырамыз.

Тәуелсіз БАҚ – журналистердің артықшылығы емес, билікке қоғамдық бақылау жүргізудің қажетті шарты. Заңнама қоғамға маңызды ақпаратты жеткізетін адамдарды бақылаудың қосымша тетіктерін қалыптастырмай, қоғамның ақпарат алу құқығын қорғауға тиіс.

Құрметпен, «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры.

Поделиться:

Правовой медиа-центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz