СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ АБСОЛЮТТІ МЕ?
20 December, 2025 - 10:30
СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ АБСОЛЮТТІ МЕ?
Автор: Администратор
610

Сөз бостандығы мен ой еркіндігін әдетте демократияның негізі, тамыры саналады. Бұл дискурсқа сай, сөз бостандығы цензурадан немесе репрессиядан қорықпай пікір білдіру құқығы.

 

Алайда бүгінде түрлі мемлекет бұл құқықты түрліше тәпсірлеп, әртүрлі бақылау тетіктерін қарастырған. Мысалы, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бап бар, ал Еуроодақ дезинформация, өшпенділік тілімен күресті күшейтсе, АҚШ-тың ең ірі миллиардерлерінің бірі Илон Маск қалаған нәрсені еш шектеусіз айту құқығы туралы жиі жазады.

 

Сөз бостандығының шекарасы бар ма, басқа құндылықтарды қорғау үшін қоғам сөз бостандығын шектеуі керек пе? Factcheck.kz редакциясы баяндайды.

 

Қазір халықаралық және қазақстандық бірнеше негізгі заң мен декларация сөз бостандығы, ой еркіндігіне кепілдік береді. Мысалы, 1948 жылғы Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті және Қазақстан республикасының конституциясы.

 

Дей тұрғанмен, бұл құжаттар біз кез келген пікірді еркін айта аламыз дегенді білдіре ме? Бүгінде сөз бостандығы мен ой еркіндігі айтарлықтай қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр және әрбір ел өздігінше шешім тапқысы келеді.

 

ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі кеңсесінің аға заңгер кеңесшісі Антонина Черевконың Factcheck.kz редакциясына берген жауабында пікір білдіру бостандығы адамның негізгі құқықтарының бірі және басқа да көптеген құқық пен еркіндікті жүзеге асырудың шарты, ал теңдік пен адамның қадір-қасиеті адам құқықтарының бүкіл жүйесі негізделетін екі негізгі тұғыры екенін айтады. Мемлекеттер пікір білдіру бостандығын да, теңдік пен кемсітпеу құқығын да қорғауды қамтамасыз ету бойынша оң міндеттемелер алған.

 

Пікір білдіру бостандығы қоғамдағы кейбір адамдар немесе топтар тарапынан “өте қорлайтын” деп бағалануы мүмкін сөздерді де қорғайтынын есте ұстаған жөн.

 

Алайда, пікір білдіру бостандығы, пікір бостандығына қарағанда, абсолютті құқық емес және заңды түрде шектелуі мүмкін. Мұндай шектеулер заңмен қарастырылуы керек және басқа адамдардың құқықтарын немесе беделін құрметтеу үшін немесе ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын немесе адамгершілігін қорғау үшін қажет болуы керек.

 

Антонина Черевко, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі кеңсесінің аға заңгер кеңесшісі

Антонина Черевконың жазуынша, бұл дегеніміз, өшпенділік тілі “басқалардың құқықтарына” теріс әсер етсе, яғни қорғалуы керек адамдардың құқықтарына қатысты болса (мысалы, этникалық шығу тегі, діни наным-сенімі, жынысы, ориентациясы, көші-қон мәртебесі және т.б.), ол заңды түрде шектелуі мүмкін.

 

Оның үстіне, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактының 20-бабына сәйкес, мемлекеттер соғысты насихаттауға және “кемсітушілікке, дұшпандыққа немесе зорлық-зомбылыққа итермелейтін ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікті қолдайтын кез келген әрекетке” тыйым салуға тиіс. Басқаша айтқанда, олар осы салада қажетті заңнама қабылдауға және оны адам құқықтарының стандарттарына сәйкес қолдануға міндетті.

 

Ал Бейбітшілікті қолдау және медиа технологиялар мектебінің директоры Инга Сикорскаяның сөзінше, тепе-теңдікті Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт сияқты халықаралық құжаттармен кепілдендірілген негізгі сөз бостандығы/ой еркіндігі тұрғысынан бағалау қажет (жергілікті заңнамаларда да бекітілген) және мұндай бостандық абсолютті емес екенін түсіну керек, өйткені оны қадір-қасиет, теңдік, қауіпсіздік немесе демократияның өзі сияқты басқа да құқықтар мен мүдделерді қорғау мақсатында шектеуге болады. Пікір білдіру бостандығы, егер оны шектеуге заңды, қажетті негіздер болмаса, қорғалуға тиіс. Ал цифрлық ортада өшпенділік тілімен және жалған ақпаратпен күресу қажеттілігі дәл осының аясында жатыр.

 

Бұл істе цифрлық платформалардың ашықтығы және пайдаланушылардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту өте маңызды. Олар қазірдің өзінде осы мәселелерде айтарлықтай білімді болуы керек.

 

Пікірлердің “рұқсат етілуін” анықтайтын басты критерий – ненің шектелуі мүмкін екені туралы нақты және түсінікті заңнамалық анықтама (кең түсіндірмесіз). Бұл нормативтік актілерде қандай да бір сөз тіркестерінің немесе сөздердің тізімі қажет дегенді білдірмейді, бұл критерийлердің шегін анықтау маңыздылығын көрсетеді.

 

Келесі критерийлер үшін бастапқы негіз “ықтимал зиян мен контекст” болуы мүмкін. Пікірлер заңға қайшы болмаса да, бәрібір зиянды болуы ықтимал. Бұған онлайн-харассмент, айтарлықтай салдары бар немесе зорлық-зомбылықты дәріптейтін жалған ақпарат жатады. Дәл осы жерде контекст шешуші мәнге ие болады.

 

Инга Сикорская, Бейбітшілікті қолдау және медиа технологиялар мектебінің директоры

Еуроодақ “Цифрлық қызметтер туралы заңы” (DSA – Digital Services Act) арқылы онлайн контентті, соның ішінде өшпенділік тілін тиімдірек реттеу үшін заңдарды жаңартып, онлайн заңсыз контентпен күресу саясатын енгізді. ЕО Адамның негізгі құқықтары жөніндегі агенттігінің жазуынша, бұл өзгерістер салыстырмалы түрде жақында пайда болды. 2025 жылдың қаңтарында DSA жаңартылған Мінез-құлық кодексіне+ енгізілді, ол ірі онлайн платформаларды еуропалық және ұлттық заңдарға сәйкес өшпенділік тілін тиімдірек анықтауға, реттеуге және жоюға міндеттейді.

 

Сонымен қатар, адам құқықтарын онлайн кеңістікте қалай жақсы қорғау керектігі, сөз бостандығын қорғай отырып, өшпенділік тілімен қалай күресу қажеттігі және жаңа заңдарды қалай тиімді орындау керектігі туралы сұрақтар әлі де бар.

 

Жалпы тілде «өшпенділік тілі» деп – нәсіл, дін немесе жыныс сияқты туа біткен ерекшеліктеріне негізделген және әлеуметтік бейбітшілікке қауіп төндіруі мүмкін топты немесе жеке адамды нысанаға алатын қорлайтын пікірталас.

 

ЕО-ның “Цифрлық қызметтер туралы заңы” адам құқықтарын (оның ішінде теңдік пен сөз бостандығы құқығын) қорғауды да, сондай-ақ заңды қоғамдық мүдделерді (атап айтқанда, еркін және әділ сайлау процестері мен ұлттық қауіпсіздік сияқты) қамтамасыз етуге бағытталған өзекті реттеу шарасы. Кез келген басқа заңнамалық акті сияқты, оны дұрыс бағалау әрқашан оның практикада қалай қолданылатынына байланысты болады. DSA ережелері ұзақ мерзімді перспективада өшпенділік пен жалған ақпаратқа қарсы күресте жеткілікті тиімді бола ма, жоқ па, бұл заңның үздіксіз және дұрыс қолданылуына байланысты. Оның практикалық әсерін бағалау үшін бізге DSA-ны іске асыру үшін кем дегенде екі жыл қажет болуы мүмкін.

 

Антонина Черевко, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі кеңсесінің аға заңгер кеңесшісі

Инга Сикорскаяның сөзінше, Цифрлық қызметтер туралы заңның ірі платформаларға енгізген орталықтандырылған реттеу моделі, шын мәнінде, өшпенділік тілі мен жалған ақпарат таратудың бірқатар мәселені шешуге қауқары жетеді.

 

Мысалы, егер сіздің контентіңіз немесе тіркелгіңіз өшірілсе немесе бұғатталса, платформалар оның себебін түсіндіруі керек – олар енді сіздің контентіңіздің көрінуін сізге хабарламай шектей алмайды. Егер сіз олардың шешімімен келіспесеңіз, оны платформаның ішкі жүйесі арқылы немесе соттан тыс реттеу органдары арқылы шағымдана аласыз, олар платформалармен дауларды сотқа қарағанда тезірек және арзанырақ шешуге көмектеседі және т.б.

 

Инга Сикорская, Бейбітшілікті қолдау және медиа технологиялар мектебінің директоры

Сөз бостандығы мен ақпарат бостандығын қорғауға және дамытуға бағытталған Article 19 ұйымының жазуынша, адам құқықтары саласындағы халықаралық құқық мемлекеттерге шектеулі және айрықша жағдайларда үш бөлімді тестті сақтау шартымен пікір білдіруді шектеуге мүмкіндік береді. Бұл үшін:

 

заңмен бекітілуі тиіс;

басқа адамдардың құқықтарын құрметтеу сияқты заңды мақсатты көздеуі қажет;

демократиялық қоғамға қажет болуы керек.

Ұйымның жазуынша, кейбір пікір арандатушы және басқаны қорлауы мүмкін, бірақ жоғарыда көрсетілген критерийдің ешқайсысына сай келмесе, мұндай мәлімдеме біржақты түсініктермен сипатталып, төзімсіздік мәселесін көтеруі мүмкін, бірақ олар пікір білдіруді шектейтіндей деңгейге жетпейді.

 

Еуроодақ сөз бостандығы мен ой еркіндігіне байланысты кезігіп отырған тағы бір мәселе — дезинформация. Еурокомиссияның жазуынша, бірқатар елдің ақпаратты бұрмалауы мен араласуы — демократияға елеулі қауіп төндіреді. Бұл адамдардың шешім қабылдауына кедергі келтіру арқылы демократиялық институттар мен процестерді бұзады. Яғни қауымдастықтарды бір-біріне қарсы қою арқылы қоғамды екіге бөлуі мүмкін.

 

Еуроодақ тұрғындарының Еуропалықтардың 79%-і сайлаушыларға жалған ақпарат әсер етеді деп алаңдаса, 81%-і бұрмаланған немесе жалған ақпарат демократия үшін проблема екенімен келіседі.

 

Осыдан болса керек, жақында тарап кеткен ақпаратқа сай, ЕО Ресей мен басқа да авторитар режимдерден келетін дезинформацияға қарсы тұру үшін Демократияға төзімділік орталығын құруды жоспарлап отыр.

 

АҚШ-тағы жағдай мүлде бөлек. “Егер бізде сөз бостандығы болмаса, онда бізде еркін ел де жоқ. Бұл өте қарапайым. Егер осы негізгі құқықты жоғалтып алсақ, қалған құқықтарымыз бен бостандықтарымыз домино сүйектері сияқты бірінен соң бірі құлайды”, – деген Трамп, алғашқы президенттігінің 993 күні ішінде 13 435 жалған немесе жаңылыстыратын мәлімдеме жасап үлгерді.

 

Ал жақында ICFJ (International Center for Journalists) жариялаған зерттеуге сай, Дональд Трамп 2024 жылғы сайлау кезінде этникалық және жергілікті баспасөзде пайда болған жалған ақпараттың негізгі көзі және таратушысы болған. Ұйымның жазуынша, ол АҚШ-тың саяси дискурсындағы жалған ақпараттың негізгі көзі ретінде шетелдік мемлекеттік субъектілердің емес, ішкі саяси күштердің функциясын көрсеткен.

 

Ал Дональд Трамптың екінші президенттігінің басында жақтасы болған Илон Маск болса күмәнді дереккөзден тараған жалған ақпаратты (1, 2, 3, 4, 5) және «өз өндірісіндегі» дезинформацияны үнемі қолдап отырады. Сондықтан, оның өзі де, әлеуметтік желісі Х-та дезинформациямен тығыз байланыста.

 

Инга Сикорскаяның сөзінше, контентті бұлай модерациялаудың мұндай философиясы қауіпті болуы мүмкін.

 

Менің ойымша, мұндай идеяның салдары өшпенділік тілі мен жалған ақпараттың күшеюіне себеп болуы мүмкін. Онлайн пікірталас алаңы тарылып, агрессив дауыстар күшейеді. Сонда біз адам құқықтарының классикалық дилеммасына тап боламыз: біреулер үшін “абсолютті еркіндік” басқалар үшін үнсіздікті білдіреді. Мысалы, модерациясыз осал қауымдастықтардың өкілдері мүлдем көрінбейтін болады, цифрлық шабуылдардан аулақ болу үшін өзін-өзі цензуралайды.

 

Инга Сикорская, Бейбітшілікті қолдау және медиа технологиялар мектебінің директоры

Антонина Черевко болса ешкімге өзінің пікір білдіру бостандығын басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға немесе қоғамның заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге пайдалануға жол берілмейтінін еске салады. Бірде-бір қоғам “пікір білдіру бостандығының абсолютизмі” нәтижесінде үлкен қақтығысқа немесе хаосқа, соның ішінде, мысалы, этникалық тазартуларға немесе саяси зорлық-зомбылыққа ұшырауға мүдделі емес.

 

АҚШ-та және одан тыс жерлерде “еркін идеялар нарығы” тұжырымдамасы әлдеқашан танымал болды. Бұл тұжырымдама “жақсы” және “жаман” пікірлерге рұқсат етілгенімен, “жақсы” пікірлер “жаман” нарративтерден басым түсіп, оларды “қарусыздандырады” дегенді білдіреді. Бұл тұжырымдамаға қатысты айтылған негізгі сыни пікірлердің бірі – ол, шын мәнінде, “құдайлық мейірімділік” түбінде әрқашан “жамандық пен зұлымдықты” жеңеді деген діни (христиандық) идеядан бастау алады. Адамзат тарихынан білетініміздей, іс жүзінде әрдайым олай бола бермейді. Оның үстіне, қазірдің өзінде ірі онлайн-платформалардың бизнес-моделі оқиғаларды фактілерге негіздеп баяндауға емес, керісінше, теріс контентпен өзара әрекеттесуді күшейтуге және ынталандыруға негізделген деп сеніммен айтуға дәлеліміз жетіп артылады.

 

Антонина Черевко, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі кеңсесінің аға заңгер кеңесшісі

Қазақстандағы жағдай жоғарыда мысалға келтірген елдерден ерекшеленеді. Бізде өшпенділік тіліне қатысты Қазақстанда қылмыстық кодексінің әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырды деген айып тағатын 174-бабы қолданылады. Дегенмен сарапшылар оны «‎саясиланған»‎ әрі ауыр баптарының бірі деп атайды.

 

Factcheck.kz редакциясы бұған дейін 174-баптың саяси астары туралы да, сот сараптамалары қаншалықты ашық өтетіні туралы да жазған еді. Көрсетілген сілтемелерге өтіп, мақаланы толығырақ оқи аласыз.

 

Қорытынды

Сөз бостандығы – демократияның іргетасы, бірақ ол өшпенділікті қоздыру немесе өтірікті тарату еркіндігін білдірмейді. Шекара сөз басқа адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қауіп төндіре бастаған жерде басталады. Егер қоғам мен мемлекет сөз бостандығын қорғауға ұмтылса, бірақ сонымен бірге жалған ақпарат пен өшпенділік тіліне қарсы тұрудың ашық және әділ тетіктерін құрса, тепе-теңдік болуы мүмкін. Маңыздысы, тәуелсіз институттар, мықты журналистика мен азаматтардың цифрлық, медиа сауатында деген қорытынды жасауаға болады.

 

Басты беттегі сурет: freepik.com

 

Источник: Factcheck.kz