

2024 жылы қабылданған «Масс-медиа» туралы заңның 26-бабында журналистердің негізігі құқықтарының бірі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өткiзетiн барлық іс-шараға қатысу екені жазылған. Дегенмен көп айтылмайтын жағдайлардың бірі — журналистердің сот процесстеріне қатысуы мен ақпарат тарату құқығы. Кейінгі кезде медиа өкілдері журналистің кәсіби қызметіне кедергі көбейгенін айтады. Бұл жайттар тұрақты тіркелмесе де, жүйелі болмаса да, сезімтал тақырыпқа қатысты сот болар алдында журналистер түрлі кедергіге кезігеді. Factcheck.kz редакциясы сот процесстеріне қатысып жүрген журналистредің құқығы мен сол құқықтың бұзылған кезінде не істеу керек екені туралы талдауды жөн көрді.
Құқық тұрғысынан бәрі дұрыс па?
Құқықтық медиа орталық заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, журналистердің сот процесстеріне қол жеткізу және ақпарат тарату құқығын бірнеше кодекс пен заң реттейді. Олардың қатарында Азаматтық іс жүргізу кодексі (19-бап — Сот талқылауының жариялылығы), Қылмыстық іс жүргізу кодексі (29-бап — Жариялылық), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (21-бап — Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің жариялылығы) және «Масс-медиа» туралы заң мен Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің жариялылық қағидатын сақтау туралы қаулы бар.
Дегенмен Біржанова жариялылық туралы қаулының ескіргенін айту маңызды дейді.
Оны жаңартып, жаңасын қабылдау керек, мәселен, тікелей эфирдегі өз суретіне деген құқыққа қатысты техникалық мәселелер ескерілмейді. Бірнеше жыл бұрын Жоғарғы соттың бастамасымен тіпті жаңа қаулы жобасын дайындауға да қатыстық. Бірақ қандай да бір себептермен бұл мәселе Жоғарғы соттың күн тәртібінен алынып тасталды.
Гүлмира Біржанова, Құқықтық медиа орталық заңгері
Біржанова бұл мәселе қайта қаралады деп сенетінін жеткізді.
Жоғарғы соттың өзі Factcheck.kz сауалына жауап бере отырып, бірден Конституцияның 20-бабына сілтеді. Олардың сөзінше, журналистер сот залынан ақпарат таратуға құқылы, бұл процессті «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң да реттейді екен. Шамасы, Жоғарғы сот өкілдері бұл заң 2024 жылы күшін жойғанын, қазір журналистер «Масс-медиа» туралы заңға сай жұмыс істейтінін білмейді немесе шатасып кетті.
Кейстер: Сарапшы не дейді?
Құқықтық тұрғыдан барлығы дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ жағдай расымен де заңмен және Конституциямен кепілдік берілгендей ме? Мұны түсіну үшін Қазақстандағы даулы сот процесстеріне жиі қатысып жүрген журналист және The Qazaq Times сайтының редакторы Қойшыбек Мүбаракпен сөйлесуді жөн көрдік. Оның айтуынша, кейбір соттарда судьялар ешқандай заңды негізсіз журналистерді залдан күшпен шығарып жібереді. Бұл әсіресе саяси мәні бар істерде жиі қайталанады. Оның сөзінше, әсіресе Қанды Қаңтар оқиғалары бойынша өткен соттарда, белсенділер ісі бойынша өткен істерде мұндай жағдайға көп ұшыраған.
Жақында ғана АЭС ісінде дәл сондай жағдай болды. Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбек бізді қатарынан үш рет сот процесінен күштеп шығарып жіберді. Ол өзінің жүргізіп отырған процесіндегі шалағайлықтар мен кемшіліктерді жұртшылық білмесін деген оймен солай жасаған болса керек.
Қойшыбек Мүбарак, The Qazaq Times сайтының редакторы
Қ. Мүбарак жақында Қонаев қаласында өткен Шерзат ісі бойынша апелляциялық сотқа қатысқан. Сол жерде сот төрағасы Досымбет Қалдарбек бейне жазуға тыйым салып, журналистерді көрші бөлмеге шығарып жіберген. Журналистің пікірінше, бұл әрекеттер соттың «ашық» деген мәртебесіне сай келмейді. Ол Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабына сілтеп, заң атқарушылардың өзі бұл бапты атқарғысы келмейтін кездері көп болады дейді.
Жалпы, мұның бәрі – қоғам үшін ең маңызды сот істерінің жабық түрде өтуіне әкеліп отыр. Ал ақпаратқа шектеу қою – ақиқаттың халыққа жетпеуі деген сөз. Бұл бүгінде біздің билік басындағылардың көп айтатын «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» дегеннің жай ұранға айналып бара жатқанының көрінісі болса керек.
Қойшыбек Мүбарак, The Qazaq Times сайтының редакторы
The Village Қазақстан сайтының шығарушы редакторы Сұлтан Темірхан Қойшыбек Мүбарактың сөзін қолдайды. Оның айтуынша, саяси сезімтал тақырыпқа қатысты сот процесі өтетін кезде журналистердің сот баспасөз хатшыларымен байланысуы қиындап кетеді. Ол мысал ретінде сатира үшін қудалауға ұшыраған Темірлан Еңсебектің соты болар алдындағы қиындықтарды есіне алады.
Журналист ретінде сотқа кіру үшін іс бойынша баспасөз хатшысына жазу керек болды. Мен оларға жаздым, бірақ олар жауап бермеді. Содан кейін мен судьяның өзіне электронды пошта арқылы және сот кеңсесі арқылы қол жеткізуге тырыстым, бірақ сот отырысына 1-2 күн қалса да ешқандай жауап ала алмадық.
Сұлтан Темірхан, The Village Қазақстан шығарушы редакторы
Жоғарғы сот не дейді?
Біз журналистердің мұндай шағымдары туралы Жоғарғы соттың позициясын білгіміз келіп, бірқатар сауал жолдадық. Жоғарғы соттың жазуынша, қазіргі уақытта БАҚ өкілдерінен сот төрелігіне қолжетімділікті шектеу, сондай-ақ, сот отырысы форматының «кенеттен» өзгеруіне қатысты жаппай шағым түсіп жатқан жоқ. Ал сот отырысының ашық немесе жабық болуы туралы мәселені сот талқылауы барысында судья тараптардың өтінішхатын ескере отырып шешеді.
Одан бөлек, Жоғарғы сот Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабына,АПК-нің 19-бабына және ӘРПК-нің 1-бабына сілтеп, барлық сот сатыларында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау ашық екенін айтады. Жариялылықты шектеуге заңмен қорғалатын құпия болған жағдайда ғана жол беріледі.
Жоғарғы соттың жауабына сай, кез келген азамат сияқты БАҚ өкілдерінің де ашық сот отырыстарына қатысуға, істі соттың қарауы туралы ақпаратты алуға және таратуға деген ұмтылысы ешбір сылтаумен шектелмеуі керек.
Құқығым бұзылса, не істеймін?
Гүлмира Біржанованың айтуынша, егер судья сот залынан шығуды талап етсе, ол жерден сабыр сақтап шығып кету керек. Оның сөзінше, сот талқылауы кезінде дауласпаған дұрыс, өйткені судья мұны сот отырысының тәртібін бұзу немесе судьяның бұйрығын орындамау деп қабылдауы мүмкін.
Бірақ менің кеңесім, егер сіз соттағы құқықтарыңыз бұзылды деп есептесеңіз, әрқашан судьяның әрекетіне шағымданыңыз. Бұл жоғары тұрған лауазымды тұлғаға – сот төрағасына шағым беру арқылы жүзеге асады. Шағым еркін түрде беріледі.
Гүлмира Біржанова, Құқықтық медиа орталық заңгері
Одан бөлек, заңгердің сөзінше, Жоғарғы сотта медианы үйлестіруші судьялар бар және оларды сот талқылауының жариялылығына байланысты заң бұзушылықтар туралы хабардар ету маңызды.
Бірақ журналистер жариялылықты шектеу — конституцияның ақпаратты іздеу құқығын бұзу екенін есте ұстауы керек.
Гүлмира Біржанова, Құқықтық медиа орталық заңгері
Ал Жоғарғы сот журналистер ақпарат тарату мен соттың жариялылығы шектелгені туралы шағымданғысы келсе 707-0071@sud.kz электронды поштасына жазуды немесе (7172) 710 071 телефонына хабарласуды сұрайды.
Источник: Factcheck.kz