«ҮНДЕМЕ!»‎: ҚАЙ СӨЗ ҮШІН АЙЫППҰЛ АРҚАЛАП, ҚАЙСЫСЫ ҮШІН АБАҚТЫҒА ЖАБЫЛУЫҢЫЗ МҮМКІН?
28 July, 2025 - 12:02
«ҮНДЕМЕ!»‎: ҚАЙ СӨЗ ҮШІН АЙЫППҰЛ АРҚАЛАП, ҚАЙСЫСЫ ҮШІН АБАҚТЫҒА ЖАБЫЛУЫҢЫЗ МҮМКІН?
Автор: Администратор
220
2025 жылдың мамырында «Шекарасыз тілшілердің» (RSF) жариялаған есебінде картаның қызылға боялғанын көруге болады. Оның ішінде Қазақстан да бар (180 елден 141-орын). Картадағы ол қызыл түс — жағдай «өте ауыр» дегенді білдіреді. Бұл аймақтарда баспасөз бостандығы мүлдем жоқ және журналистикамен айналысу аса қауіпті деген сөз.
 
«Үндеме!»‎: қай сөз үшін айыппұл арқалап, қайсысы үшін абақтыға жабылуыңыз мүмкін?
 
Осы тұста журналистерді қудалаудың тағы бір амалы — қылмыстық не әкімшілік кодекс екенін естен шығармайық. Бірақ бұл баптар тек медиа өкілдеріне қарсы бағытталмауы мүмкін, әрбір әлеуметтік желі қолданушысы қалдырған пікірі мен жаряилаған жазбасы үшін де айыппұл арқалауы немесе түрмеге жабылуы да ықтимал. Factcheck.kz редакциясы «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорындағы әріптестердің материалын көшіріп беріп отыр.
 
Қылмыстық кодекс
131-бап. Қорлау
Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
 
Егер дәл сол іс-әрекет көпшiлiк алдында немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалса – 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
 
375-бап. Қазақстан Республикасы президентiнiң абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау
Қазақстан Республикасының президентiн көпшілік алдында қорлау немесе оның абыройы мен қадiр-қасиетiне өзге де қол сұғу – 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Егер дәл сол іс-әрекет масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру
Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса – 7000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға не 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату
Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
376-бап. Қазақстан Республикасы парламенті депутатының абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау
Қазақстан Республикасы парламентiнiң депутатын оның депутаттық мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты көпшілік алдында қорлау – 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
 
Егер дәл сол іс-әрекет масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалса – 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
378-бап. Билік өкiлiн қорлау
Билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау – 80 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
 
Дәл сол іс-әрекет жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалса – 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Дегенмен ескерерлік жағдай: Билік өкiлiнiң қызметтiк жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
 
411-бап. Қазақстан Республикасы судьяға, прокурорға және тағы басқасына қатысты жала жабу
Iстердiң немесе материалдардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында, сотта қаралуына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясына, судьяға немесе алқабиге қатысты жала жабу – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
419-бап. Көрiнеу жалған сөз жеткiзу
Қылмыстық теріс қылық жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
 
Ал қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу – 4000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
147-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу
Дербес деректердi қорғау жөнiндегi шараларды қолдану мiндетi жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы, егер бұл іс-әрекет адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiрсе – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу (таратуды қоспағанда) нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру – 5000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, адам өзiнiң қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып не электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу арқылы не өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасаған, сол сияқты адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына не кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осындай қызметке кедергі жасау немесе сол үшін кек алу мақсатында осы адамға немесе оның жақындарына қатысты жасалған іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Азаматтық кодекс
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
 
Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
 
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс. Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.
 
Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
 
Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
 
Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
 
145-бап. Өз бейнесiне құқық
Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда – мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
 
Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) – бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға, пайдалануға және таратуға жол берiледi. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
 
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі
73-3-бап. Жала жабу
Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату – жеке тұлғаға 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға 550 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
 
Дәл сол іс-әрекет көпшiлiк алдында немесе масс-медианы немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған – жеке тұлғаға 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға 650 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 25 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
 
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер – жеке тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 25 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға 750 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 30 мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
 
456-2-бап. Жалған ақпарат орналастыру, тарату
Масс-медиада, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректердің интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен жалған ақпарат орналастыру, тарату – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
 
Онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – жеке тұлғаларға – 20, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
 
 
 
 
Источник: Factcheck.kz