Суреттерді түсірген – Махмуд Байходжаев
Алматы қаласында Сот әкімшілігі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі мен Фридрих Эберт қоры бірлесе ұйымдастырған іс-шараға ел аймақтарынан заң саласында жазатын журналистер арнайы шақырылды. Ағартушылық бағытта өрбіген семинарда Масс-медиа туралы қабылданған жаңа заң айналасында туындайтын талап-тілектер, сот пен журналистердің кәсіби байланысы, сот жүйесін жетілдірудің тың бағыттары, авторлық құқық секілді тақырыптар талқыланды.
Құқық тақырыбына қалам тербеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе адам тағдыры талқыға түсетін сот ісін жариялауда мән беретін нәзік мәселе аз емес. Соттағы журналист мінез-құлқының этикалық нормалары, сот шешімдерінен алынған ақпаратты дұрыс пайдалану, объективтілік өз алдына, құрғақ эмоция мен жалған долбарға ерік бермей, нақты әрі сауатты ақпарат тарату тілшінің кәсіби шеберлігінің жемісі. Сол секілді құзырлы орын өкілдері тарапынан орынсыз ескерту алып, сот залында өз құқы шектелмес үшін де журналистерге заң талаптарын бүге-шүгесіне дейін білгені абзал.
Жоғарғы сот судьясы Елена Максюта, судья Айжан Кульбаева, Құқықтық медиа орталығының мамандары Гүлмира Біржанова мен Диана Окремова екі күн бойы сот үдерісінің қыр-сыры туралы әңгімелеп, саладағы тәжірибелерімен бөлісті. Еркін пікір алмасу форматында өткен семинарда сот ісінің көп айтыла бермейтін ерекшеліктері, судьялардың тұлғалық бет-бейнесін қалыптастыру, қылмыстық іске төрелік айтатын қазылардың әр істен кейін кешетін эмоциялық халі туралы тілшілер көкейдегі сауалдарын жолдап, толымды жауап алды. Фридрих Эберт атындағы қордың Астанадағы өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутова құзырлы орындар мен журналистер арасындағы ынтымақтастық байланыстың әлемдік өрісі, бұл бағыттағы дамыған елдер тәжірибесі туралы шолу жасады. Семинардың интерактивті бөлігінде тілшілер қауымы сот қызметкерінің рөлін сомдап, ал судьялар керісінше өздерін бір сәт БАҚ өкілі ретінде сезініп көрді.
«Сот әкімшілігі мұндай мазмұндағы семинар-кеңестер өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл қос тарап үшін де пайдалы. БАҚ өкілдері – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Соттан қорқудың қажеті жоқ. Журналистер бұқараға сот саласының ашықтығын жеткізуі қажет. Халықтың құқықтық сауатын арттыруда кәсіби мамандардың рөлі зор. Журналистер соттың баспасөз қызметімен тікелей байланысты болғаны жөн. Біз судьялар порталы арқылы әрбір келіп түскен сұраққа жауап беріп, БАҚ бетінде жарияланған материалдармен жіті танысып отырамыз. Журналистер ақпараттың шынайылығына көз жеткізуі маңызды. Сотқа сын айту қалыпты құбылысқа айналғандай. Әсіресе блогерлер тарапынан орынсыз сын іздеп, негізсіз жарияланымдар жасайтын тұстар болады. Сот саласын жазудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ақпараттың жылдам жүйткіген дәуірінде кибершабуыл, компьютерлік қылмыс, өзге адамның атынан онлайн несие рәсімдеу секілді алаяқтық фактілері белең алды. Қалам ұстаған қауым халықты мұндай келеңсіздіктерден сақтануға шақыратын материалдарға көбірек назар аударса игі», дейді Елена Максюта.
Семинар барысында авторлық құқық мәселесі кеңінен айтылды. Заңгер Гүлмира Біржанова ғаламтордағы бір ғана фотосуретті сілтемесіз жариялағаны үшін миллиондаған теңге қаржылай шығынға ұшырап жатқан редакциялар барын алға тартты. Мұндай жаймен бетпе-бет келмес үшін, мамандар мұқият болғаны жөн. Себебі өзінің түсірген суретін ғаламторға жариялап, мақсатты түрде сотқа беріп, қаржы талап ететіндер бар.
Іс-шара соңында семинарға қатысқан БАҚ өкілдеріне ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификат тапсырылды.
АЛМАТЫ
Источник: Egemen.kz