20 May, 2024 - 16:34
Гүлмира Біржанова – "Правовой медиа центр" орталығының заңгері, MediaQoldau құқықтық қызмет ұйымының жетекшісі.
Informburo.kz медиазаңгерден журналистерге құқықтық қолдау көрсету қызметі туралы, "Масс медиа" туралы заң жобасына қатысты пікірін сұрап білді.
– Гүлмира Ғабдолқызы, журналистерге құқықтық сауатты үйретіп келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
– Бұйырса, келесі жылы бұл қызметімізге 20 жыл толады. Оған дейін бір жыл "Әділ сөз" ұйымының Солтүстік Қазақстандағы өкілдігі ретінде жұмыс істедік. 17 жылдан бері Астанада еңбек етіп келеміз. 2000 жылдардың басында журналистердің құқығын қорғап, кеңес беретін ұйымдар аз еді. Ол кез емес, тіпті қазірдің өзінде мұндай ұйымдардың саны саусақпен санарлықтай дер едім. "Әділ сөз", Internews Kazakhstan және біздің ұйымымыз журналистерге құқық саласы бойынша қолдау көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, өңірлерде әлі күнге дейін мұндай орталықтар жоқ. Біз мемлекеттік органдарға жақынырақ болу үшін Астанаға көштік. Себебі, жұмысымыздың көп бөлігі заң шығару қызметімен тығыз байланысты. Бүгінде біздің орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен журналистер хабарласып, кеңес ала алады. Өзім 2020 жылдан бері Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте қосымша сабақ бере бастадым. Жас журналистерге құқықтық сауатты үйретемін.
– Дәл қазіргі уақытта журналистерге, студенттерге нақты нені білу өзекті дер едіңіз?
– Осыдан 2-3 жыл бұрын діни және ұлттық алауыздық тудыру тақырыбына акцент қойсақ, қазір авторлық құқық мәселесі, жалған ақпарат тарату мен сот процестері туралы білу маңызды болып тұр. Әр кезеңде әртүрлі тақырып актуал болады. Сондықтан, біз журналистерге ұдайы тренинг өткізіп, оқытып отыруымыз қажет. Біз әрдайым заңға қандай өзгерістер, толықтырулар енгізіліп жатқанын пост етіп жазып, хабардар етіп отырамыз. Журналистерге өзінің құқығы туралы айтып қана қоймай, олардың міндетін де түсіндіреміз. Өйткені, кей кезде журналистердің өзі де заң бұзып жатады. Бишімбаев сотында алқабилерді видеоға түсірген телеарнаның кейсі осыған жақсы мысал бола алады.
Білім беру, тренингтер өткізу – біздің орталықтың бір бағыты ғана. Екінші бағытымыз – біз он жылдан астам уақыттан бері Парламентпен, министрліктермен заң шығару бағытында жұмыс істеп келеміз. Яғни, заң жобасына қатысты өзіміздің ұсыныс, пікірлерімізді талқылап, жазып ұсынамыз. Мәселен, қазір "Масс медиа" туралы заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Біз осы заң жобасының жұмыс тобында бармыз.
Орталығымыздың үшінші бағыты – сот кезіндегі қолдау және кеңес беру. Соңғы кезде журналистерді сотқа беру оқиғалары көбейіп кеткенін жақсы білесіз. Осы жыл ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеудің сотынан басталды. Біз осы Асқарға, сосын Жәмила Маричева, Асхат Ниязовтарға құқықтық және ақпараттық қолдау көрсеттік. Қорғаушыларды шақырып, арнайы брифингтер өткіземіз. Орталығымыз осындай үш үлкен бағытта жұмыс істейді.
– Сіздің негізгі мамандығыңыз заңгер екен. Өзіңізді біраз жылдан бері медиазаңгер деп таныстырып жүрсіз. Медиа саласына қалай тап болдыңыз?
– Қазақстанда медиазаңгер деген мамандық жоқ, еш жерде оқытылмайды. Бірінші мамандығым – мұғалім, екінші мамандығым бойынша заңгермін. "Әділ сөз" ұйымы құрылған кезде олар Қостанай аймағынан заңгер іздеп жатқанын естіп бардым. Осылайша, медиазаңгер боп жұмыс істей бастадым. 22 жыл бұрын мен медиа саласына қатысты заңнан мүлдем бейхабар жан едім. Ал қазір осы саламен, журналистерге қатысты процестермен тығыз жұмыс істеймін. Өкінішке қарай, Қазақстанда медиазаңгерлер жоқтың қасы деуге болады. Редакцияларда отырған заңгерлер көбіне әкімшілік жұмыстармен айналысады. Сол себепті, біз қазір медиа саласындағы заңгерлерді насихаттауға көп күш салып жатырмыз. Көбіне заңгерлікті бітірген жастар газ, мұнай секілді жалақысы көбірек, тәуекелі азырақ салаларға барғысы келеді. Ал біз осындай қорда жұмыс істеп отырғандықтан, кей кезде тәуекелге бас тігіп жұмыс істейтін кезіміз болады.
– Жұмысыңызды қауіпті деп айта аласыз ба?
– Қатты бір қауіп бар деп айта алмаймын. Дегенмен де, бізді оппозиция сияқты қабылдайтын жандар кездеседі. Кейде "журналистердің құқығын қорғадың, демек сен мемлекетке қарсы шығып тұрсың" дегендей бір көзқарасты байқаймын. Бұл – жаңсақ пікір. Біз журналистерді ҚР Ата заңына 20-бабына сүйене отырып қорғаймыз. Өзім үкіметпен тығыз жұмыс істеймін. "Масс медиа" туралы заң жобасының жұмыс тобының мүшесімін. Мемлекеттік органдармен жұмыс істемесең, олармен диалог құра алмайсың. Өзіміздің позициямызды айтпай, ұсыныс, пікірімізді ортаға салмай, "сөз бостандығы бұзылып жатыр" деп құр айқайлағаннан ештеңе шықпайды. Біздің ұйымымыз негізінен осындай құқықтық әдістерге жүгінеді. заң шығару қызметін жақсарту үшін, заңға өзгеріс енгізу үшін өз пікірімізді айтамыз, ұсынамыз.
– "Масс медиа" туралы заң жобасының жұмыс тобында екеніңізді айттыңыз. Сіздердің қандай ұсыныстарыңыз қаралып жатыр?
– Бұл өзі бұрыннан бар ескі заң ғой. Тек соның кейбір жеріне өзгерістер енгізіп жатырмыз. Енгізілген өзгерістер журналистердің жағдайын жақсартады деп ойламаймын. Бәрін бірдей жоққа шығаруға болмас, өзгерістердің арасында пайдалысы да бар. Мысалы, талап қою мерзімі бір жылға дейін қысқарғалы жатыр. Бірақ, жалпы алғанда бұл аздық етеді дер едім. Медиа саласына жаңа заң қажет деп санаймын.
Біз заң жобасының жұмыс тобында бірінші күннен бастап жұмыс істеп келеміз.
Басынан бастап айтып келе жатқан мәселеміз – журналист мамандығының құқықтық қауіпсіздік кепілдігінің жоқтығы. "Масс медиа" туралы заңда журналистерді күнделікті жұмыс барысында қорғайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірде-бір бап жоқ.
Жер сілкінісі, Қаңтар қырғыны сияқты қиын-қыстау кездерде болмаса, күнделікті жұмыс барысында ғимаратқа кіргізбей, қуып шығып, камераны, фотоаппаратыңызды сындырып жатқан жағдайларда сіздерді ешқандай бап қорғамайды. Біз заң журналистер күн сайын бетпе-бет келетін осындай мәселелерді шешсе деп ұсыныс жасадық. Қазір заң жобасы талқыланып жатыр, қалай боларын көре жатармыз.
– Сіз журналистің жұмысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы айтып отырсыз ғой?
– Иә, бірақ бұл жерде абайлайтын бір нәрсе бар. ҚР Қылмыстық кодексінде журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау туралы 158-бап бар. Бірақ, ол мүлдем жұмыс істемейді. 158-баппен жауапкершілікке тарту үшін ол жерде журналист соққыға жығылып, қатты зардап шегуі керек шығар. Сол себепті, осы күнге дейін отандық журналистика тарихында осы баппен қаралған аз ғана кейс бар. Біз қылмыстық кодекстегі осы 158-бапты қалдыра отырып, одан бөлек, журналистердің күнделікті жұмысына кедергі келтіргені үшін жазаға тартатын тағы бір әкімшілік жауапкершілік қарастырылуын қалаймыз. Мәселен, сізді әкімдіктен қуып шықты делік. Сізді сол жерден қуғаны үшін ешкім жауапқа тартылмайды ғой. Өйткені, бұл жағдай 158-баппен қарастыруға келмейді, әкімшілік жауапкершілік керек деп отырғаным сондықтан. Бұл жерде құқық бұзушылық түрі әртүрлі болғандықтан, оған қолданылатын жауапкершілік те әртүрлі деңгейде болуы тиіс. Қазір біз жұмыс тобында ұсынып отырған басты ұсыныстардың бірі – осы.
– Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов "Масс-медиа туралы" заңға БАҚ-та ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйым салатын түзетулер ұсынғаны туралы не дейсіз? Бұл да сөз бостандығын шектеудің бір түрі емес пе?
– Бұл екі депутат осы ұсынысын "Масс медиа" туралы заң жобасына ғана емес, сонымен қатар оны Қылмыстық кодекске де енгізуді ұсынды. Бірақ, бұл ұсыныстар қабылданған жоқ. Меніңше, қазір бізге мұндай тақырыптардан гөрі елдің ақпараттық қауіпсіздігін ойлаған маңыздырақ сияқты.
Елдегі журналистер өзге елдердің пропагандасына төтеп беруі үшін олардың мықты, тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті маман болуына барынша жағдай жасаған дұрыс. Мемлекет журналистерді өзінің ақпараттық соғыстағы жақтасы, көмекшісі ретінде көруі қажет. Ел басына қиын күн туа қалған жағдайда біздің ақпараттық алаңымыз соған төтеп бере алатындай қауқарлы болуы тиіс.
"Масс медиа" туралы заң жобасындағы журналистердің ақпарат алу құқығы туралы өзгеріске келейік. Бұрын ақпарат алу мерзімі 7 күн болса, қазір ол 5 күнге дейін қысқарды. Жұмыс тобында біз оны 5 күн емес, 3 күнге дейін қысқартуды ұсындық. Себебі, журналистер ресми жауапты күтіп отырғанда, желіде жалған ақпарат тарап кетеді. Сол үшін журналистерге лайықты жағдай жасалуы керек. Журналистер ақпаратты барынша жедел таратуы тиіс.
Жалпы алғанда, қазіргі кезде журналистердің жұмыс істеуі қиындай түсті дер едім. Бұл нақты немен байланысты екенін білмеймін. Таяуда маған Батыс Қазақстан облысынан журналистер хабарласып, су тасқыны туралы бейнематериал жасамауға бұйрық түскені туралы айтты. Бұл дегеніңіз ҚР Ата заңына сүйенсек, нағыз құқық бұзушылық қой. Заң журналистерді қолдап, қорғаудан гөрі, реттеуші рөлін көбірек атқарып отыр.
Одан бөлек, соңғы кезде журналистерді сотқа беру мысалдары көбейді. Мен ұзақ жылдар бойы заңгер боп істеп келе жатырмын. "Әрқашан журналистердің айтқаны жүз пайыз дұрыс" деп те айта алмаймын. Кейде олардың да қызметін асыра пайдаланып жататын кезі болады. Алдағы уақытта жағдай өзгеретін шығар деп үміттенемін.
– Кей тілшілердің журналист әрі блогшы болып жүргеніне қалай қарайсыз?
– Мен бұл тенденцияға жақсы қараймын. Себебі, мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істейтін тілшілерге кей тақырыпты жазу табу болғандықтан, олар өзінің ойын, жеке позициясын білдіре алмауы мүмкін. Сондайда ол өзінің пікірін блогшы ретінде әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазады. Мұның еш сөлекеті жоқ.
Ал, журналистің журналист әрі қоғам белсендісі болуына кішкене қарсылығым бар. Себебі, журналистика мен азаматтық белсенділік – екеуі екі бөлек нәрсе. Журналист қызмет барысында нейтрал пікірін сақтайды, субъектив ойын қоғамға таңбайды, бірнеше тараптан пікір алады. Ал, қоғам белсендісінің өз пікірі бар және ол сол пікірін көпшілікке таратады. Ал бұл журналистика емес. Сондықтан, журналистің қоғам белсендісі ретінде өз идеяларын таратқаны кішкене орынсыз нәрсе деп білемін.
– Cіз АҚШ-қа халықаралық көшбасшылық бағдарламасымен (IVLP) барған екенсіз. Сол сапарыңыз туралы айтып беріңізші.
– Бұл бағдарламаға медиасарапшы, заңгер, қорғаушылардан тұратын он шақты адам бардық. Басты мақсатымыз америкалық сөз бостандығы жүйесін түсіну болды. АҚШ-тағы мемлекеттік органдар қалай жұмыс істейтінін, жоғары оқу орындарындағы сабақ беру процесін көргіміз келді. Бізге олардың журналистік зерттеулері қалай қалай жасалатыны қызық болды. АҚШ-тың сот жүйесімен танысу үшін арнайы прокуратураға бардық.
АҚШ сапары. Сурет Гүлмира Біржанованың жеке мұрағатынан алынды
Ол жаққа барған кезде бізді интернеттің бұғатталуы деген мәселе мазалап жүрген еді. Сол себепті, бізді қарсы алған тараптан АҚШ-тағы контентті бұғаттау мәселесі туралы сұрадық. Сонымен қатар, біз көптеген қорғаушылармен кездесіп, олардың журналистер құқығын қалай қорғайтыны туралы ақпаратқа қанықтық. Осылайша, біз сөз бостандығы саласында кішкене де болса әлемдік стандартқа сай болуға талпыныс жасадық. Бұл сапар менің көкжиегімді кеңейтті. Кейбір мәселелерге басқа қырынан қарауды үйрендім. Басқа елдерге барып, халықаралық тәжірибе жинау – өте жақсы мүмкіндік. IVLP бағдарламасымен алуан түрлі саланың өкілдері барып, тәжірибе алмасып келетіні ұнайды.
Өзім үнемі айтып жүретін бір нәрсе бар: Қазақстан АҚШ, Еуропа елдері не басқа да мемлекетпен теңесем деп талпынуға міндетті емес. Әр елдің жақсы жағын алып, үйреніп, өз жолымызбен жүрсек болғаны. Бізге бағыт-бағдар беретін Ата заңымыз бар. Сонда жазылған нәрселерді бұлжытпай орындасақ та жеткілікті.
– Әлгінде университетте сабақ беретініңіз туралы айтып қалдыңыз. Сабақ барысында қандай әдістер қолданасыз? Сіз практик маман болғандықтан, дәрістер де еркін форматта өтетін болар?
– Иә, сабақтарым еркін өтеді. Студенттерге тапсырманы аралас түрде беремін. Бір күні презентация жасасақ, бір күні арнайы қонақ шақырып, дәріс өткіземіз. Студенттерім дәріске қонақ ретінде белгілі сот, қорғаушы не журналистерді шақырсам, көздері жайнап кетеді. Осыдан 23 жыл бұрын өзімнің карьерамды оқытушылықтан бастаған едім. Салыстырып қарасам, қазіргі сабақ беру әдісі мен ол кездегі дәрістердің арасы жер мен көктей. Қазіргі студенттерге академиялық еркіндік көбірек берілетіні ұнайды.
– MediaQoldau құқықтық қызмет ұйымына журналистер қандай кезде хабарласа алады?
– Журналистерді полиция учаскесіне шақырылып жатса, әлдебір тарап сотқа беріп жатса, өзінің кәсіби қызметіне, жазған материалына байланысты құқығы бұзылып жатса, біздің ұйымға хабарласа алады. Оларға қазақ және орыс тілдерінде толыққанды кеңес беруге тырысамыз. Қазақстанның барлық өңірінен хабарласқан тілшілерге тегін құқықтық қолдау көрсетеміз, қорғаушылармен жұмыс істейміз. Дәл қазір біз екі сот кейсімен жұмыс істеп жатырмыз. Бірі қазақ тіліндегі сайттың мәселесі болса, екіншісі – мемлекеттік тапсырыстарды зерттейтін журналистің соты.
Жалпы, MediaQoldau құқықтық қызмет ұйымын осыдан бір жыл бұрын журналистерге сот кезінде қолдау көрсету үшін құрдық. Бізге тілшілер қауымы сот кезінде ғана емес, материалын жазу барысында көңілінде "осы үшін жауапкершілікке тартылуым мүмкін бе?" дегендей бір күдік туса да хабарласып, кеңесе алады. Құқықтық сауатқа қатысты кез келген сұраққа жауап беруге тырысамыз. Бір жыл ішінде шамамен 300-ден астам адамға кеңес бердік. Яғни, бұл дегеніңіз – шамамен күн сайын бір журналист хабарласады деген сөз. Сол себепті мен қазір соттарға бармаймын, тек тілшілерге кеңес берумен айналысамын.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz