ЕРКІН БАСПАСӨЗ – ЕРКІН ЕЛ
3 May, 2024 - 16:34
ЕРКІН БАСПАСӨЗ – ЕРКІН ЕЛ
Автор: Администратор
164
ЕРКІН БАСПАСӨЗ – ЕРКІН ЕЛ
 
Бүгін – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні. Құқықтық медиа орталығы Қазақстанның медиа саласындағы жағдайға аса алаңдаушылық білдіреді. Біз барлық мүдделі тараптарды жиілеп кеткен журналистерді қудалау фактілеріне, сондай-ақ кезекті бақылау құжатына айналатын Масс-медиа туралы заң жобасына назар аударуға шақырамыз.
Президенттің сөз бостандығын қорғау және медианы қолдау саясатына қарамастан, жыл басталғалы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдары өкілдерінің бастамасымен журналистерге қатысты сот процестері тыйылмай тұр. Оның үстіне олар қасақана және ұзаққа созылған қудалау сипатына ие.
 
Бірнеше  мысал келтірейік. Өткен жылы Шымкент полициясының басшысы журналист Марина Низовкинаны жала жапты деп айыптады. Бірінші сот оны ақтап, екінші сот оны кінәлі деп тауып, 180 АЕК (620 мың теңге) айыппұл салды. Жуырда Низовкинаның үстінен бағы бір талап арыз түсті. Бұл жерде біз журналисті қорқыту немесе оның қызметіне кедергі келтіру мақсатында қасақана стратегиялық қудалаудың белгілерін көреміз. 
 
Ақпарат және мәдениет министрлігі журналист Асхат Ниязовтың үстінен жала жабу бойынша іс қозғатты. Ниязов жасаған «қылмыс» Pro Tenge телеграм арнасының Азаттық радиосын қолдауға арналған (СІМ тарапынан аккредитациядан бас тарту туралы) постын бөлісуі еді. Жақында оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс қысқартылды. Дегенмен, бұл тәжірибе мұндай істерге мұрындық болған Ақпарат министрлігі қызметкерлерінің кәсібилігіне алаңдаушылық пен күмән тудырады.
 
Сыртқы істер министрлігінің «Азаттық» радиосы журналистерін аккредиттеуден бас тартуына қатысты сот процесі бірнеше айға жалғасты.     Шетелдік медиа ақпарат алу мен таратуға заңды құқығы үшін күресіп,  тараптар бітімгершілік келісімге келді.  Масс-медиа туралы жаңа заңның қабылдануы аккредиттеуден бас тарту нормасы теріс пайдаланылып, Қазақстандағы сөз бостандығына елеулі кері әсер етуі мүмкін деп есептейміз.
 
Журналист Данияр Әділбеков «көрінеу жалған ақпарат жеткізу» деген айып тағылып, бір айдан астам уақыт бойы уақытша ұстау изоляторында отыр.  Кейін ол бапты  «жалған ақпарат тарату» бабымен алмастырған еді, қазіргі күні бастапқы бапқа қайта өзгертті. Ауыр айып тағылғанымен, журналист қоғамға қауіп төндірмейді. Сондықтан оны уақытша ұстау изоляторында ұстау демократиялық қоғамда қабылданбайтын және журналистер үрейін арттыратын шамадан тыс және пропорционалды емес шара деп есептейміз.
 
Журналист Думан Мұхаметкәрімге қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оған экстремизмді қаржыландырды және тыйым салынған ұйымға қатысы бар деген айып тағылды. Процесс жабық форматта өтіп жүр, бұл көптеген сұрақ туғызады және не болып жатқанын бағамдауға мүмкіндік берер емес.
 
   Сәуір айында ProTenge арнасының негізін қалаушы Жәмиля Маричеваны жүгіріп жүрген жерінен полицейлер тоқтатып, Бостандық аудандық басқармасына жеткізген. Билік өкілдері мұның себебін ProTenge басылымының Азаттық басылымын қолдау мақсатында жазған жазбасымен байланысты деп түсіндірді. Маричеваға жалған ақпарат таратта деген айып тағылып отыр. Жазба сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нысанасына айналып, іс әкімшілік сотқа жіберілді.
  
Өткен жылдың соңынан бері бірқатар қазақстандық желілік медиа кибершабуылға ұшырады. Олардың қатарында Kursiv.Media, ProTenge, Inbusiness.kz, KazTAG, Nege.kz, Lsm.kz, Shishkin_like Telegram арнасы бар. Медиа қызметкерлерінің айтуынша, шабуылдар саяси сипатта және ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзады.
 
Осы жағдайлардың барлығы мемлекеттік органдардың журналистердің аузын жабуға, олардың кәсіби қызметіне араласуға және қоғамды маңызды және объективті ақпарат алудан айыруға ұмтылысын көрсетеді. Журналистер өз материалдарында мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық пен  қызметтік міндетін адал атқару мәселелерін көтереді, мұны тек сын ретінде қарастыруға болады. Бірақ мемлекеттік органдар әкімшілік ресурстарды пайдалана отырып, осындай материалдардан заң бұзушылықтарды іздейді. Біз мұны олардың сөз және ақпарат бостандығы құқығынан заңсыз айыру деп есептейміз.
 
Қазіргі таңда Сенатта қаралып жатқан масс-медиа туралы заң жобасын да атап өткен жөн. Журналист жазған материалдың ескiру мерзiмi және баспасөз картасын алып тастау туралы бiрнеше прогрессивті өзгерістен басқа құжатта ешқандай  жаңа баптар жоқ. Бұл медианы бақылауға арналған, бірақ олардың қауіпсіздігіне, кәсіби құқықтарын  мен сөз бостандығын қорғауға қандай да бір жолмен жауапты емес, бақылаушы және қауіп төндіретін заң. Өкінішке қарай, заң жобасының мәтіні сөз бостандығы саласы бойынша халықаралық стандарттарға сай емес және цензураны күшейтуге бағытталған. 
Еске салайық, Қазақстан сөз бостандығын дамытуға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды халықаралық құжаттарға қол қойған, ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі. Бұл демократиялық реформаларды өз еркімізбен жүзеге асырып, оны жан-жақты қолдауға бел байлағанымызды білдіреді. Бірақ іс жүзінде біз журналистердің тұтқындалуы, сот процестері және авторитарлық мемлекеттің басқа да атрибуттары бар тұрақты кері қозғалысты байқаймыз. Бұл – Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді бұзуы.
Қорытындылай келе айтарымыз, «Шекарасыз тілшілер» рейтингінде Қазақстан соңғы жылы 180 мемлекет ішінде 134-орыннан 142-орынға жылжып, жағдайын нашарлатты, «Баспасөз еркіндігі индексінде» «еркін емес ел» көрсеткішіне ие болды.
Жоғарыда айтылғандар негізінде:
- Қазақстан билігін  журналистерді қудалауды тоқтатып, масс-медиа туралы заң жобасын демократияландыруға;
- журналистік қоғамдастықты  өздерінің кәсіби құқықтарын қорғау және оларды сақтау үшін бірігуге;
- азаматтық қоғамды  сөз бостандығын қорғау және ақпарат алу саласында репрессиялар мен кері кетудің алдын алу үшін медианы қорғау бойынша күш-жігерін қолдауға шақырамыз.