13 ақпанда Atameken Business телеарнасындағы тікелей эфирде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов сарапшылармен пікірталас кезінде «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануын жақтап, бірнеше аргумент келтірді. Factcheck.kz редакциясы вице-министрдің сөзін фактілермен салыстырып көрді.
«Ерекше жағдайлардағы» жұмыс, баспасөз картасын енгізу және БАҚ сенімі туралы
Мәлімдеме: Әдеттегі жағдайда немесе әлеуметтік мәселе кезінде, бірқатар қаладағы коммуналдық мәселе туралы ақпарат таратпас бұрын келісім алу керек деген нәрсе жоқ. Мұндай келісім тәртібі, яғни цензура мүлдем жоқ. Біз журналистің негізгі принциптерін, яғни сенімді ақпарат таратуды басшылыққа аламыз. Келісім тек күштік операциялар жүргізетін кезде қажет. Егер елде немесе өңірде ТЖ (төтенше жағдай) жарияланса, журналист редакция тапсырмасын орындайтын ерекше жағдайларда ақпараттық хабарламаны лауазымды тұлғаларға көрсетіп, келіседі.
Қанат Ысқақовтың Atameken Business эфирінде айтқаны (тайм-код 10:43)
Үкім: Манипуляция
Вице-министр күштік операциялар кезінде ғана тарататын ақпарат келісіледі дейді, бірақ заң жобасына сәйкес, «ерекше жағдайлар» дегеніміз — «шекаралық қарулы қақтығыстар кезінде, терроризмге қарсы операциялар жүргізу аймағында, ұрыс қимылдарын жүргізу аудандарында және соғыс уақытында, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында қызмет ету жағдайлары».
«Төтенше жағдай туралы» заңға сәйкес, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай – адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан әлеуметтік қатынастар саласындағы белгілі бір аумақта қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдай. Қысқаша айтқанда, ерекше жағдайға салдарынан бірнеше жол жабылатын шартты қарсылық маршын да жатқызуға болады.
Сондай-ақ мәселе келісіммен бітпейді. Мысалы, ерекше жағдайдағы жұмыстың орындалуын реттейтін 26-баптың 1-тармағында мұндай жұмыстың тәртібін Ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарымен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайтыны айтылған. Ерекше жағдайлардағы жұмысқа, 2-тармаққа сәйкес, жоғарыда аталған органдармен келісім бойынша АҚДМ айқындайтын тәртіппен қайтадан кәсіптік даярлықтан өткен немесе біліктілігін арттырған журналистер жіберіледі. 3-тармақ журналист ерекше жағдайдағы редакция тапсырмасын орындауға ұлттық қауіпсіздік органы немесе жоғарыда аталған басқа органдардың лауазымды тұлғасының рұқсатымен жіберіледі деп толықтырылған.
26-бап 4-тармақтан түсінгеніміз, лауазымды тұлғалармен келісімнен бөлек, ерекше жағдайда жұмыс істейтін журналистер өздеріне бекітілген лауазымды тұлғалардың нұсқауын сақтауы керек. 26-бап 5-тармаққа сәйкес, ерекше жағдайларда жұмыс істейтін журналистерге «Қазақстан Республикасының қоғамдық тәртібі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіретін күштік ведомстволардың беделін түсіретін», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының қоғамдық тәртібі мен қорғанысын қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік органдарға зиян келтіруі мүмкін тактика, нысандар, әдістер, құрамдар, бөлімшелердің орналасуы және ақпарат туралы ақпаратты таратуға тыйым салынады». Мемлекеттік органдардың беделін қандай ақпарат түсіретінін кім анықтайтыны белгісіз. Дегенмен, тәжірибеге сүйеніп, мұны мемлекеттік органдардың өзі істейді деп болжай аламыз.
Ал 6-тармақта «Жағдай аса күрделенген болса, журналистердің өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе журналистердің іс-әрекеттері арнаулы органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі мүмкін жағдайларда ерекше жағдайларда қызмет жүргізуден бас тартуға немесе тыйым салуға құқылы» делінген.
Қорытындыласақ, баптың түсіндірілуі кең болғандықтан, журналистер кез келген оқиға туралы, митиңнен бастап табиғи катаклизмге дейін ақпарат тарату үшін келісім алуы міндеттелуі мүмкін.
Мәлімдеме: Егер журналист пресс-карта жасатқысы келмесе оның қызметіне шектеу қойылмайды. Ол мемлекеттік органдар ұйымдастырған іс-шараларға кедергісіз кіре алады. Ол үшін ескі тәсілмен аккредиттеуден өтуі керек.
Қанат Ысқақовтың Atameken Business эфирінде айтқаны (тайм-код 37:05)
Үкім: Жалған
Заң журналистерге пресс-карта алуды міндеттемейді, бірақ картасы жоқ журналистердің жұмысына кедергі келтіреді.
27-баптың 1-тармағында «Заң шығарушы, атқарушы және сот мемлекеттік органдары журналисті белгілеу процедурасын және оның өкілеттіктерін тануды баспасөз картасы арқылы қолдана алады» делінген. Бұл жоғарыда аты аталған органдарға пресс-картасы жоқ журналистердің мүмкіндігін шектеуіне жол береді. 30-баптың 3-тармағында баспасөз картасын алған журналистің құқығы туралы айтылғанда мәдени-бұқаралық іс-шараларға және біліктілікті арттыру шеңберінде өтеусіз оқу құқығынан бөлек, уәкілетті орган (яғни, АҚДМ – ред.) айқындайтын «өзге де құқықтар» туралы сөз қозғалады. Мұндай анық емес сөз құрылымы баспасөзді бақылауға қолайлы тетік бола алады.
Оған қоса пресс-картаны кез келген журналист ала алмайды. Оны алу үшін соған сәйкес мамандықта немесе ұқсас мамандықта оқыған дипломы мен БАҚ-та кемінде үш жыл тәжірибесі болу керек я мұндай диплом болмаған жағдайда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Журналист сотталмаған болуы шарт және БАҚ-пен еңбек не басқа келісімшарт жасасуы керек. Өтілі аз журналистердің, азаматтық журналистер мен қандай да бір редакцияның құрамына кірмейтін кәсіби мамандардың не істейтіні туралы заңда ештеңе айтылмаған.
Сондай-ақ баспасөз картасын беруден бас тартуға «бұқаралық ақпарат құралының есепке қойылған мерзімді баспасөз басылымдарының, ақпарат агенттіктерінің, желілік басылымдардың, теле-, радиоарналардың тізілімінде болмауы» себеп бола алады. Осылайша, түрлі себептермен реестрге енбеген бірқатар тәуелсіз желілік басылым (мәселен, Factcheck.kz) ескерілмейді.
Жоғарыдағы талаптардың бәріне сай келетін және баспасөз картасын алған журналист, заң бойынша, одан айырылып қалуы да мүмкін. Оның себептерінің бірі – «бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы қабылдаған кәсіби этика (этикалық мінез-құлық) нормаларын бұзу». Яғни, әңгіме журналистің этикалық әрекетіне қатысты бірыңғай кодекс туралы емес, редакциясына қарай өзгеретін, сол БАҚ-тың басшылығына байланысты ереже туралы болып отыр.
Баспасөз картасын қайтарып алуға тағы бір негіз болатын нәрсе – қылмыстық құқықбұзушылық жасау. Заң жобасында қылмыстық кодекстің нақты баптары жазылмаған. Яғни, әңгіме жалпы қылмыстық құқықбұзушылық туралы болып отыр. Мәселен, журналист жол-көлік оқиғасына айыпты деп танылса да баспасөз картасынан айырылуы мүмкін.
Мәлімдеме: Біз қоғам пікірін білу үшін бірнеше сауалнама жүргіземіз: тұрғындар ақпаратты қайдан алады және азаматтарымыз БАҚ-қа сене ме? Кейінгі деректер бойынша, БАҚ-қа сенім дәрежесі — 68%.
Қанат Ысқақовтың Atameken Business эфирінде айтқаны (тайм-код 41:37)
Үкім: Дәлелденбеген
Вице-министр нақты қай «бірнеше қоғамдық пікір сауалнамасы» туралы айтып жатқанын және оның нәтижесін қайдан табуға болатынын нақтыламағаннан кейін мәлімдемені «дәлелденбеген» деп қалдырамыз. БАҚ-тың сенім дәрежесі Ысқақов айтқан сандарға жуықтайтын ашық деректердегі сауалнаманы «Қазақстандағы Internews» жүргізген. Оның нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 33,9%-і мемлекеттік те, жекеменшік БАҚ-қа да сенбейді, ал респонденттердің 61,3%-і осы ақпарат көздерінің кемінде біреуіне сенеді.
61,3%-тің көп бөлігі мемлекеттік БАҚ-қа сенетін болып шықты (51,9 %). Жекеменшікке респонденттердің тек 9,4%-і ғана сенім артады. Ал 4,8%-і жауап беруге қиналған.
Орталық медиаға сенім аймақтыққа қарағанда көбірек: респонденттердің 36,4%-і орталық медиаға, ал 20%-і аймақтық басылымға сенеді. Сауалнамаға қатысқандардың 43,6%-і ешқандай басылымға сенбейді немесе жауап беруге қиналады. Респонденттер Ресей мен басқа да шетелдік медиаға қарағанда қазақстандық басылымдарға көбірек сенеді. Топ-3 танымал қазақстандық телеарна: КТК, 31-арна, Хабар. Шетелдік телеарналар ішінде Еуразия бірінші арнасы (ОРТ), НТВ, Discovery көш бастап тұр.
Мәлімдеме: Заң жобасының БАҚ ретінде тіркелмеген әлеуметтік желі қолданушыларына, интернет желісін қолданатындарға қатысы жоқ.
Қанат Ысқақовтың Atameken Business эфирінде айтқаны (тайм-код 45:36)
Үкім: Дәлелденбеген
Эфир кезінде Ысқақов Ақпарат министрлігі БАҚ ретінде тіркелмеген блогерлер мен интернет-ресурстардың жұмысын реттейтін бөлек заң дайындап жатқанын хабарлады. Дегенмен «Масс-медиа туралы» заң жобасына сәйкес, масс-медиа ұғымының аясына «бұқаралық ақпарат құралы және интернет-ресурс, сондай-ақ тұтынушының ашық немесе кодталған түрде жария қабылдауы үшін теле-, радиоарналарды телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникациялар желілерінде қалыптастыру және (немесе) тарату жөніндегі қызмет» кіреді. Осылайша, БАҚ ретінде тіркелмеген блогерлер, инфлюенсерлер қызметі осы заң жобасының бақылауына енеді.
Контекст
2022 жылдың 16 наурызында парламент палатасының бірлескен жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1999 жылы қабылданған БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырды. Өз жолдауында ол демократиялық қайта құру арқылы отандық басылымдардың Қазақстанда және әлемде болып жатқан процестерге өз көзқарасын дамыту үшін БАҚ туралы жаңа заң құру міндетін қойды. Мемлекет басшысы қазіргі заманда кез келген дамуды қалайтын елдің бәсекеге қабілетті және еркін бұқаралық ақпарат құралы болуы маңызды екеніне сенімді. Оның сөзінен кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» жаңа заңды дайындауға кірісті.
2023 жылдың 6 қаңтарында ашық нормативті-құқықтық актілер (НҚА) сайтында «Масс-медиа туралы» заң жобасының бірінші нұсқасы жарияланды. Концепцияда бірқатар жаңалықтар енгізілген: «масс-медиа» термині, баспасөз картасы, БАҚ-ты қаржыландырудың гранттық жүйесі, талап қою мерзімінің пайда болуы. Алты күннен кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ өкілдері, журналистер, медиазаңгерлерден тұратын жұмыс тобымен алғашқы отырысты өткізді, олар жобаны сынға алды. Олардың пікірінше, заң жобасы президент қойған міндеттерге сай келмейді және журналистердің құқын қорғамайды.
2 ақпанда заң жобасының екінші нұсқасы жарияланды, оның концепциясын үкіметаралық комиссия мақұлдап қойған. Жаңа нұсқада «ерекше жағдайларда» жұмыс істейтіндерге арнайы талаптар қойылған: оның ішінде, ақпаратты БАҚ-та таратпас бұрын лауазымды тұлғалармен келісу қажет. Бұдан бөлек заң жобасында талап қою мерзімі туралы құқықтық норма алынып тасталған. Журналистер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері министрлік олардың ұсынысын назарға алмағанына наразы болды. Бұған дейін өкілетті орган «Масс-медиа туралы» жаңа заңды қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жасауға дайын екендіктерін мәлімдеген болатын.
Источник: Facktchek.kz