Асқар Ақтілеу
8 November, 2013 - 09:23
Асқар Ақтілеу
Автор: Администратор
943

 



Шілікті ауылында директордың қылығына шыдамаған оқушылар сабаққа барудан бас тартты. Жоғары сыныпта оқитын Гүлдана Әлмұханова айдың-күннің аманында «енді мектепке бармаймын» деп, сол сөзінде табандап тұрып алды. Оны тіпті, әкесі мен анасы да көндіре алмаған. Соншалықты неге қасарысқан себебін білмек болып, алтын ұяға бас сұққан анасының өзі де директордан естімеген сөз естиді. Қызы Гүлдананың не себепті бұл мектепке барып, білім алудан бас тартқанын сонда ұғады.
Әдетте, «қазақты «құрысын» құртады» деп жатады. Бұл жолы олай етудің реті болмады. Мән-жайды, әрине, отағасы да біледі. Бірақ, бауыр еті баласы үшін мектепке барып, құдай бетін әрі қылсын, жұдырықтаспады. Дегенмен, мектеп директорының неліктен осы отбасыға шүйліккенін түсінген ата-ана амалсыз құзырлы орындарға хат жазады.



Енді кішкене кейін шегінсек... Былтыр жаңа оқу жылы басталарда ата-аналар балаларына мектеп киімдерін алмақ болып, мұғалімдерден жаңа жылдың талаптарын біледі. Сондағысы жаңа мектеп ғимаратына міндетті түрде бірыңғай киіммен келу керек екен. Бірақ нақты қандай киім екенін ешкім жарытып айтпайды. Бастысы, бірінші және он бірінші сынып оқушыларына ғана бірыңғай киім үлгісі болу керектігі пысықталады. Үйдегі оқушы қыздарын алып облыс орталығына жеткен ана, қала базарын бір емес, бірнеше күн аралап, тек бір қызына мұғалімдерден естіген киімді сатып алады. Үлкен қызына ақ жейде, қара-көк юбка табады. Қалаға тағы келерміз деген оймен ауылға қайтады.
Сабақ басталып, оқушылар жаңа оқу бағдарламасын игеруге кірісе бастағаны сол, Гүлдана мектеп басшылығы тарапынан қысым көре бастайды. Ертемен есік алдынан оқушыларын тосып алатын директор мырза қыз баланың киіміне шүйлігеді. «Неге мектеп формаң дұрыс емес?» деген сөздерді естуге Гүлдананың құлағы да үйрене бастайды. Директор мырза артынан «неге мектеп қорына ақша тапсырмайсыңдар» дегенді шығарады.
Гүлдананың анасы Бақтыгүл апайдың «Жас қазақтың» тілшісіне хабарлауына қарағанда, былтыр үйде құрылыс болған соң, мектеп қорына ақша тапсырмаған екен. Бір жағынан, мектепке ақша жинау, заңсыз екенін ата-ана өте жақсы біледі. Бірақ біздің елдегі білім жүйесінде бұл мәселе жазылмаған заң жүзінде жүзеге асырылады емес пе?
– Шынымды айтсам, мектеп қорына ақша тапсырамыз ба, тапсырмаймыз ба, оны өзіміз шешуіміз керек қой. Бұл деген ерікті шара емес пе еді?! Рас, былтыр қажетті шаруаларымызды тындырайық деген оймен баламыздың мектеп қорына деп сұрағанын тауып бере алмадық. Қыс болса келіп қалды құрылысты тездетіп бітіріп алғымыз келді де, бар ақшамызды құрылыс материалдары мен жұмысшыларға жұмсадық. Өзге отбасының кірісі қанша, мектепке ақша тауып бере ала ма, жоқ па, директордың шаруасы қанша?!, – дейді ашынған ана. – Қызымыз бізге көп жайтты айтпай келген. Іштей тынып жүрсе керек. Күнде директордан сөз естиді. Ертеңгілік әнұран орындалған соң, санаулы оқушыны ол кісі өз кабинетіне шақырып алып, ауыр сөздер айтатын көрінеді. Директордың оқушыларды өз бөлмесіне шақырып алып, өйтуге қандай «правосы» бар?! Еркек басымен, қызымның мектепке киіп жүрген киіміне шүйліккені несі?! Алабажақ киім емес, ақ-қара түсті, классикалық үлгідегі киім киіп жүр емес пе, қызымыз?!
Анасының айтуынша, мәселе киімде де емес. Бар гәп сол баяғы мектеп қорына ақша төлемегендікте боп тұрса керек..
Өз кезегінде, Гүлдана сабаққа қатыспай қалды деп, осы ауылдың бірнеше оқушысы да мектепке барудан бас тартыпты. Осылайша, Шалқар ауданы Шілікті ауылының бірнеше оқушысы директордың қылығын озбырлық деп, өздерінше бойкот жариялайды.
Гүлдананың әкесі Кенжеғұл Ауашевтың хабарлауынша, бұл мәселеге «Нұр Отан» партиясы араласты.
– Аудандық білім бөліміне, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментіне хат жазып, мән-жайды баяндап бердік. Ауданнан арнайы комиссия құрылып, ауылымызға келіп, оқушылармен, мектеп мұғалімдерімен кездесті. Мәселеге әбден қаныққан олар мектеп директорын орнынан алу жөнінде шешім қабылдады. Комиссияның жұмысы осымен тынды. Балаларымыз мектепке бара бастады, – дейді Гүлдананың әкесі.
Біз екінші жақтың да пікірін білмек болып, мектеп директорына хабарласуды жөн көрдік. Телефон тұтқасын жолдасы, әрі, Шілікті ауылындағы мектептің қызметкері Ұмсынай Жәмекова көтерді.
– Менің жолдасым ол оқушыны ұрып па екен?! Денесін көгертіп қойып па?! Дәлел бар ма?! Менің білетінім, ол отбасының табысы бар. Ақша төлеуге жағдайлары жеткілікті ғой.
Міне, бұл мектеп директорының әйелі, әрі психолог маманның бізге хабарлағаны.
Директор мырза бүгінде ем алып жатқанға ұқсайды. Жолдасының айтуынша, отағасының қан қысымы көтеріліп кеткен.
Комиссия шешімімен орнын босатқан директор қызметіне қайта оралу үшін қуынып, аудандық сотқа арыз түсіріпті. Он шақты рет өткен сот отырысына дауға қатысты екінші жақтан – оқушы қыз да шақыртылады. Шілікті ауылынан аудан орталығы Шалқарға сотқа келген Гүлдана кезекті отырыстардың бірінің алдында басы айналып құлап, жедел жәрдем шақыртылады. Әбден уайымға батып, әбден ашынған ол сот алдында белгілісі бар, бұрын айтылмаған жайттары бар, жасырмай барлығын жайып салады. Ата-ана қыздарының аузынан бұларды бірінші рет біліп, жағаларын ұстайды. Байғұс балаларының көрген қорлығына шыдамай, мектеп директорының өзге де әрекеттерін қағазға түсіріп, құзырлы орындарға ашық хат жазыпты.
Мәселен, «Жас қазақ» тілшісінің қолына түскен құжатқа сүйенсек, «орнынан түскен директор Жәмеков Әнестің отбасындағы мектепте жұмыс істейтін төрт адамның барлығы лауазымды ставкалы қызметте».
– Директордың өзі 1,5 ставкада, әйелі Жәмекова Ұмсынай психолог ретінде 1,5 ставкада, баласы Ермеков Руслан да 1,5 ставкамен тәрбие жөніндегі орынбасар, келіні Барбосынова (Ермекова) да 1,5 ставкамен әлеуметтік жетекшілік қызметінде, – делінген ашық хатта.
Хат мазмұнына әрі қарай көз жүгіртер болсақ, директордың келіні 2006 жылы Шоқысу ауылындағы мектепке жұмысқа кірген екен, араға бір жыл салып, 2-ші категорияға ауысып үлгеріпті. Арыз иелерінің айтуларынша, Шоқысу мен Шілікті мектептерінің директорлары әкелі-балалы Жәмековтер.
Біз бұл жерде жалпыға белгілі жайттарды ғана беріп отырмыз. Ашық хатта отызға тарта пункт көрсетілген. Ондағы жайттарды қаржы полициясы, прокурорлар тексере жатар. Өйткені 34 ата-ана қол қойған хатта мектепке түскен ақшаның, сыйға тартылған автокөліктердің «тағдыры» да сөз болыпты. Сондай-ақ, мектепке тиесілі трактор, ғимаратты жылытуға арналған көмір, компьютер, телевизор, тағы көптеген дүние-мүліктерге қатысты келеңсіз жайттар көрсетілген.
«Ә.Жәмековтің мектепке балаларымызға сабақ бергенін қаламаймыз. Құқық қорғау және тиісті органдар жан-жақты әділетті тексеру, тергеу жүргізгенін қалаймыз. Егер ол мектепте қалатын болса, балаларымызды сабаққа жібермейтіндігімізді мәлімдейміз», – делінген хатта.
Айта кетейік, Шілікті ауылындағы жаңа мектеп – Елбасының бастамасымен қолға алынған, үкіметтік «100 мектеп, 100 бағдарлама» аясында салынған мектептердің бірі. Дер кезінде қолданысқа берілмей, басы дауға қалған мектеп. Қыруар қаражат қолды болып, мұндағы былықты кезінде облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың өзі ерекше назарда ұстаған болатын. Тіпті әкім кезінде аталған жайтқа «облыс көлеміндегі төтенше жағдай» деп сипаттама жасаған-ды.
Былтыр жаңа оқу жылы басталарда облыс жетекшісі осы Шіліктідегі жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына өзі бастап келген болатын...