Айыппұлдар және фотосуреттерді пайдаланудың жаңа ережелері: 2 қазаннан бастап бизнес, клиенттер және журналистер үшін не өзгереді?
Бұл күні дербес деректерді жинау және өңдеу ережелері күшіне енеді. Заң адамның бет-бейнесін ЖСН, тегі және әкесінің атымен қатар дербес деректерге жатқызды.
Бұл жолы өзгерістер адамдардың кең тобына қатысты болады. Әңгіме жұмыс берушілер, дүкендер, медициналық және білім беру ұйымдары – яғни адамдарды суретке түсіретін, олардың бейнесін жариялайтын немесе оны қандай да бір мақсатта пайдаланатын кез келген бизнес пен ұйым туралы болып отыр.
Не өзгереді?
Негізгі ереже бұрынғыдай – адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға, жалпы алғанда, болмайды (Азаматтық кодекстің 145-бабы). Алайда Кодексте бұл ережеден ерекшеліктер қарастырылған және олар, ең алдымен, журналистерге қатысты.
Журналистер үшін заң келісім талап етілмейтін жағдайларды қарастырады. Мысалы, қоғамдық іс-шараларда түсірілген фото, адамның қызметтік немесе жария қызметіне байланысты сурет, ашық аккаунттан алынған фото немесе қоғамдық мүддеге ие сурет. Мәселен, онда құқық бұзушылар бейнеленуі мүмкін.
Айтпақшы, фотосуреттерді пайдалануға қатысты мұндай ерекшеліктер блогерлер үшін де «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда қарастырылған.
Фотоны дербес деректердің идентификаторы ретінде пайдалану
Енді фотосуретті дербес деректердің идентификаторы ретінде пайдалануға қатысты жағдайларға тоқталайық.
Мысалы, дүкен клиентті суретке түсіріп, оны Instagram-ға жариялайды, жұмыс беруші қызметкерінің суретін компанияның сайтына орналастырады, клиника пациенттің фотосын жариялайды немесе жарнама беруші тауарын не қызметін ілгерілету үшін адамның бейнесін пайдаланады.
Мұндай жағдайларда келісім, әрине, қажет.
Бұл жерде: «Ол бұл фотоны өзі Instagram-ға жариялады» немесе «Клиентіме әдемі шаш үлгісін жасап бердім, нәтижесін өз парақшамда бөліскім келді» деу жеткіліксіз.
Фотосуретті әлеуметтік желіде жариялау оның кез келген кейінгі коммерциялық мақсатта пайдаланылуына автоматты түрде келісім берілгенін білдірмейді.
Әңгіме бейнені коммерциялық мақсатта пайдалану немесе даулы жағдай туындауы мүмкін жағдай туралы болса, келісімнің тіркелгені жөн. Бұл қол қойылған қағаз құжат немесе адамның фотосуретті пайдалануға келісім бергені анық көрінетін хат алмасу болуы мүмкін.
Менің кеңесім – сақтауға және қажет болған жағдайда дәлелдеуге болатын нысанда келісім алыңыз. Мысалы, хат алмасу, электрондық пошта немесе мессенджердегі хабарлама арқылы. Ең бастысы – сол хат алмасудың өзін сақтап қойыңыз.
Сонымен қатар жай ғана: «Жариялауға бола ма?» деп сұрамаған жөн. Сұрақты нақты қойған дұрыс:
«Сіздің фотосуретіңізді сайттағы мақалада және ұйымның әлеуметтік желілерінде немесе менің аккаунтымда пайдалануға бола ма?»
Егер адам ашық іс-шарада кадрға түсіп қалса ше?
Бұл жерде фотоның қоғамдық жерде немесе ашық іс-шарада түсірілген-түсірілмегені маңызды.
Ірі пландардан аулақ болып, адамды фотосуреттің басты нысанына айналдырмаған жөн.
Алайда жағдай әртүрлі болады. Сондықтан әрдайым жариялау мақсатын, түсірілім жағдайын, адамның эмоционалдық жағдайы мен рөлін, сондай-ақ оның бейнесімен бірге аудитория қандай ақпарат алатынын бағалау қажет.
Егер адам кейін ойын өзгертіп, фотосуретті өшіруді талап етсе ше?
Адам өзінің дербес деректерін таратуға берген келісімін қайтарып ала алады.
Бірақ бұл жерде фотосуретті әдеттегі пайдалану, коммерциялық мақсатта пайдалану және журналистердің кәсіби қызметі аясында бейнені пайдалану жағдайларын шатастырмау керек.
Егер әңгіме сұлулық салоны, дүкен немесе жұмыс беруші туралы болса, келісім қайтарылғаннан кейін фотосуретті өшіру қажет.
БАҚ-қа қатысты жағдай басқа.
Егер фотосурет материалды иллюстрациялау үшін БАҚ-та заңды түрде жарияланған болса, кейін келісімнің қайтарылуы материалды автоматты түрде өшіру міндетін білдірмейді.
«Адам келісімін қайтарып алды – фотосуретті дереу өшіру керек» деген қағидамен әрекет етпеу керек. Алдымен оны пайдалану заңды болды ма, соны анықтау қажет.
Еске сала кетейін, «Масс-медиа туралы» заң журналистің кәсіби қызметі аясында фото және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқығын тікелей қарастырады.
Бейнені келісімсіз пайдаланғаны үшін қандай жауапкершілік бар?
Фотосуретті бірдей пайдалану фактісі қандай құқықтың бұзылғанына – дербес деректерді қорғау құқығына немесе адамның өз бейнесіне деген құқығына – байланысты әртүрлі жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Егер фотосуретті пайдалану дербес деректер туралы заңнаманы бұзу ретінде қарастырылса, жеке тұлғаға 60 АЕК мөлшерінде, ал бизнеске 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Кейбір жағдайларда айыппұл мөлшері 2000 АЕК-ке дейін жетеді.
Ал адамның өз бейнесіне деген құқығы бұзылған жағдайда, ол фотосуретті өшіруді немесе моральдық зиянды өтеуді талап ете алады.
Қорытынды
Фотосурет келісімсіз пайдаланылды екен деп: «Демек, айыппұл салынады» деп автоматты түрде айтуға болмайды.
Алдымен қандай құқықтың бұзылғанын, бейнені кім пайдаланғанын, қандай мақсатта пайдаланғанын және ең бастысы – нақты жағдайға журналистер үшін заңда көзделген ерекшелік қолданыла ма, жоқ па, соны анықтау қажет.
Гүлмира Біржанова
медиазаңгер, Media Qoldau заң қызметінің жетекшісі
*Изображение создано при помощи ИИ