Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарына медиа қауымдастығы өкілдерінен ашық хат

Біз, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сіздерді «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сайлау кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және оның нәтижелерін жариялау талаптарын бұзуға байланысты әкімшілік жауапкершіліктің негіздерін нақтылауға бағытталған түзетулерді қолдауға шақырамыз.

Қазіргі қолданыстағы ҚР ӘҚБтК-нің 120-бабы кәсіби социологиялық зерттеулер мен журналистік жарияланымдар үшін азаматтар арасында жүргізілетін сауалнамалардың арасын нақты ажыратпайды. Бұл БАҚ материалдарына, соның ішінде блиц-сауалнамаларға, көшедегі сұхбаттарға, интерактивті дауыс берулерге, азаматтардың пікірлеріне және өзге де пікір жинау нысандарына қатысты заңнаманы кеңінен қолдану қаупін тудырады.

Журналистік материалдар репрезентативті сауалнама белгілеріне ие болмаса да және сайлау нәтижелерін болжау мақсатын көздемесе де, қате түрде социологиялық зерттеу ретінде түсіндіріліп жатады.

Өкінішке қарай, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың пікірлері мен сұхбаттарын жариялағаны үшін журналистер мен редакцияларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары тіркелді. Мұндай жағдайлар құқықтық айқынсыздықтың бар екенін көрсетіп, кәсіби журналистік қызметті шектеу қаупін туындатады.

Біз журналистік сауалнамалар, сұхбаттар және өзге де редакциялық материалдар әкімшілік жауапкершілікке жатпауға тиіс екенін заңнамалық тұрғыда бекітуді маңызды деп санаймыз және төмендегіні ұсынамыз:

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағын мынадай жаңа ережемен толықтыру:

«Қоғамдық пікірге сауалнама деп азаматтардың пікірлері немесе электоралдық таңдаулары туралы мәліметтерді белгілі бір әдіснама мен іріктеме негізінде жүйелі түрде жинау және қорыту арқылы сайлаушылардың кандидаттарға, партияларға, сайлау мәселелеріне немесе сайлау науқанының барысына қатысты көзқарасын анықтау мақсатында жүргізілетін зерттеу түсініледі».

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабын (сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу шарттарын бұзу туралы) мынадай мазмұндағы тармақпен толықтыру:

«3. Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың журналистік қызмет аясында дайындалған және репрезентативті социологиялық зерттеу немесе сайлау нәтижелерінің болжамы болып табылмайтын материалдарын қоспағанда».

Ұсынылып отырған түзетулер құқықтық айқынсыздықты жоюға және журналистер мен редакцияларды кәсіби қызметін жүзеге асырғаны үшін негізсіз жауапкершілікке тартудың алдын алуға мүмкіндік береді. Журналистер қоғамдық маңызы бар тақырыптарды еркін жариялап, азаматтарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік беретін алаң ұсыну барысында әкімшілік қудалау қаупін сезінбеуі тиіс.

Сіздерді аталған заңнамалық өзгерістерді қолдауға және социологиялық зерттеулер мен журналистік материалдардың аражігін нақты ажыратуды қамтамасыз етуге шақырамыз.

https://forms.gle/JZNNuiLZ2CoiViBY8

Поделиться:

Правовой медиа- центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz