БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТТЕРІНІҢ ТИІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕУІНЕ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК МҮДДЕЛІ ЕМЕС ПЕ?
30 ноября, 2021 - 17:13
БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТТЕРІНІҢ ТИІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕУІНЕ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК МҮДДЕЛІ ЕМЕС ПЕ?
Автор: Администратор
335
 
Құқықтық медиа орталығы Ақтөбенің баспасөз қызметкерлері мен халықпен үнемі байланыста болатын депутаттарға дағдарысты коммуникация тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Дағдарысты болдырмау, болған күнде одан шығу жолдары, антикризистік стратегия, медиамен қарым-қатынас, контентті әлеуметтік желіге бейімдеу секілді тақырыптарды қамтыған шара барысында қатысушылар өз мұңдарын да жеткізді.
«Мұндай шара халықаралық ұйымдарға керек пе? Неге біздің жергілікті билік мүдделі емес?» деген сарында ойлар айтылды. Дағдарысты коммуникация төңірегіндегі оқыту шаралары көп жағдайда халықаралық ұйымдардың қолдауымен өтеді.

«Тренингте ситуациялық жағдайлар қозғалып, кризистік кезеңнен шығуға байланысты тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Билік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынасқа байланысты нақты мысалдар келтірілді. Қандай құралдарды пайдалануға болатынын білдік, неге жол берілмеу керек екендігі айтылды. Мен үшін бұл тренинг құнды болды. Әлеуметтік желімен жұмыс барысында, халық алдына шығып сөйлегенде неге мән берілуі керек екендігі сөз болды», – дейді тренингке қатысқан тілші, PR-маманы Салтанат Оңғар.

Медиасарапшы Диана Окремова, заңгер Гүлмира Біржанова және медиатренер Айнұр Коскина жүргізген шараға барлығы 30-дан астам қатысты, қатысушылардың басым бөлігі – жергілікті атқарушы (әкімдік) және өкілдік (мәслихат) органдарының өкілдері болды.