Қазақстандық бірқатар журналист пен азаматтық белсенді Meta компаниясы Instagram мен Facebook-та Конституция мен алдағы референдумға қатысты жарияланымдарды өшіріп жатқанын айтты.
The-village-kz жазуынша, YouTube-тағы JURTTYN BALASY арнасының авторы Мұрат Даниярдың Instagram парақшасына жаппай шағым түскен. Оның сөзінше, небәрі 10 минуттың ішінде 15 пост өшіріліп, кейінгі екі аптадағы барлық жазбасы жоғалып кеткен. Журналист бұл әрекеттің мақсаты аккаунтты бұғаттау болуы мүмкін екенін айтады. Ол шағымдардың көпшілігі Giorgio Armani никнеймі бар қолданушыдан түскенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, бұл аккаунт «Тіл кеспек жоқ» жобасының авторы Әсем Жәпішеваның Instagram-парақшасына да шағым түсіріп, журналистің жазбалары өшіп қалған.
Respublika.kz.media басылымы да жүздеген материалы жойылғанын мәлімдеді. Өшірілген материалдардың ішінде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің Bild басылымына берген сұхбаты және оппозициялық саясаткер Оразалы Ержанов туралы материалдар болған. Басылым жазбалары да Giorgio Armani атты қолданушының шағымдарынан кейін өшірілген.
«Құқықтық медиа-орталық» қоры да Facebook-та Конституцияға енгізілген өзгерістерге талдау жасаған жазбалары бұғатталғанын жазды. Қор өкілдері Диана Окремова мен Гүлмира Біржанованың жеке парақшаларындағы сыни жазбалар да бұғатталған.
Бұған дейін белгілі журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейконың Instagram және Facebook парақшасы да бұзылған. Кейін парақшалар қалпына келген.
Meta компаниясы бұл жағдайға әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызға жоспарланған. Реформа жарияланғаннан кейін Конституция жобасын сынаған кейбір белсенділерге айыппұл салынып, әкімшілік қамауға алынған.
Источник: Factcheck.kz