Журналист Данияр Әділбеков шартты жазамен бостандыққа шықты

Энергетика министрлігіне қатысты қылмыстық іспен сотталып, 2024 жылғы наурыздан бері қамауда отырған журналист Данияр Әділбеков бостандыққа шықты.

Оған құқықтық көмек көрсеткен»Құқықтық медиаорталықтың» хабарлауынша, Әділбековтің жазасы жеңілдетілді. Сот бұл жөнінде өтінішті 2026 жылғы 22 қыркүйекте қанағаттандырған, ал журналист 8 қазанда шартты түрде мерзімінен бұрын шықты. Пробация мерзімі 1 жыл 6 айға созылады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Әділбеков отбасына оралды, қазір өзі бұл бойынша комментарий беруге құлықты емес.

Данияр Әділбеков 2024 жылдың қазанында Қазақстан Қылмыстық кодексінің»көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап) және»көрінеу жалған сөз жеткізу» (419-бап) баптары бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. 2025 жылғы қаңтарда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.

«КІШКЕНТАЙ ЖЕҢІС»

«Құқықтық медиаорталықтың» заңгері Гүлмира Біржанова журналистің пробацияға шығуын шартты түрде оң нәтиже деп бағалайды.

«Мұны кішкентай жеңіс, жақсы жаңалық деуге болады. Қазір Данияр отбасына оралды. Журналистерді ақтай бермейтін Қазақстан жағдайында оның пробацияға шығуының өзі журналистер үшін оң нәтиже саналады. Өйткені журналистерге қатысты істер әрдайым жақсы аяқтала бермейді», — деді ол Азаттыққа.

Әділбековтің үкімінде»журналистік қызметпен белгілі бір мерзім айналысуға тыйым салу» шарты жоқ. Пробация мерзімі аяқталған соң журналист кәсібіне қайта оралады деген үміт білдіреді құқық қорғаушы.

Әділбековтің ісі медиақауым үшін ерекше мәні бар іс болды дейді Гүлмира Біржанова.

«Данияр Әділбековтің ісі — медиақауым үшін прецеденттік әрі үлкен резонанс тудырған істердің бірі. Себебі бұл — журналисті»көрінеу жалған сөз жеткізу» бабымен айыптаған алғашқы істердің бірі. Ал заң тұрғысынан жалған сөз жеткізу деген — адамның құқық қорғау органдарына, полицияға барып арыз жазуы. Данияр болса бұл ақпаратты өзінің телеграм-арнасында жариялады», — дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, журналисті қоғамнан оқшаулауға негіз болмаған.

ІС НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Данияр Әділбеков 2024 жылдың наурызында қамауға алынды. Оған қатысты қылмыстық іс «Дикая Орда» деп аталатын аноним телеграм-арнадағы жазба үшін қозғалған. Онда мұнайды алып сатумен айналысатын Vitol компаниясы энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатыр деп көрсетілген. Шенеуніктің өзі мұны жоққа шығарған.

Әділбековке телеграм-арнада Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер мен»Ел медиа» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева туралы ақпарат жариялағаны үшін «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген де айып тағылған.

Ал қорғау жағы тергеу және сот кезінде процессуалдық заңбұзушылық болғанын алға тартып, айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтығын атап өткен.

Press.kz сайттың жазуынша, журналист пен мұнай трейдері «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабы бойынша айыпталғанмен олар күштік құрылымдарға вице-министрді жауапқа тарту туралы арыз түсірмеген. Құқық қорғау органдарына арыз түсірмегенін журналистің өзі де сәуір айындағы хатында баяндаған. Ол сол кезде тәуелсіз БАҚ-ты зерттеу жүргізуге шақырып, «елді тонаушылар мен Қазақстан мұнайын сатып алушының мүддесін қорғағандар өзін шындықты айтқаны үшін соттап жатыр» деп айтқан.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҮНДЕУІ

Әділбековтің өзі әріптестеріне ашық хат жолдап, ісін тергеуге шақырған. Хатында ол»елді тонап, Қазақстан мұнайының эксклюзив сатып алушысы Vitol компаниясының мүддесін қорғаушылар өзін шындықты айтқаны үшін соттап жатыр» деп мәлімдеді.

Іс бойынша екінші айыпталушы — мұнай трейдері Ерлан Сәудегеров үш жыл шартты жаза алды. 2025 жылдың қаңтарында апелляциялық сот бірінші саты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкімді түсіндірген судьяның сөзінше, сотталушылар»бір шенеуніктің ғана емес, тұтас мемлекет аппаратының беделіне нұқсан келтірген», сондықтан жазаны жеңілдетуге негіз болмаған. Қорғау тарапы журналисті толық ақтауды сұрап, тергеу мен сот барысында заңбұзушылық болғанын, кінәні дәлелдейтін айғақ жоқтығын алға тартқан еді.

Әділбеков тергеу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қысым көрсетіп, азаптағанын мәлімдеді. Арнаулы қызмет бұл айыптарды теріске шығарды.

Бұған дейін оннан астам қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Әділбековті босатуға үндеген, ал Human Rights Watch ұйымы үкімді»беделге нұқсан келтіргені үшін берілген орынсыз жаза» деп бағалап, журналисті босатуға шақырған.

Дереккөз: Azattyq Asia

Поделиться:

Правовой медиа-центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz