СОТ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНЕ ҚАРСЫ ШАҒЫМЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРМАДЫ
12 ноября, 2024 - 12:20
СОТ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНЕ ҚАРСЫ ШАҒЫМЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРМАДЫ
Автор: Администратор
161

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін Қазмедиа ғимаратында баспасөз орталығынан көріп отырған журналистер. Астана, 14 шілде 2022 жыл.

 

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 9 журналистің мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы шағымын негізсіз деп тауып, қанағаттандырудан бас тартты. Олар министр Аида Балаева бекіткен "журналистерді аккредиттеу ережелеріндегі" кей тармақты жарамсыз деп тануды талап еткен.

Журналистердің бірінші уәжі - мемлекеттік мекемелерден хабар тарату мақсатында тіркеу тәртібін реттейтін бұл ереже жарияланбай жатып күшіне енген, яғни олар бұл құжат қабылданатынынан бейхабар болған. Судья Расул Қарағаев министрлік бұл жерде еш заңды бұзбағанын мәлімдеді. Заң бойынша, құжатта өзгеше көрсетілмесе, министрдің нормативтік бұйрықтары жарияланғаннан 10 күн өткен соң күшіне енеді.

"Бұйрықта [ережені] қолданысқа енгізудің өзге уақыты 2024 жылғы 20 тамыз деп көрсетілген, 2024 жылғы 20 тамыздан бастап енгізілгені журналистер құқығы мен еркіндігін, заңды мүддесін еш бұзбайды" деді судья.

Журналистер мемлекеттік органдардан алған ақпаратты тек өзі тіркеліп барған БАҚ-та ғана жариялауға тиіс деген ереже құқығымызды шектеп отыр деп наразылық білдірген. Судья бұл ереже де журналистер қызметін шектемейді деді.

 

Бірнеше жылдан бері үкімет үйі мен парламенттен хабар таратып жүрген журналист әрі арызданушылардың бірі Серік Жолдасбай сот шешіміне келіспейді. Оның айтуынша, өз құқықтарын, елдегі сөз бостандығын қорғауда журналистер ауызбіршілік таныта алмады.

– Ақпарат министрлігі құзырлы мекеме болған соң сот оның шешімін өзгертіп, біздің пайдамызға шешпейтіні анық болды. Қазақстандағы барлық журналист тізе қосып, осы мәселеде бір ауыздан әрекет етуіміз керек еді. Өкінішке қарай, журналистер ішінде белсенділік болмады. Саяси партиялар да үнсіз қалды. Оппозициялық ұйымдар өте жоқ, – деді Серік Жолдасбай.

"Құқықтық медиа орталық" ұйымындағы Media Qoldau қызметінің жетекшісі, медиазаңгер Гүлмира Біржанова Конституциялық сотқа шағым түсіреміз деді.

 

Мәдениет және ақпарат министрі 20 тамыздағы бұйрығымен бекіткен "Журналистерді аккредиттеудің типтік ережесі" бойынша, аккредиттелген журналист ақпаратты тек өзі тіркелген БАҚ-та ғана жариялауға тиіс. Тағы бұл ережеде іс-шара өткізетін мекеме аккредиттелген журналистерге қосымша талап қоя алатыны жазылған. Бұл талаптарды екі мәрте немесе одан да көп бұзған жағдайда құзырлы орган журналисті тұрақты тіркеуден алты айға айыра алады.

Бұған дейін сотта министрлік өкілі құжат ашық талқыланын, тиісті органдар оның заңдылығын тексергенін, содан кейін ғана барып бекітілгенін алға тартқан. Министрлік өкілі журналистің бірнеше редакцияда жұмыс істеуіне тыйым жоқ деді.

2 қыркүйекте ақпарат министрі Аида Балаева медиақауымдастық арасында дау-дамай тудырған тілшілерді тіркеудің жаңа ережесі жайлы журналистер сұрағына жауап берген. "Байбаламға салудың қажеті" жоқ деген ол БАҚ өкілдеріне ақпарат алуда ешқандай шектеу болмайды, оған министр ретінде көмек көрсетуге дайын деп айтқан.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің жаңа ережесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Масс-медиа туралы" заңға қол қойғаннан екі ай өткенде қабылданды. Журналистер мен қоғам белсенділерінің, құқық қорғаушылардың қарсылығын тудырған бұл заң парламенттегі талқы кезінде бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ мақұлданған соңғы нұсқасында сөз еркіндігіне кері әсерін тигізуі мүмкін деген даулы баптардың көбі сол күйі қалған.

 

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде былтыр 134-орында тұрған Қазақстан биылғы рейтингіде 8 саты төмендеп, 142-орынға тұрақтаған. Екі жыл бұрын 122-орында болған. Ұйым есебінде елде баспасөз еркіндігі шектеледі, билік медиа кеңістікті мемлекеттік пропаганда құралына айналдырған, брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшырап, билікке бағынбайтын журналистер қудалауға түседі деп жазылған.

 

 

 

Источник: Радио Азаттык