10 января, 2024 - 18:08
Автор: Жанагуль Жүрсін
Ақтөбеде Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманованың өтініші бойынша журналист Асқар Ақтілеуовке қатысты сот отырысы басталды.
Оған облыс әкімі мен журналистермен кездесуде мектепте судың жоқтығын айтып, тазалық құралдарын өз ақшасына сатып алып жатқанына көңілі толмаған гимназия қызметкерінің жұмыстан шығарылғаны себеп болды.
Әкім алдында мәселе көтерген кіші қызметкер (тазалықшы) араға бір жарым ай салып, «үш сағаттан астам жұмыста болмады» деген желеумен еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды.
Жұмыстан шығарылған Мөлдір Ғапиз ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр, денсаулығына алаңдаулы анасымен бірге тұрады. Ол журналистке хабарласып, жұмыс орнына қайта орналастыруын өтініп, көмек сұраған. Асқар Ақтілеу Instagram парақшасында Мөлдірдің гимназиядан не себепті босатылғанын жариялады.
Әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанстан кейін Мөлдір Ғапиз жұмысына оралды (қайтадан жұмысқа қабылданды).
Бірақ мектеп директоры Асқардың жазбасында оның атына жала бар деп есептеп, журналисті жауапкершілікке тарту туралы арызбен полицияға жүгінген.
Қаңтардың 9-ы күні сот процесі басталды, оған журналист адвокатсыз қатысты. Өйткені сот процесі туралы ол бір күн бұрын кешке хабардар болған.
Сотта гимназия директорының өкілі судьядан журналистерді сот залына кіргізбеуді сұрап, кейін сот процесін әлеуметтік желіде жария етуге тыйым салуды сұрады. Судья ол өтінішін орындамады.
Келесі отырыс 15 қаңтарға жоспарланған.
«Медиа Қолдау» заң қызметі (Құқықтық медиа орталық) заңгер Қуанышбек Есенгелдинмен бірге Асқар Ақтілеуге қолдау көрсетеді.