ТУЫСТАРЫ ЖУРНАЛИСТ МАХАМБЕТ АБЖАНДЫ ТАБА АЛМАЙ ОТЫР
10 января, 2022 - 16:08
ТУЫСТАРЫ ЖУРНАЛИСТ МАХАМБЕТ АБЖАНДЫ ТАБА АЛМАЙ ОТЫР
Автор: Администратор
273

Нұр-Сұлтанда наразылық жиындарынан хабар таратқан журналист Махамбет Абжанды туыстары бес күннен бері таба алмай отыр. Бұл туралы журналистің жарымен сөйлескен Азаттық тілшісі хабарлайды.

– Ол ешкімге хабарласпады. Біз ешнәрсе білмей, жай ғана күтіп отырмыз. Қандай да бір пікір білдіруден де қорқып отырмын. Бірақ оның қайда екенін білмейтінімді нақты айта аламын. Ол ешкімге хабарласпаған. Құдайға шүкір, жағымсыз хабар бола қойған жоқ. Күтіп отырмыз, – дейді Махамбет Абжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева күйеуі туралы.

4 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық жиындарынан хабар таратқан Абжан 5 қаңтарға қараған түні үйіне полиция қызметкерлері келгенін, есікті ашпай тұрғанын, осыдан кейін интернеті мен электр жарығы сөндірілгенін айтқан. Махамбет Абжан осыдан кейін журналистер мен құқық қорғаушыларды үйіне шақырып, қолдау білдіруге шақырған.

5 қаңтар күні Азаттық тілшілері Махамбет Абжанның үйіне барғанда, пәтерінің алдында азаматтық киімдегі үш полиция қызметкері тұрғанын көрді. Олар Азаттыққа белгісіз біреулер Абжанның пәтеріндегі шуға шағым айтқанын сол бойынша келіп тұрғанын айтқан. Азаттық тілшілері Абжанның көршілеріне барып, шуды естіген-естімегенін сұрады, олар шу тек полиция келгелі пайда болғанын айтты.

Жары Гүлзира Дүйсембаеваның айтуынша, полицейлер 6 қаңтарға қараған түні де пәтер алдынан кетпей, есікті ашуды талап етіп тұрған. Кейінірек журналист үйден шығып кеткен. Артынша полицейлер үйге кіріп, тілшінің бар-жоғын тексерген. Полицияның оны ұстаған-ұстамағаны белгісіз.

– Полициядан қоңырау шалған жоқ. Бірақ келесі күні (6 қаңтар) келді, бірақ ол кезде Махамбетті емес, Жека деген біреуді сұрады. Сәл сол форма: әскери шалбар, жоғарғы жағы азаматтық киім, – Гүлзира Дүйсембаева.

Азаттық жергілікті полицияға хабарласып көрді, телефон көтерілмеді. Махамбет Абжанның із-түссіз жоғалғаны осыған дейін журналистің адвокаты да хабарлаған.

Нұр-Сұлтандағы наразылық жиындары 3 қаңтар күні басталған. Кенесары хан ескерткіші мен қала әкімдігі алдына бірнеше адам келіп, Жаңаөзендегі газ қымбатшылығына қарсы наразылыққа қолдау білдірген. Сол күні олардың бәрін полиция ұстап әкеткен. Келесі күні мұндай жиынға шығушылар қатары күрт артты. Түс қайта қаланың бірнеше жерінде митинг өтіп жатқаны туралы хабар тарады. Махамбет Абжан сол жиындардан хабар таратып жүрген.

Жаңаөзенде басталған наразылыққа қолдау жиындары Қазақстанның өзге қалаларында да өтті. Бірақ Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Тараз секілді қалаларда бірқатар қақтығыстар болып, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ашулы топ пен бейбіт митингшілер арасында байланыс барын дәлелдейтін айғақты әзірге ұсынған жоқ. Ресми Нұр-Сұлтан мұның артында жоспарланған лаңкестік шабуыл тұр деп елге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының күштерін шақырған.

 

Источник: Azattyq.org