Жала жабу бабының декриминализациясы саяси қудалауды азайтты ма?

2020 жылы «жала жабу» туралы бап қылмыстық кодекстен алынып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енді. Сол кезеңде «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова «бұл бап “өлі” бап болып қалады, ол бойынша ешкім жауапқа тартылмайды деп үміттенеміз» деген пікір білдірген. Десе де, кейінгі жылдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-і бабы, яғни «жала жабу» бойынша журналистер мен белсенділерге айып тағылған кейстер жетерлік. Мәселен Protenge басылымынның жазбасына репост жасаған Асхат Ниязов мысалын сөз етуге болады. Немесе полицияның қызметтік көлігін эвакуаторға тиеліп жатқан суретін жариялағаны үшін айыпталған Марина Низовкина ісін қарастыруға болады. Factcheck.kz «жала жабу» туралы бап кезекті саяси баптардың бірі ме деген сауалға жауап іздеп, талдап көрді.

Мазмұны
2020 жылға дейінгі “тозақ…”
Құқықтық медиа орталықтың деректеріне сәйкес 2010-2020 жылдар аралығында «жала жабу» бойынша журналистерге қатысты 88 қылмыстық үкім шыққан. Сол кезеңдерде «жала жабу» бойынша талап арыздар жиілеген. «Әділ сөз» қорының мәліметінше, тек 2019 жылдың өзінде жала жабу мен қорлау бойынша 26 рет айып тағылған. Құқықтық медиа орталықтың жазуынша сарапшылар бұл бапты Әкімшілік құқық бұзушылыққа емес Азаматтық кодекске көшіру керек деген пікір білдірген. Орталықтың заңгері Гүлмира Біржанова 2020 жылы медиа қоғамдастықтың жала жабуды декриминализациялау туралы көптен бері айтып жүргенін атап өтіп, пікір білдіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту дұрыс емес деп мәлімдеме жасаған. Оның сөзінше сарапшылар бұл мәселені азаматтық-құқықтық қатынас деп санайтындықтан, бапты Азаматтық кодекске көшіруді ұсынған еді. Ал Әкімшілік кодекс – бұл мемлекет пен адам арасындағы қатынас.

2020 жылға дейін жала жапқаны үшін 1-ден 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін (2020 жылы 1 АЕК 2 778 теңге болған) айыппұл және бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе одан айыру жазасы қарастырылған болатын. 26.06.2020 күні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 73-3-баппен («Жала жабу») толықтырылады. Әрі қарай осы баптың түсіндірмесін талдайық.

73-3-бап: Жала жабудың түсіндірмесі
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 73-3-і бабында басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату әрекеті — жала жабу деп түсіндіріледі. Егер мұны жеке тұлға жасаса, оған 160 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Ал лауазымды адамға 550 АЕК айыппұл немесе 20 тәулікке дейін қамау жазасы беріледі.

Баптың екінші тармағында көпшiлiк алдында, масс-медианы немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалса жаза ауырлайтыны көрсетілген. Бұл жағдайда жеке тұлғаға 180 АЕК айыппұл немесе 20 тәулік қамау, ал лауазымды адамға 650 АЕК айыппұл немесе 25 тәулік қамау қарастырылады. Ал егер жала жабу кезінде адамды сыбайлас жемқорлық жасады немесе ауыр қылмыс жасады деп айыптаса, жаза одан да қатаң болады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаға 200 АЕК айыппұл немесе 25 тәулік қамау, ал лауазымды адамға 750 АЕК айыппұл немесе 30 тәулік қамау беріледі.

2020 жылы заңгер Гүлмира Біржанованың «бұл бап бойынша енді ешкім жауапқа тартылмайды деп үміттенеміз» деген үміті қаншалықты ақталғанын нақты мысалдардан қарайық.

2024 жыл – жала жабу жылы
2024 жылы жала жабу бойынша айыпталған журналистер мен белсенділердің ісі көп болды. Хронологиямен талдайық.

Жылды басы, Асқар Ақтілеу ісі: 2024 жылдың қаңтарында Ақтөбеде журналист Асқар Ақтілеу жала жабу бойынша күдікке ілінді. Оның үстінен Instagram-дағы жазбасы үшін сотқа арыз түсті. Ырғыз ауданындағы гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова оны жала жапты деп айыптады. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғам белсендісі әрі журналист Асқар Ақтілеуге қатысты іс қозғалды. Іске Асқар Ақтілеудің Instagram-дағы жеке парақшасында жарияланған 32 сторис пен жазба тіркелген. Олардың арасында облыс әкімі келген кезде журналистерге гимназия дәретханасының жай-күйін көрсеткен мектептің кіші қызметкерін жұмыстан шығару және қудалау туралы жарияланымдар бар. Арызданушы білім беру қызметкерінің абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келді деп мәлімдеп, шара қолдануды және белсендіні қатаң жазалауды сұраған.

2024 жылдың екінші айы, екінші іс: 2024 жылдың ақпанында Шымкент аппеляциялық соты журналист Низовкина Маринаға 621 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Дауға себеп болған жазбада Низовкина, сол кездегі Шымкент полиция департаментнің басшысының орынбасы Ермахан Әбдірамановтың эвакуаторға тиеліп жатқан қызметтік көлігінің суретін жариялаған. Ол көлікті инспекторлар тоқтатқанын және олар «полиция бастығы жалған нөмірмен жүр деп күдіктенгенін» жазған. Әбдіраманов өз арызында таратылған мәліметтер оның «ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне, беделіне нұқсан келтіретінін» көрсеткен. Журналистің адвокаты Наталья Бурмистрова «Әділ сөз» қорына берген түсініктемесінде: «Бұл процесте ұтылғандар емес, ұтқандар ұялуы керек», – деген.

Репост үшін айыппұл, Асхат Ниязов мысалы: 2024 жылдың сәуірінде журналист Асхат Ниязовты Protenge басылымының жазбасын репост жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпақ болғаны жайлы ақпарат тарады. Ол жарияланымда ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Азаттық» радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқаны туралы айтылған. Қызығы сол кезеңде жазбаның авторы Protenge басылымына ешқандай шағым түспеген. Кейін сол жылы сәуірдің соңында журналист істі жеңіп шығып, оған тағылған айып алынып тасталды. Іс барысында заңгері Гүлмира Біржанова «Бұл жағдай бізді алаңдатады, өйткені қазір кез келген журналисті жай ғана пост жариялағаны үшін көшеде ұстап, кез келген уақытта полиция бөліміне жеткізуі мүмкін», — деген пікір білдірген.

Антон Князев ісі: 2024 жылы қыркүйекте «Дорожный контроль» қоғамдастығының мүшесі, Өскемен қаласының тұрғыны Антон Князев 20 тәулікке қамауға алынды. Мұндай шешімді Алматы қаласының әкімшілік соты онлайн режимде шығарды. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі («Оңтүстік астана полицейлеріне жала жабу») бойынша кінәлі деп танылды. Блогер алматылық полицейлердің автосалон жарнамасы жапсырылған нөмір белгісін жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Мұндағы жаланың нақты не екені, қай жерде екені тергеу кезінде де, сотта да түсініксіз күйде қалды. Алматыдағы сот онлайн өткендіктен, оны сот залында қамауға алу мүмкін болмады, бұл әрекет кейінірек жүзеге асырылды. Адвокат Юрий Николенконың сөзінше Антон Князевті кінәлі деп тануға негіз болған сол баяғы «көрінеу жалғандық» белгісі бұл жерде байқалмайды.

2021, 2022, 2023 жылдары да: негізінен жала жабу туралы бап бойынша журналистер мен белсенділердің үстінен 2021-2023 жылдары да іс қозғалып келді. Мысалы 2021 жылы 1 ақпанда Жаңаөзен қаласындағы белсенді Шолпан Өтекеева 20 тәулікке қамауға алынды. Оған 73-3-бабы («жала жабу») бойынша айып тағылып, Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбаны қайта жариялағаны (репост жасағаны) үшін жауапкершілікке тартылған. 2022 жылғы 12 шілдеде Қостанай қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында «Тобол-Инфо» ақпараттық агенттігінің журналисі Александра Сергазиноваға қатысты ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 3-бөлігі («Жала жабу») бойынша істі қозғалған. 2023 жылғы шілдеде «С-Информ» бас редакторы Амангелді Батырбеков жала жабу айыбы бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. «Әділ сөз» қорының пікірінше, жала жабудың негізгі белгісі – «қасақаналық» сот талқылауы барысында дәлелденбеген, яғни журналист ешқандай әдейі жалған ақпарат таратпаған.

Байқағанымыздай бұл бап журналистер мен белсенділерге жиі қолданылады. Жала жабуды сөз бостандығын шектейтін кезекті саяси бап деп қарастыруға бола ма? Әрі қарай осыны талдайық.

Сөз бостандығын шектеудің кезекті құралы ма?
24 жыл бұрын, яғни 2002 жылы жала жабу бойынша істі болған журналист Сергей Дуванов, бап 2020 жылы декриминализацияланғанына қарамастан, жала жапқаны үшін қылмыстық қудалау қаупі толықтай сақталып қалды деген пікір білдірді. Журналистің редакцияға берген жауабында Азаматтық кодексте ар-ұждан, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы 143-бап бар, ол қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Ал сотта жала жабу мәселесі қорлау, қадір-қасиетті таптау немесе іскерлік беделге нұқсан келтіру ретінде қарастырылуы мүмкін болғандықтан, журналист үшін әрдайым қылмыстық қудалауға ұшырау қаупі бар деп түсіндірді. Оның сөзінше Осындай қауіпті сезіну кез келген журналистің басындағы «Дамок қылышы» іспетті, бұл Қазақстандағы сөз бостандығын айтарлықтай шектейді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов те бұл бап кей сәттерде журналистерге қысым көрсету элементі ретінде пайдаланылады деген пікір білдірді. Құқық қорғаушы жала жабу мәселесі қылмыстық кодекстің «көрінеу жалған ақпарат тарату» — яғни 274-баппен тығыз байланысты дейді. Factcheck.kz осыған дейін бұл бапты жеке талдап, саяси мақсатта қолданылып жүргенін жазған еді. Материалды мына сілтемеден оқи аласыз.

Журналист Сергей Дуванов жарияланған материалдарға көңілі толмайтындардың айыптауларынан қашып құтылу мүмкін емес дейді. Десе де ол сот арқылы жазалану қаупін азайтуға болатынын атап өтті. Журналистің сөзінше бұл үшін құжаттармен және куәгерлердің айғақтарымен расталған бұлтартпас маңызды дәлелдер болуы тиіс.

Шындығында, Қазақстан жағдайында дәлелдердің, айғақтардың расталғаны әрдайым көмектесе бермейді. Қорғаныстың ең қиын тұсы — таратылған ақпараттың «көрінеу жалған» болмағанын дәлелдеу. Мұнда бәрі соттың өз шешімінде қаншалықты тәуелсіз екеніне байланысты. Алайда, судьялардың билікке тәуелділігі мен жемқорлық жағдайында жазаға тартылу қаупі өте жоғары.

Сергей Дуванов, журналист
Дуванов журналистік зерттеулер мен сыни материалдар саяси мәселелерге немесе үлкен саясаттағы тұлғаларға қатысты болса – мәселе тіпті қиын деген пікір білдірді. Оның сөзінше мұндай жағдайларда бәрі қатаң түрде алдын ала анықталған және жала жабу бабы жоғарғы шегінде жұмыс істейді. Кейде оның орнына Қылмыстық кодекстегі баламасы — 143-бап қолданылады.

Сондықтан Қазақстандағы саяси журналистика мен публицистика — қауіпті аймақ. Онда өз басын бәйгеге тіккен нағыз «камикадзелер» немесе билікте «қолдаушысы» (крышасы) бар журналистер ғана жұмыс істейді.

Сергей Дуванов, журналист
Әрі қарай жала жабу бабынан сақтану үшін журналистер нені ескеру керек деген сауалды талдайық.

Журналистер жала жабудан сақтану үшін нені білу керек?
Адвокат Ғалым Нұрпейісов, ең бірінші жеке тұлға, іскерлік бедел, не өзге де заңды тұлғалар жайлы жазғанда журналист фактілерді тексеруге міндеттідеген кеңес айтты. Адвокат бұл тұрғыда журналистиканың адалдық принціпі қатаң сақталуы керек дейді. Ол жала жабу бабымен айыпталмас үшін тәуелсіз дереккөздердің болуы маңызды деген пікір қосты. Нұрпейісовтың сөзінше әдетте фактіні растайтын 3 немесе 2 дереккөз болуы шарт.

Егер кенет бір жағдай орын алса, мұны қалай дәлелдей аласыз? Сізде скриншот, аудиожазба немесе мемлекеттік органдардан келген жауап, яғни қандай да бір құжат болуы қажет. Диффамациялық дауларға келетін болсақ, мұнда факт және субъективті пікір (бағалаушы пайымдау) деген ұғымдар бар. Факт дәлелденуі тиіс, ал субъективті пікір – бұл фактіні бекітуден өзгеше нәрсе.

Ғалым Нұрпейісов, Адвокат
Қорғаушының сөзінше егер журналист өз пікірін қосып, сот үкімі шықпай тұрып «бұл адам – парақор» десе, иә, бұл жала жабу болады. Себебі бізде кінәлілік тек соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденеді, яғни адамға алдын ала айдар тағу — жала жабуға жатады.

Ал егер оның іс-әрекетіне күмән келтіріп, «оның іс-әрекеті қызметін асыра пайдалану белгілеріне ұқсайды» немесе «қазіргі уақытта пара алу дерегі бойынша тексеріліп жатқан жайттар бар» десеңіз, сіз фактіні айта отырып, тексеру шаралары жүріп жатқанына сілтеме жасайсыз және ештеңені кесіп айтпайсыз.

Ғалым Нұрпейісов, Адвокат
Оның айтуынша, журналистің адалдығы ең алдымен теңгерімді ақпарат берумен байланысты. Егер бір тараптың дерегі ұсынылса, журналист қарсы тараптың да пікірін алуға немесе алуға тырысуға міндетті. Яғни, ол фактіні көрсетіп, оқиғаны баяндауы тиіс, бірақ өз тарапынан үкім шығармауы керек. Сонымен қатар, кез келген инсинуациялардан, интерпретациялардан және жорамалдардан аулақ болу қажет. Адвокат бір жерден естіген ақпаратты негізсіз өршіту дұрыс емес деп атап өтті.

Сондай-ақ Ғалым Нұрпейісов дәйексөз, яғни цитата мәселесіне тоқталып, журналист біреудің сөзін келтіріп жариялаған жағдайда да жауапкершіліктен босатылмайтынын айтты. Оның сөзінше, журналист ақпаратты таратқаны үшін, ол дәйексөз болса да, жауап береді. Сондықтан материалда мәлімдемені нақты кім жасағаны анық көрсетілуі тиіс. Бұл жай ғана пікір емес, нақты «осындай оқиға болды және бұл факт» деген сипатта берілуі керек. Журналист оқиғаны баяндап, әртүрлі пікірлерді жинай алады, бұл қоғамдық пікірді көрсету болып саналады. Сонымен бірге, басқа адамдардың пікірін іздеу — сол мәліметтерді тексеру әрекеті ретінде қарастырылады, сондықтан екінші және үшінші тараптардың түсініктемелері міндетті түрде берілуі тиіс.

Егер ресми құжат немесе мемлекеттік органның жауабы болса, ешқандай жауапкершілік жоқ. Бұл ресми сот немесе прокуратура, немесе әкімдік берген ақпарат болса — мінекей. Тек ақпарат қаз-қалпында, бұрмалаусыз берілуі тиіс. Ал егер бұл ақпарат, мысалы, арнайы мәртебесі жоқ БАҚ-тан алынса, онда жауапкершілік сақталуы мүмкін. Бұл дереккөз қайдан алынды? Сіз оны қалай алдыңыз? Осының бәрі маңызды.

Ғалым Нұрпейісов, Адвокат
Ғалым Нұрпейісов сөзін жала жабу бабынан қорғану үшін мына 4 әрекетті жасау керек деген пікірмен қорытындылады.

фактілерді тексеру керек;
тұжырым мен пікірдің аражігін ажырату керек;
қарсы тараптан ақпарат алу керек;
«пәленшенің мәліметі бойынша», «мүмкін», «болжам бойынша» немесе «біздің пікірімізше», «айтуларынша», «расталады» немесе «теріске шығарылады» деген сияқты байланыстырушы сөздерді қолдану керек;
Қорытынды
2020 жылы жала жабу бабы қылмыстық кодекстен алынып тасталса да, кейінгі жылдары белсенділер мен журналистерге қарата қолданылып жүр. Мысалдардан байқағанымыздай репост жасағаны үшін де, суретке түсіргені үшін де, жазба жариялағаны үшін де айыпталған. Ал бұл баптан сақтану үшін фактілерді тексеру, ақпаратты дұрыс сараптау, нақты жеткізу маңызды екенін жаздық.

Басты беттегі сурет ChatGPT арқылы жасалды

Источник: Factcheck.kz

Поделиться:

Правовой медиа- центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz