Иллюстрация сгенерирована ИИ

Құрылтай депутаттарына ашық үндеу

Қауіпсіздік талаптарын журналистік қызметті шектеу құралына айналдырмауға шақырамыз

«Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы, Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы Қазақстан Республикасы Құрылтайы ғимаратында журналистердің жұмыс тәртібінің өзгеруіне байланысты алаңдаушылық білдіреді.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұдан былай БАҚ өкілдерінің депутаттармен өзара байланысы арнайы белгіленген баспасөз орталығында ұйымдастырылуы, ал журналистердің ғимарат ішінде жүруі сүйемелдеумен жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда мұндай шектеулер журналистерді аккредиттеу бойынша жарияланған қағидаларда немесе Құрылтайдағы БАҚ өкілдерінің жұмыс тәртібін реттейтін өзге де қабылданған құжаттарда көрсетілмеген.

Мұндай жағдай құқықтық айқындық пен қолданылатын талаптардың болжамдылығы тұрғысынан сұрақ туындатады. Журналистік қызметке қатысты кез келген шектеудің нақты құқықтық негізі болуы, ол ресми түрде белгіленіп, түсінікті әрі барлығына бірдей қолданылатын қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Конституциясы сөз бостандығына кепілдік береді, цензураға тыйым салады және әркімнің ақпаратты еркін алу және тарату құқығын бекітеді. «Масс-медиа туралы» заң журналистерге мемлекеттік органдарға баруға, лауазымды адамдардың қабылдауында болуға, өздерін аккредиттеген орган өткізетін іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, аудио-, фото- және бейнежазба жасауға тікелей құқық береді.

Мемлекеттік орган ғимаратындағы қауіпсіздік талаптары мен ішкі объектілік режимнің болуы орынды әрі қажет. Алайда оларды қолдану журналистердің кәсіби құқықтарын және қоғам үшін маңызды ақпаратты алу мүмкіндігін шамадан тыс шектеуге әкеп соқпауы тиіс.

Журналист алдын ала «дұрыс» депутатқа жазылып, оны арнайы белгіленген жерде күтіп отыруға және аппаратқа ыңғайлы ғана сұрақтарды қоюға міндетті емес. Бейресми коммуникациялар – парламенттік журналистиканың маңызды бөлігі. Отырыстан кейін депутаттың жанына жедел барып, нақтылау немесе қолайсыз сұрақ қою, өзекті мәселе бойынша пікір алу – демократиялық парламенттегі БАҚ жұмысының қалыпты тәжірибесі.

Мұндай шектеулерді парламенттік сайлаудан кейін және жаңа Құрылтайдың алғашқы жұмыс күндерінде енгізу әсіресе орынсыз көрінеді. Дәл қазір қоғам жаңа депутаттардың қалай жұмыс істейтінін, қандай ұстанымда екенін, сынға қалай қарайтынын және азаматтар мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге қаншалықты дайын екенін түсінуі қажет.

Біз Қазақстан Республикасы Құрылтайының аппараты мен басшылығын БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне қатысты қолданыстағы ережелердің ашықтығын қамтамасыз етуге және іс жүзінде қолданылып отырған тәртіпті ресми қабылданған құжаттармен және журналистердің кәсіби қызметіне берілген заңнамалық кепілдіктермен сәйкестендіруге шақырамыз.

Біз Құрылтайдағы саяси партиялар мен фракцияларды депутаттар мен партиялардың БАҚ-пен ақпараттық өзара іс-қимылын күшейтуге шақырамыз. БАҚ аудиториясының депутаттардың заң шығару қызметі, қабылдайтын шешімдері және Құрылтай қабырғасында әзірленіп жатқан заңдар туралы ақпарат алуға құқығы бар екенін түсіну маңызды.

Парламенттің ашықтығы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бір-біріне қайшы келетін міндеттер емес. Қауіпсіздік талаптары мен қоғамның мемлекеттік органның қызметі туралы ақпарат алу құқығы арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс.

«Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ,
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры,
MediaNet халықаралық журналистика орталығы,
Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы

Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалған

Поделиться:

Правовой медиа- центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz