Заң бойынша Қазақстанда журналистер ашық сот процестерінің қалай өтіп жатқаны жөнінде хабар таратуға құқылы. Алайда ашық формат қауіп-қатердің жоқ екенін білдірмейді: жекелеген жағдайларда БАҚ-та жарияланған материалдар сот төрелігіне араласу ретінде қарастырылуы мүмкін. Кейде құқық қорғау органдарының реакциясы сыни пікірмен шектелсе, кейде журналистердің материалы мен мәлімдемесі оған қарсы іс қозғауға негіз болып жатады.
Factcheck.kz редакциясы қоғамды ақпараттандыру мен сот төрелігіне араласудың аражігі қайда екенін және процестерді жариялау кезінде қандай ережелерді сақтау керегін анықтап көрді.
Сот процестері туралы жазудың құқықтық шектеулері
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис айтқандай, сот процестері туралы материалдар жариялауға кіріспес бұрын жағдайды тұтастай қарастырып, мұнда заң шектеулерімен қатар кәсіби және әдептік жауапкершілік те бар екенін ұғыну қажет.
Қазақстан заңнамасында сот процестерінің жария болуы мен оны іске асыру кезінде қолданылатын шектері ҚР Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы № 1 «Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында түсіндірілген.
Аталған қаулының 8-тармағында «сот талқылауының нәтижелерін күні бұрын шешуге» жол берілмейтіні айтылған. Бұл — бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдағы шығатын сот шешімінің заңдылығы мен әділдігі туралы қоғамдық пікір қалыптастыру деген сөз.
Бұл норманың іс жүзінде қолданылуына 2021 жылы Әскери соттың апелляциялық алқасы Sotreport.kz сайтының журналисі Татьяна Ковалёваға қатысты шығарған жеке қаулысы мысал бола алады. Ол бірнеше ай бойы 2018 жылғы мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезіндегі қаражат жымқыру болжамы бойынша іс жүргізу барысын жариялап келген.
Сол кезде, сот алқасының пікірінше, Ковалёва жариялаған материалдары арқылы алқаға қысым көрсетіп, сот процесіндегі тараптардың бірінің ұстанымы дұрыс деген қоғамдық пікір қалыптастырған.
Татьяна Ковалёва шығарылған жеке сот қаулысымен келіспей, Жоғарғы Сотқа жүгінді. 2022 жылы Жоғарғы Сот журналиске қатысты шығарылған жеке қаулының күшін жойды.
«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова атап өткендей, Қазақстанда сот процестерін жариялау мәселесі жалпы нормаларды, ҚР Конституциясын және «Масс-медиа туралы» заңды, сондай-ақ АПК, ӘРПК және ҚПК-де бекітілген арнайы нормаларды қамтиды. Бұл нормалар БАҚ-тың сот процестеріне қол жеткізу мәселелері мен егжей-тегжейін реттейді.
Сондай-ақ жариялылық принципін сақтау туралы қаулы бар. Соған сәйкес, рұқсат етілген ашықтық шегін, мысалы, фото-, аудио- және бейнежазба жасауға, сондай-ақ трансляциялауға рұқсатты сот белгілейді.
Айтпақшы, қаулы қазіргі заман шындығына: тікелей эфирлер мен интернетке сай болуы үшін жаңартуды қажет етеді.
Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері
БАҚ өкілдері іс жүргізудің ашықтығына әсер ететін процестік құқықтарға ие емес және сот белгілеген шекті сақтауға міндетті. Мысалы, егер сот жабық сот отырысын өткізу туралы шешім қабылдаса немесе талқылаудың жекелеген кезеңдерінде жариялылықты шектесе, журналистер белгіленген шектеулерді сақтауға және процестің жабық бөлігіне қатысты мәліметтерді жарияламауға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан заңнамасы ашық сот процестерінің барысы туралы қоғамды ақпараттандыруға тыйым салмайды.
Ашық сот процесінде болып жатқанның бәрі жария етілуі мүмкін. Ол ашық болғандықтан солай. Және бұл соттың төрелік етуіне қоғамдық бақылау жасау деп аталады.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы
Ашық сот процесі барысында алынған ақпарат заңды жолмен алынған деп есептеледі және ол сот төрелігіне араласу туралы айыптауларға қарсы уәж бола алады, дейді Біржанова.
Сот процестерін жариялау ережелері
Гүлмира Біржанова журналистер мынадай қателерге жиі жол береді деген пікірде:
тұлғаның кінәсі туралы үзілді-кесілді мәлімдеме жасау;
нақты үкімді талап ету (сотты біреуді «соттуға» немесе «ақтауға» шақыру);
процеске қатысушылардың дәйексөздері мен пікірлерін толық контекстен үзіп-жұлып беру;
жабық процестерден мәліметтер жариялау (әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты істер, отбасылық даулар, мемлекеттік құпиял, коммерциялық ақпарат және заңмен шектелген өзге де мәліметтер болса).
Жарияланымдар сот төрелігіне араласу ретінде сараланбауы үшін сарапшы кінәсіздік презумпциясын сақтауға, атап айтқанда, шешім заңды күшіне енгенге дейін кінәлі екендігі жөнінде қорытынды жасамауға кеңес береді. Мысалы, «кінәлі» немесе «қылмыскер» деген тіркестердің орнына «айыпталушы», «тергеу нұсқасы бойынша» және т.б. бейтарап сөздерді қолданған жөн.
Сондай-ақ Біржанова журналистерге мыналарды ескеруді ұсынады:
сот отырысының тәртібін сақтау (уақтылы келу, жеке куәлігі болуы, гаджеттердің дыбысын өшіру);
сотқа қысым көрсетпеу (сотты нақты бір шешім шығаруға шақырмау және т.б.);
жабық отырыстардың деректерін жария етпеу;
фактілерді пікірден (баға беруден) ажырату;
фактілерді дереккөздер арқылы растау;
процеске қатысты құжаттарды дұрыс пайдалану;
қысым көрсетуден, балағаттаудан және бейәдеп лексикадан аулақ болу;
процеске қатысушылардың жеке бейнесіне құқығын құрметтеу.
Соңғы тармақтарға тоқтала отырып, Біржанова кейінгі кезде соттардың журналистерге жеке деректерді қорғау, процеске қатысушыларды фотоға және видеоға түсіру құқығы, сондай-ақ «пікір қалдыруға түрткі болатын» жарияланымдарға қатысты жиі наразылық білдіретінін атап өтті.
Иә, кейінгі кезде тіпті терминологияны қолдану мәселесі де туындап жүр — кейде журналистерден заң терминдерін қолдануды және заңгерлер сияқты жазуды талап етеді, бірақ олар Конституция бойынша шығармашылық еркіндікке кепілдік берілгенін ұмытып кетеді.
Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері
Оның айтуынша, журналистерге сот процесін жариялау үшін аккредитация қажет емес. Сонымен қатар олар іске қатысушы тарап емес, сондықтан іс жүргізуші тараптар сияқты кәдімгі процестік өтінішхаттар бере алмайды. Алайда, егер жариялылық принципі бұзылса, Біржанова судьямен дауласпай, шағым жазуға кеңес береді.
Материалдарды дайындау кезінде сот ісінің қай сатыда және қандай мәртебеде екенін көрсету маңызды. Мысалы, егер жарияланым шыққан сәтте сот шешімі заңды күшіне енбеген болса және апелляциялық тәртіппен шағымдануға жататын болса, онда шешімнің «шағымдануға болатынын», «заңды күшіне енбегенін» және т.б. нақты көрсету керек.
Эксперттер арыздасушы екі тараптың да ұстанымын берудің маңызды екенін бір ауыздан мақұлдайды. Егер тараптардың бірі пікір білдіруден бас тартса, «екінші тарап пікір білдіруге шақырылды, бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланбады» деп көрсетуге болады.
Ең маңыздысы, сот жарияланған материалды бағалау кезінде редакцияның балама ұстанымды алуға талпыныс жасаған-жасамағанына әрдайым назар аударады.
Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері
Бұл ұсыныстарды сақтау жауапкершілікке тартылу қаупін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі. Дегенмен Евгений Жовтис атап өткендей, тіпті барлық ережелер қатаң сақталған күннің өзінде толық қауіпсіздікке кепілдік беру мүмкін емес.
Шыны керек, ең дұрыс шешім — ештеңе жазбау. Сонда ғана басыңа бәле тілеп алмайтыныңа кепілдік бар. Ал саясаты құқықтан үстем, бүкіл заң жүйесі атқарушы биліктің сойыл соғарына айналған авторитарлы мемлекетте жазатын болсаңыз, қандай да бір кеңес айтып, кепілдік беру өте қиын.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы
Құқық қорғаушы сот шешімімен келіспейтін тұлғалар оған апелляциялық сотқа, содан кейін Жоғарғы Сотқа шағымдана алатынын және қажет болған жағдайда БҰҰ Комитетіне жүгіне алатынын айтады. Ол сот шешімі күмән тудыруға немесе сынға алуға болмайтын құжат емес деп санайды.
Журналистиканың объектив және этика стандарттары, мораль мен кәсіби жауапкершілік мәселелері көптеген халықаралық журналистік ұйымда егжей-тегжейлі жазылған (1, 2). Қазақстанда осыған ұқсас нұсқаулықты «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры жариялаған — бұл журналистерге арналған түрлі елдің тәжірибесі мен стандарттарына негізделген сот істерін жариялау туралы құрал. Соған сәйкес, журналист қоғамдық мүддені негізге алуға, шынайы әрі баланс сақталған ақпарат беруге, процеске қатысушылардың барлығының құқығын құрметтеуге және соттағы әдеп ережелерін сақтауға тиіс.
Источник: Factcheck.kz