«Азаттық радиосы» Сыртқы істер министріне шағым түсірді.
«Еркін Еуропа радиосы/Азаттық радиосы – Қазақстан» (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның Сыртқы істер министріне жүгініп, журналистерді тұрақты аккредиттеу туралы өтініштерді қарауды созбалаңға салуды тоқтатуды сұрады. Сондай-ақ БАҚ өкілдері өтініштерді қарау мерзімін ұзартудың заңдылығын тексеріп, әрбір өтініш бойынша жеке шешім қабылдауға шақырды.
Мамыр айының ортасында «Азаттық радиосының» редакциясы 11 қызметкерінің аккредитациясын ұзарту үшін Сыртқы істер министрлігіне құжат тапсырған. Алайда екі ай өтсе де, жауап келмеген. «Азаттық Азия» директоры Төреқұл Дооровтың айтуынша, министрлік редакцияға өтініштерді қарау мерзімі тағы екі айға ұзартылғанын хабарлаған.
Бұл кідіріс 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында орын алған.
Осылайша, министрліктің жауабы қыркүйек айының ортасында берілуі тиіс еді. Алайда журналистер әлі күнге дейін аккредитация ала алмаған.
OTKIR KUREK бас редакторы Назымгүл Күміспаева Құрылтайда тұрақты аккредитация беруден бас тартуға байланысты шағым түсірді.
Тәуелсіз Otkir Kurek интернет-басылымының журналисі әрі бас редакторы Назымгүл Күміспаеваға Құрылтайда жұмыс істеу үшін тұрақты аккредитация беруден бас тартылды. Бас тартуға жалғыз себеп ретінде өтініште көрсетілген электрондық пошта мекенжайының БАҚ-тың ресми бланкісі мен интернет-ресурсында жарияланған редакцияның байланыс деректеріне сәйкес келмеуі көрсетілген.
OTKIR KUREK басылымы бұл шешімге сот тәртібімен шағымдануға ниетті.
Прокуратура журналист Лұқпан Ахмедьяровтың Қазақстаннан шығуына тыйым салуды заңсыз деп таныды
Астана қаласының прокуратурасы журналист Лұқпан Ахмедьяровтың шағымын ішінара қанағаттандырып, оның елден шығуына тыйым салуға қатысты Полиция департаменті тергеу басқармасының әрекетін заңсыз деп таныды.
Тамыз айының басында Ахмедьяровқа Астана әуежайынан шетелге ұшуға рұқсат берілмеген.
«Шекара қызметкері маған Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынғанын айтты. Төлқұжатымды қайтарып берді. Елден шығуға тыйым салуға Астана қаласының полиция басқармасы бастамашы болғанын жеткізді», — деп жазды Ахмедьяров Facebook парақшасында.
Шағымды қарау нәтижесінде прокуратура Полиция департаменті тергеу басқармасының әрекетін заңсыз деп танып, мемлекеттік шекарадан өтуге қойылған шектеуді алып тастау қажеттігін көрсетті.
Сондай-ақ прокуратура қылмыстық істің бірнеше рет тоқтатыла тұруына байланысты тексеру жүргізуге уәде берді.
Журналист Астана полициясын сотқа беріп, әуе билеттеріне жұмсаған шығынын өндіріп алуды жоспарлап отыр.
Автобуста жолаушы қызға тиісіп, мазасын алды деген күдікке ілінген ер адам «Уральская неделя» газетін сотқа берді
Орал қаласының тұрғыны автобуста 18 жастағы жолаушы қызбен болған оқиғаның бейнежазбасы жарияланғаннан кейін «Уральская неделя» газетінің үстінен сотқа шағым түсірді.
Бұған дейін полиция аталған ер адамды қызға қорлайтындай сипатта тиісіп, мазасын алды деген күдікпен іздестірген. Бұл әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша қаралған.
Оқиғаның бейнежазбасын редакцияға жәбірленуші қыздың өзі ұсынған. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанымен, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс тоқтатылған.
Басылымға қарсы талап арыз бойынша сот отырысы 30 қазанға белгіленген.
Сот аграрлық ғылымдағы жемқорлық туралы жарияланымға байланысты іскерлік беделді қорғау жөніндегі талап арызды ішінара қанағаттандырды
Сот Қалибаев пен Долинныйдың журналист Кирилл Павловқа қарсы ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды. Сот талқылауына «Сыбайлас жемқорлықты тергеу қоры-бюросы» Telegram-арнасында жарияланған «Қазақстанның аграрлық ғылымының шамын кім сөндіріп жатыр?» атты материал себеп болған.
Талап қоюшылар жарияланған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді және беделімізге нұқсан келтіреді деп тануды, жарияланымдарды өшіруді, теріске шығару материалын жариялауды және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап еткен.
Жауапкерлер талап арыздағы талаптарды негізсіз деп санап, оларды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартуды сұраған. Алайда сот талап арызды ішінара қанағаттандырды.
QazaqstanMedia басылымына қарсы талап арыз медиация арқылы шешілді
«Горизонт» қоғамдық бірлестігі мен QazaqstanMedia басылымы ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғауға қатысты дауды медиация тәртібімен реттеді. Даудың туындауына «Горизонт тарылып барады – Петропавлда саяжай иелері өз мүлкін қорғауда» атты бейнеролик себеп болған. https://www.instagram.com/reel/DPgF5pZCEey/?dlrf=MTB6bWQ5aWY0ZTF1cw==
Қоғамдық бірлестік медиаға қарсы сотқа талап арыз түсірген. Дауды реттеу барысында тараптар талап қоюшының ұстанымы көрсетілетін сұхбат жариялау туралы келісімге келген.
Нәтижесінде талап қоюшы қалған талаптарынан бас тартқан.
Журналист Данияр Әділбеков мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
2024 жылы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған қазақстандық журналист Данияр Әділбеков мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Алдағы бір жарым жыл бойы ол пробациялық бақылауда болады.
Әділбеков 2024 жылдың наурыз айында «Дикая Орда» атты анонимді Telegram-арнасында жарияланған материалдардан кейін ұсталған. Қылмыстық іс мемлекеттік органдардың, коммерциялық ұйымдардың және жекелеген қоғамға танымал тұлғалардың қызметі туралы мәліметтердің таралуына байланысты қозғалған.
Алматыда белгісіз адамдар «Азаттық Азия» журналисі Бағдат Асылбектің пәтеріне заңсыз кірген
Алматыда «Азаттық Азия» журналисі Бағдат Асылбек полиция бөлімшесінде болған кезде белгісіз адамдар оның пәтерінің есігін бұзып кірген.
22 қазан күні таңертең Асылбекке өзін киберполиция қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалған. Ол журналистің банк шотына ақша түскенін және оны қайтару қажет екенін айтқан. Осыдан кейін Асылбек банкке барып, түскен қаражаттан бас тарту туралы өтініш жазған.
Алайда банк бөлімшесінен шыға бергенде оны полиция қызметкерлері ұстап, полиция басқармасына жеткізген. Басылымның мәліметінше, журналистке шақырту қағазы көрсетілмеген.
Асылбек полиция басқармасында түсініктеме беріп жатқан кезде белгісіз адамдар оның пәтеріне кірген. Көршілерінің айтуынша, олар капюшон киіп, беттерін маскамен жасырған екі адам болған.
Үйіне оралған журналист пәтеріне заңсыз кіру дерегі бойынша полицияға арыз түсірген. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы есікті тексеріп, саусақ іздерін алып, куәгерлерден жауап алған.
БАҚ өкілдеріне құқықтық қолдауды MediaQoldau («Құқықтық медиа орталық») заң қызметі көрсетеді. Атап айтқанда, заңгер Гүлмира Біржанова, адвокаттар Әсел Тоқаева («Tokayeva & Partners» адвокаттық кеңсесі), Лилия Чаусова, Мереке Ғабдуәлиев және Елена Жигаленок құқықтық көмек көрсетіп келеді.
Media Qoldau — юридическая служба Правового медиа-центра.
Консультации по правовым вопросам для представителей СМИ и блогеров.
Для получения консультации вы можете написать на почту mediastana@gmail.com или позвонить по номеру +7 7172 424 432 с 9.00 — 18.00