«Еркін емес» Қазақстан: онлайн қыспақ пен цензура

Қазақстан Freedom House жүргізетін жыл сайынғы интернеттегі еркендік рейтиңінде дәстүрлі түрде «Еркін емес» деген таңба иеленіп келеді. Ұйымның кейінгі есебінде де мүмкін болған 100 ұпайдың 37-ін алып, осы статуста қалды. Бұл сандардың артында не жатыр? Интернеттегі еркіндік деген не және ол неге маңызды екенін Factcheck.kz талдауды жөн көрді. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2026 жылғы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында «Билік институттарына қоғамның сенімі» тақырыбында азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесі интернетте пікірін ашық білдіруден қорқатындар көп екенін көрсетті – қазақстандықтардың жартысынан астамы (56,1%) интернетте биліктің әрекетін ашық сынаудан қаймығады, мұны қауіптідеп санайды. Оның ішінде 28,5%-і үзілді-кесілді ашық сынау қауіпті десе, 27,6%-і сын айту қысымға немесе сотқа тартуға әкеп соғады деп қауіптенеді. 14,4% респондент сынауға болса да, нақты аты-жөнін атаудың қажеті жоқ деп санайды. Тек 9,8%-і ғана мемлекеттік органдардың атына сын айту ешқандай да қорқынышты емес деп сенеді.

Қазақстандықтардың ойын еркін айтып, сынаудан қорқуы бекер емес. Freedom House есебі де мұны растай түседі. Мысалы, «Адамдар интернеттегі белсенділігі, әсіресе халықаралық адам құқықтары стандарттарымен қорғалатын әрекеттері үшін жазалана ма?» деген сұрақта Қазақстан мүмкін болған 6 баллдың 2-ін ғана алған, бұл адамдар интернеттегі пікірі, жазбалары немесе онлайн белсенділігі үшін жазалануы мүмкін екенін көрсетеді. 

Мұны кейінгі оқиғалар да көрсетіп отыр. Журналистер хакерлік шабуылдар, жеке деректердің тарауы және әкімшілік істер арқылы қысым жасау туралы хабарлап жатыр. Мұны жақында есеп жариялаған «Шекарасыз тілшілер» ұйымы да жазды. Олардың пікірінше, онлайн жаңалықтардың сапасы жақсарып келе жатқанымен, баспасөзге қысым көрсету өзгеріп, тәуелсіз медианың жалғыз кеңістігі — интернетті бақылау күшейіп жатыр. 

Ұйымның жазуынша, билік 2022 жылдың қаңтарындағы үкіметке қарсы бұрын-соңды болмаған наразылықтар сияқты ірі оқиғаларды медианың жариялауына жол бермеу үшін қол жетімді барлық құралды пайдаланады. Оның ішінде, тұтқындау, шабуылдар, байланыс пен интернетті өшіру бар. Үкімет пропагандасын тарату үшін жеке медиа ұйымдарға ақша төлейді. Ақпарат министрлігінің өзі БАҚ-ты реттеуші ретінде әрекет етеді.

Қазір не болып жатыр?

БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесінің №20/8 қарарында: «Адамның желіден тыс болған құқықтарының, атап айтқанда, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-баптарына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес шекараларға қарамастан және кез келген таңдау құралдары арқылы жүзеге асырылатын сөз бостандығы құқығы да онлайн режимде қорғалуы тиіс екенін растайды», — деп жазылған. Алайда іс жүзінде бұл да, басқа құқықтар да жиі бұзылады, соның ішінде мемлекеттің араласуы салдарынан бұзылып жатады.

Бәріміз білетіндей, интернет-цензура әртүрлі болады. Бұған cайттарды бұғаттау, жабу, әкімшілік немесе экономикалық әдістерді қолдана отырып сайттарға қысым жасау, пайдаланушыларды аңду (оның ішінде оларды онлайн қызметі үшін қудалау мақсатында), Интернет кеңістігін шектен тыс бақылау, жасырын ықпал ету шаралары (интернет-платформаларға DDoS шабуылдары, белсенділердің вирустық және басқа да көптеген бағдарламаларын жұқтыру). 

Биыл Meta компаниясы қазақстандық журналистер мен қоғам қайраткерлерінің Конституция мен референдум тақырыбына арналған жазбаларын жаппай өшірді

Тағы бір айта кететін жағдай — былтыр UlysMedia бас редакторы редакторы Самал Ибраева секс қызметін ұсынатын сайт арқылы жасалған кибершабуылдың нысанасына айналды. Әлдекімдер оның фотосуретін, аты-жөнін және телефон нөмірін пайдаланып, жалған аккаунт ашып, оны интимдік қызмет көрсететін әйел ретінде профилін жариялаған.

Ал биыл сәуірде түрлі шағымдар негізінде парақшаларынан материалдардың өшуі туралы туралы ҚазТАГ ақпараттық агенттігі мен «Республика» интернет-басылымы хабарлады, сонымен бірге «Құқықтық медиа орталық» ұйымының Facebook және Instagram-дағы аккаунттарына кіруге уақытша тыйым салынғанын айтты.

Оның алдында референдумға дайындық барысында түрлі медиа ұйым, БАҚ, тәуелсіз журналистер мен қоғам қайраткерлері материалдардың жойылғаны немесе аккаунттарын бұғаттау туралы хабарлаған болатын. Оның ішінде Вадим Борейко, Лұқпан Ахмедьяров, Данияр Молдабеков пен Юлия Козлова, Masa.media басылымы, Тамара Еслямова, «Уральская неделя» газеті, Динара Егеубаева, Гульмира Биржанова, Диана Окремова, «Құқықтық-медиа орталық», Виталий Шевченко, Әсем Жапишева, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро, Данияр Мурат, Василий Садыков, Мұрат Адам, Эльмар Хусаинов және басқалары бар. 

21 мамырда қазақстандық Власть басылымы ауқымды DDoS шабуылы туралы хабарлады.

Ақпанда ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің сайтына бірқатар провайдер арқылы кіру мүмкін болмады. Редакция мұны Конституцияға қатысты сыни материалдармен байланыстырды. 

Былтыр «Республика» басылымы өзінің уеб-сайтының Қазақстанда бұғатталғанын хабарлаған

Бұл мысалдар түрлі формадағы онлайн қудалаудың бір сыпырасы ғана. Қандай бап интернеттегі қудалауға себеп болуы мүмкін екенін мына материалымыздан толығырақ оқи аласыз.

Жалпы, Internet Freedom ұйымының есебінше, 2014 жылдан 2023 жылдары аралығында Қазақстанда барлығы 127 669 онлайн контент бұғатталған. Оның басым бөлігін Ақпарат министрлігі бұғаттаса (118 935 жағдай), 8666-ын сот шешімімен бұғатталған.  Бұлардың ішінде ішінде жалған ақпарат тарату, интернет-казино сынды контент те бар. 

Қазақстанда интернетті толықтай өшіріп тастау практикасы да қолданылады. Мұның жарқын мысалы 2022 жылы Қаңтар қырғыны кезінде анық байқалды. Мұндай уақытта ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектеліп, адамдар жақындарымен байланыс орната алмайтыны өз алдына, адамдар қорғану тәсілінен де айырылады. 

Factcheck.kz бұған дейін жазғандай, интернетті бұғаттаудың салдары экономикаға да айтарлықтай әсер етеді. Интернетті бұғаттаудан бірінші кезекте қаржы жүйесі зардап шегеді, себебі заманауи экономика үздіксіз цифрлық транзакция арқылы жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезіндегі мәлімдемелеріне сүйенсек, байланыстың кідіруі барлық қаржы ұйымының жұмысын тұралатып, биржа саудасы, азаматтардың және бизнестің ішкі есептесуі, халықаралық валюта аударымы сияқты операция түрлеріне әсерін тигізген. Оның үстіне, Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан электрондық сауда интернеттің бұғатталуынан қатты зиян шегеді. Елдегі e-commerce саласы жылдан жылға орнықты өсім көрсетіп келеді. Жалпы сауда айналымындағы онлайн сауданың үлесі 15%, ішкі электрондық сауда көлемі 2026 жылдың басында 3,2 трлн теңгеден асып жығылды.

Бірақ мұның өзі үкіметті ойландыратын фактор емес сияқты. 

Жақында Конституциялық сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды адамдары байланыс желілері мен құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерін көрсетуді, интернет-ресурстарға және оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді келесідей шарттардың жиынтығы кезінде тоқтата тұруға құқылы деген шешімге келді. Олар: 

  • кейінге қалдыруға жол бермейтін жағдайдың болуы; 
  • жағдай ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін; 
  • жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектісінің мүдделі кезінде; 
  • байланыс саласындағы уәкілетті органдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын  және Бас прокуратураны жиырма төрт сағат ішінде міндетті түрде хабардар ету.

Енді не болады?

Мұндай тенденция Қазақстанда ғана болып жатқан жоқ. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының жазуынша, биыл Баспасөз бостандығы индексі тарихында тұңғыш рет әлем елдерінің жартысынан көбі баспасөз бостандығының жағдайы «ауыр» немесе «өте ауыр» деп танылған. 25 жыл ішінде Индекске енгізілген барлық 180 ел мен аумақтың орташа баллы ешқашан мұндай төмен болған емес. 2001 жылдан бері, әсіресе ұлттық қауіпсіздік саясатына қатысты, барған сайын күшейген шектеулер мен құқықтық құралдардың кеңеюі, тіпті демократиялық елдерде де ақпарат алу құқығын бұзады. 

Құқыққорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, Қазақстанның бұл мәселедегі болашағын жаһандық геосаяси жағдай контексі мен ішкі саяси контекст айқындайды. Бірақ құқыққорғаушы белгілі бір шектеулер күшейетінін болжаса да, Қазақстан жабық экожүйеге толық көшуі неғайбыл дейді. 

Цифрлық авторитаризмге немесе сол бағыттағы қозғалысқа келсек, бұл қозғалыс немесе процесс саяси контекстке (геосаяси және ішкі) байланысты екені анық. Біріншіден, Қазақстан, барлық белгі бойынша, авторитарлы мемлекет, билік қоғамды бақылауға мүдделі. Саяси субъективтілікке қатысты қоғамның кез келген талабын баса алатындай дәрежеде бақылауда. Бұл саяси оппозициялық топтар ма, тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар ма, адам құқықтары ұйымдары ма, журналистер ме және т.б. ма, маңызды емес. Яғни, билік бұл саланы қатаң бақылауға алып, кез келген қауіптерді жоюы керек. Толық оқшаулану болмаса да, күшейтілген цифрлық бақылау бұл мәселенің ең қолайлы шешімі екені анық. Олар дамыған демократиялық елдерде бұл қалай болып жатқанын мұқият бақылап отыр, өйткені бұл цифрлық авторитаризм элементтері де сол елдерде көбейіп келедіЕвгений Жовтис

Бұдан бөлек, құқық қорғаушы Қазақстан жаһандық экономикамен терең байланыста болғандықтан, оқшаулануы қиын дейді. 

Бұл оймен Media Qoldau заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова да келіседі. Оның сөзінше, интернетті толығымен оқшаулау өз еліміздің экономикасына зиян келтіруді білдіреді.

«Бизнес, банктер және IT-компаниялар күн сайын халықаралық цифрлық қызметтерді, соның ішінде жаһандық компаниялардың өнімдерін пайдаланады. Интернетті толығымен оқшаулау оларға, соның ішінде ел экономикасына зиян тигізеді.Бірақ сонымен бірге, өкінішке қарай, цифрлық бақылаудың жекелеген элементтерін күшеюі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл қазір болып жатқан жағдай. Қазірдің өзінде біздің заңнамада интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу тетіктері, жеке интернет-платформаларға қойылатын талаптар, интернет-кеңістігіне мониториң жүргізу арқылы цифрлық кеңістікті мемлекеттік реттеуді күшейту қарастырылған. Ал бақылауды кеңейтудің бұл сценарийі біздің еліміз үшін шынайырақ», — деп аяқтады ойын сарапшы.

Басты беттегі сурет: Magnific.com

Источник: Factcheck.kz

Поделиться:

Правовой медиа- центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz