Сот Астанадағы митиңдер туралы ақпарат беруден бас тартуды заңды деп таныды

Қазақстанда ақпаратқа қол жеткізуге қатысты дау сотқа жетті. «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры Астана әкімдігінен қаладағы бейбіт жиындар туралы ақпарат беруді талап етіп, сотқа жүгінді. Алайда сот талап арызды қанағаттандырмай, әкімдіктің ақпарат беруден бас тартуын заңды деп таныды.

Іс бойынша талапкер — қор директоры Диана Окремова соттан Астана әкімдігінің бейбіт жиындарға қатысты ақпарат беруден бас тартуын заңсыз деп тануды және сұратылған мәліметтерді ұсынуды міндеттеуді сұраған.

«Жауапкер митиң атауларының өзін жеке дерек деп есептейді. Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл ақпарат маған конституциялық құқығымды жүзеге асыру үшін қажет. Ешбір заңда ақпарат не үшін керек екенін дәлелдеуге міндеттейтін норма жоқ. Митиңдер— ашық қоғамдық іс-шаралар. Әкімдік Конституциялық соттың қаулысын және мемлекет ашық, жария әрі қоғам алдында есеп беретін болуға тиіс деген президент ұстанымын елемей отыр», — деді Окремова сот барысында.

Әңгіме былтыр тамыз айында ақпарат беруден бас тарту мәселесі туралы болып отыр.

Талапкер тараптың өкілі Евгения Нефедьева сотта талапкер сұратқан мәліметтердің ешқайсысында жеке деректер жоқ екенін айтты. Осыған байланысты ол шенеуніктердің ақпарат беруден бас тартуын заңсыз деп тануды сұрады.

Ал жауапкер — Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы өкілі талап арызды толықтай қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, сұралған ақпарат берілмейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жеке деректерді қорғау талаптарына байланысты. Сондай-ақ жауапкер талапкермен медиативтік келісім жасаудан да бас тартқан.

«Біз бұл ақпаратты бермейміз. Талап арызды қолдамаймыз және оны толықтай қанағаттандырудан бас тартуды сұраймыз. Ақпарат иесі үшінші тұлғалардың келісімінсіз мәліметті жариялай алмайды. Сондықтан талапкерге қандай да бір дерек ұсынуға мүмкіндігіміз жоқ. Қазіргі таңда ақпаратты бермеуіміз заңды, себебі бұл — қолжетімділігі шектелген ақпарат», — деді жауапкер өкілі сотта.

Нәтижесінде сот «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының талабын қанағаттандырмады.

«Сот талапкердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын анықтаған жоқ. Ақпарат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының “Дербес деректер туралы” заңына сүйеніп түсіндірілген. Сот бұл жағдайда жауапкер әрекетінен заң талаптарын бұзу белгілерін көрмейді. Оның үстіне, талапкер аталған іс-шараның қатысушысы да, ұйымдастырушысы да емес», — деді судья шешімді жариялау кезінде.

Сондай-ақ талапкер соттан іске мүдделі тарап ретінде қатысқан Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне қатысты жеке ұйғарым шығаруды сұрады. Бұған дейін талапкер министрлікке ақпарат беруден бас тарту мәселесі бойынша шағым жолдаған. Алайда ведомство тексеру жүргізудің орнына өтінішті әкімдікке қайта жіберген. Сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.

«Құқықтық медиа-орталық» мәліметінше, бұған дейін Астана әкімдігі митиңдердің тақырыбын жариялаудан бас тартып, мұны дербес деректерді қорғау талабы деп түсіндірген. Қордың хабарлауынша, әкімдік «митиң тақырыбы, өтетін күні мен орны туралы ақпарат ұйымдастырушының кім екенін анықтауға мүмкіндік беруі мүмкін» деген ұстанымды алға тартқан.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстандағы бейбіт жиындар мәселесін бірнеше рет көтерген. Биыл мамырда Венада өткен ЕҚЫҰ жиынында Денис Дживага Қазақстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығы іс жүзінде жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. Бейбіт жиындарға қатысты заңнаманың барлығы күрделі тыйымдарға құрылған және бұл азаматтарды мұндай шараларды өткізу мүмкіндігінен айырады. Пикеттер мен бейбіт жиындарды өткізуді одан әрі қиындататын жаңа нормативтік актілер үнемі қабылданып жатыр», — деді ол.

Тағы да оқыңыз
2024 жылдың алғашқы жеті айында Астанада 732 наразылық акциясы өтті, оның ішінде 162-і шеру болды. Барлығы әкімдікпен келісілген. Алайда бұл деректер тек қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мәліметтеріне сүйенгенде ғана осындай белсенді көрінеді. Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросы журналисі Андрей Гришин бейбіт жиындарға қатысты статистиканы шенеуніктердің қалай бұрмалайтынын баяндады.

Басты беттегі сурет: Viktor Hesse/Unsplash

Источник: Factcheck.kz

Поделиться:

Правовой медиа- центр

Казахстанская неправительственная организация, работающая в сфере масс-медиа, правовой защиты и обучения журналистов с 2003 года.

Правовой Медиа-центр © 2026. Все права защищены. Использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на lmc.kz