«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының баяндамасында қоғамдық қызметтегі әйелдер интернеттегі зорлық-зомбылықтың көбеюімен және оның барған сайын күрделі түрлерімен кездесетінін мәлімдеді. Оның ішінде жасанды интеллект арқылы жасалған дипфейктер және «виртуалды зорлық» құбылыстары да бар, деп хабарлайды The Guardian.
2025 жылдың соңында 119 елден 640-тан астам мемлекеттік қызметтегі әйел арасында сауалнама жүргізілген. Зерттеу нәтижесі бойынша әйелдердің 27%-ы жыныстық сипаттағы ұсыныстар немесе интимдік фотолар алғанын айтқан. Ал 12%-ы келісімсіз интимдік сипаттағы жеке суреттері жарияланғанын мәлімдеген. Тағы 6% әйел дипфейк құрбаны болғанын айтты.
«Әйелдерді, журналистерді немесе құқық қорғаушыларды цифрлық кеңістіктен ығыстырса, барлығы ұтылады. Журналист әйелдер шындықтың қалай жеткізілгендігін, кімнің оқиғалары жария болатындығын қадағалауда маңызды рөл атқарады. Құқық қорғаушы әйелдер немесе қоғамдық қызметтегі әйелдер цифрлық кеңістіктен шеттетілген кезде, біз заңның олқылығын көреміз», — деді «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының өкілі Каллиопи Мингеру.
Құжатта жасанды интеллект көмегімен «виртуалды зорлау» жасау қылмыскерлердің құралына айналғаны да айтылған. «Нәтижесінде қоғамдық өмірдегі әйелдерге қарсы қауіп-қатер күшейді. Бұл әйелдерді көзге көрінетін қоғамдық рөлдерден ығыстыруға және гендерлік құқықтарын шектеуге бағытталған», — дейді баяндаманың жетекші зерттеушісі әрі авторы Джули Посетти.
Посеттидің айтуынша, ЛГБТК+ тобына жататын әйелдер интернетте зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Сондай-ақ нәсілі бойынша кемсітушілікке тап болатындар немесе белгілі бір діни топқа жататын әйелдер де қылмыскерлердің құрбаны болып жатады.
«Әйел болудың өзі сені нысанаға айналдырады. Егер әлеуметтік нормаға сай емес, мәдениеті бөлек әйел болсаң, қауіп одан сайын күшейеді. Оған қоса өз пікірін ашық айтатын, ер адамдар отырған билікке шындықты жеткізетін әйел болсаң, мизогиниялық шабуыл артады», — дейді Джули Посетти.
Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан журналист әйелдер мен медиа қызметкерлерінің төрттен бірі интернеттегі зорлық-зомбылық салдарынан күйзеліске шалдыққанын айтқан. Шамамен 13% әйелге посттравматикалық стресстік бұзылыс диагнозы қойылған.
Көптеген әйел интернеттегі зорлық-зомбылықтан қорқанынан сезімтал тақырыптардан қашқақтап, үнсіз қалуға мәжбүр болған. Журналист әйелдердің 45%-ы әлеуметтік желілерде өзін-өзі цензуралағанын, ал шамамен 22%-ы кәсіби қызметінде де осындай шектеуге барғанын айтқан.
Каллиопи Мингерудің айтуынша, технологиялық компаниялар зорлық-зомбылықты алдын алатын тетіктер енгізіп, шағымдану құралдарын жасауы қажет. Билік өкілдері де шара қабылдауы керек, өйткені әлем елдерінің шамамен 40%-да ғана әйелдерді киберқудалау мен киберсталкингтен қорғайтын заңдары бар.
Ақпарат көзі: Batyr Jamal