Орталық Азия үкіметтері журналистер мен белсенділерді онлайн пікірі үшін жүйелі түрде қудалап жатыр: заң, технология және бақылау — үшеуі де осы мақсатта қолданылады. Халықаралық адам құқықтары ұйымдарының бірлескен мәлімдемесінде осындай тұжырым жасалған.
2026 жылдың 11–12 мамырында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Вена қаласында өтіп жатқан «Цифрлық дәуірдегі азаматтық кеңістікті қорғау» атты қосымша адами өлшем кеңесіне дайындалған арнайы мәлімдемеге Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік (IPHR), Қазақстанның Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюросы, Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығы (AHRCA) және Түркіменстандағы адам құқықтары бастамасы (TIHR) бірлесіп қол қойған.
Қазақстандағы үйқамақ және айыппұл
Мәлімдеме авторлары Қазақстанда ақпарат құралдары мен азаматтық белсенділерді қудалаудың жаңа толқыны басталды деп санайды. Онлайнда жарияланған материалдары үшін «Жалған ақпарат таратты» деген айыппен қылмыстық істер қозғалған.
Халықаралық ұйымдар Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қылмыстық кодекстегі бұл бапты ішінара декриминализациялауды қарастыруын «дұрыс бағыттағы қадам» деп бағалайды. Бірақ олардың ойынша, бұл бап Қылмыстық кодекстен мүлде алып тасталуы керек.
«Тәуелсіз журналистика мен еркін қоғамдық пікірталасты тұншықтыру мақсатына теріс пайдалануға жол бермеу мақсатында [бұл бапты] толық декриминализациялау аса маңызды болып қала береді», – делінген мәлімдемеде.
Мәлімдеме авторларының айтуынша, Қазақстанның құзырлы органдары Әкімшілік кодекстегі «абайсызда таратылған жалған ақпарат» туралы норманы да «еркін сөзді шектеу үшін қолданып келеді». Бұған мысал ретінде олар Азаттық радиосына салынған айыппұлды атаған және Азаттық тілшілеріне «қысымның бұдан да ауқымды шаралары аясында» аккредитация берілмей отырғанын да ескерткен. Сонымен бірге құқық сарапшылары 2026 жылғы наурызда өткен Конституция бойынша референдум қарсаңында сауалнама жүргізу ережелері үшін «бірнеше блогерге» айыппұл салынғанын да айтады.
Ұйымдар азаматтық белсенділер мен тәуелсіз журналистерді «нысанаға алған», ЖИ-ға негізделген технология трендтеріне, соның ішінде онлайн шабуыл, аңду және профайлын жасау әрекеттеріне алаңдайтынын мәлімдеді. Мәселен, 2025 жылғы маусымда блогер әрі белсенді Санжар Боқаев ЖИ кіріктірілген бет-жүзді тану камерасының көмегімен «азаматтық белсенді» деп көрсетіліп, ұсталған. Ол жолы Боқаев босатылып, билік мұны «қателік» деп түсіндірді. Алайда ұйымдар бұл жағдайды «ЖИ технологияларының үкіметті сынайтын адамдарды жосықсыз бақылауға қолданылу қаупін күшейткенін» айтты.
Жоғалған аккаунттар
Бұған қоса халықаралық ұйымдар тәуелсіз медиа сайттарына кибершабуылдар жасалғанына, референдум қарсаңында ақпарат құралдары мен блогерлердің әлеуметтік желідегі аккаунттарының өшіп қалғанына алаң білдірген. Олар бұл науқанның «үйлестірілген» түрде жүргізілгеніне назар аударады.
Мәлімдемеде мұны «әлеуметтік желідегі контентке шағымдану әдісінің орынсыз қолданылуы қатты алаңдататыны» айтылады. Мәселен, Өзбекстанда Hook Report және Sarpa Media сияқты тәуелсіз медиаплатформалардың, жекелеген блогерлердің аккаунттары өшіп қалды, ал Орталық Азия адам құқықтары қауымдастығының Telegram-дағы аккаунтына хакерлік шабуыл жасалды. Қазақстанда да билікке қатысты сыни пікірлер көп жариялайтын журналистердің, құқық қорғаушылар мен блогерлердің Instagram, Facebook және YouTube-тегі аккаунттары түрлі себептермен істемей қалған.
Қазақстанның құзырлы органдары елде сөз бостандығы шектелмейтінін, цензураға тыйым салынғанын айтады. Ал қозғалып жатқан істерде журналистер кәсіби қызметі үшін емес, заң бұзғаны үшін жауапқа тартылады дейді.
Азаттық наурыз айында Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдап, әлеуметтік желідегі жазбалардың өшірілуі жөнінде «Meta компаниясымен әріптестігі аясында қандай да бір шара қолданып жатсыздар ма?» деп сұрақ қойған. Министрлік жауап бермеген.
Meta компаниясы қазақстандықтардың парақшаларындағы контенттің өшірілуі туралы айтқандарына түсініктеме бермеді. Қазақстанда 2025 жылы қарашада осыған ұқсас жағдайлар болғанда Азаттық Меtа-ға хат жазған, ресми жауап болған жоқ.
«Психиатриялық ауруханаға» жатқызылғандар мен «із-түзсіз жоғалғандар»
Мәлімдемеде Қырғызстандағы жағдай да алаңдатарлық деп сипатталады. «Билік өкіліне бағынбағаны» үшін сотталған екі журналистің босатылғанын құптаған құқық қорғаушылар бұл елде «онлайн айтылған орынды пікірді тұншықтыру үшін қылмыстық айыптарды пайдалану» жалғасып жатқанын айтады.
Сарапшылар Тәжікстанда ең көп журналист түрмеде отырғанына, олардың арасында үкімет саясатын сынайтын материалдар жариялағаннан соң ұзақ жылға сотталған журналистер бар екеніне назар аударған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстан құзырлы органдары «елдегі жоғары лауазымды тұлғалар мен президенттің отбасы мүшелері жайлы онлайн сын жазғанына өш алу ретінде» шетелде жүрген бірнеше блогердің үстінен іс қозғалғанын да қауіпті үрдіс деп бағалайды. Бұған қоса Өзбекстанда блогер Шахида Саломова президент пен оның туыстары туралы постары жарияланғаннан үш жыл өткен соң психиатриялық ауруханаға жатқызылған. Оның денсаулығы «тәуелсіз медициналық тексеруден өтпегеніне» назар аударады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Түркіменстан да шетелдегі блогерлерді қудалауды күшейткен. Ашғабаттағы билікті сынаған блогерлер Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусов Түркияда ұсталып, кейін сол елдің Конституциялық сотының шешімімен босап шыққан. Бірақ артынша олардың екеуі із-түзсіз жоғалып кетті, кей болжамдар бойынша олар Түркіменстанға күштеп әкелінген болуы мүмкін.
Үш тарапқа талаптар
Баяндама авторлары үш тарапқа нақты талаптар қойды. Орталық Азия үкіметтеріне онлайн пікір білдіргендерді қылмыстық қудалауды тоқтату, «жалған ақпарат тарату» бабын декриминализациялау және белсенділерді цифрлық аңдудан бас тарту ұсынылды. Сарапшылар ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді аймақтағы интернет-цензура мәселесін жүйелі көтеріп, тәуелсіз медиаға қолдау көрсетуге шақырды. Бұған қоса олар жаһандық платформаларды биліктің негізсіз өтініштеріне құлақ аса бермеуге және шағымдану механизмдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге үндеді.
Источник: Азаттық Радиосы