2025 жылы сәуірінде «Время» газетінің 10 жыл бұрынғы материалы бойынша іс қаралған еді. Оқиғада да талап қою мерзімі он жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан, сот алдын ала тыңдаулар барысында істі қарауды жалғастырып, сараптама тағайындаған. Кейін сот шешімімен «Время» газетіне тағылған айып алынып тасталғаны жөнінде ақпарат бар. Сол кезеңде «Әділ сөз» қоры талап қою мерзімі өтіп кеткен жағдай, сот істің өзге мән-жайларын зерттемей-ақ, алдын ала сот отырысының нәтижесінде талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауы керек деп жазды.
Аталған мысал талап қою мерзімінің тәжірибеде әлі де түсіндірулер талап ететінін көрсетеді. Factcheck.kz редакциясы толығырақ талдап, масс медиа мен онлайн платформаның айырмашылығын анықтап, негізгі мәселелерге тоқталды.
2024 жылға дейін…
2024 жылға дейін медиа қызметкерлері үшін қолданыста болған «БАҚ туралы заңда» талап қою мерзімі деген түсінік болмаған. Сәйкесінше медиа өкілдерін мерзімі өткен жазбалары үшін жазалаған оқиғалар жетерлік. Мәселен 2009 жылы Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті Орал қаласының №2 сотына «Уральская неделя» газетінің журналисі Лукпан Ахмедьяровқа қатысты арыз жазды. Шағымға себеп журналистің 2 жыл бұрынғы, яғни 2007 жылғы БҚО ІІД құрылымындағы сыбайлас жемқорлық заңбұзушылықтарға қатысты материалы себеп болған. Департамент мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес емес деп тануды және 15 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндіруді талап еткен.
2020 жылы «Titus.kz» желілік редакциясынның 9 жыл бұрын жарияланған (2011 жыл) материалына қатысты іс қаралды. Шымкент қаласының Абай аудандық соты сараптама тағайындады. Арызданушы тұлға «Titus.kz» бас редакторы Антон Даниловқа мақаланы және пікірлерді өшіру туралы өтініш жасаған. Редактор бұл өтінішті орындаған.
Сол жылдары медиа заңгер Ольга Диденко Қарағанды облысында бірден екі редакцияны 10 жыл бұрын жарияланған материалға байланысты ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз бойынша жауапқа тартылғаны туралы жазған еді. Арызданушы жеке өмір құпиясын бұзды деген себеппен шағым түсірген. 2020 жылы «Жаңа репортер» ұйымы бұл мәселені талдап, Қазақстанда кез келген мерзімде жарияланған материал немесе сюжет бойынша талап қоюға болатынын айтқан. Сол кезде Диденко талап қою мерзімінің жоқтығы қазақстандық медиа үшін үнемі қауіп төндіреді деген пікір білдірген.
«Шынында да — қазақстандық медиа үшін үнемі қауіп бар: қажет болған жағдайда ескі жарияланымды немесе сюжетті тауып, талап қоюға болады. Теріске шығаруды, ақша өндіруді және тағы басқа талаптарды қою — әдетте БАҚ редакциялары мен журналистерден талап етілетін нәрселер. Сот процесін бастап, бүкіл редакцияны ұзақ уақыт бойы қысымда ұстауға мүмкіндік бар.
Ольга Диденко, медиа заңгер (2020 жылы жазған пікірі)
Медиа заңгер сол кезеңде өз сөзін Қазақстанда мұндай нақты мерзім әзірге белгіленбеген деп қорытындалайды. Ал қазір 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заңда талап қою мерзімі 1 жыл деп көрсетілген. Әрі қарай осы түсінікті кеңінен талдап, тәжірибеде қалай қолданылып жүргенін сараптайық.
Талап қою мерзімі заңда қалай түсіндірелді?
2 жыл бұрын қабылданған «Масс-медиа туралы» заңның 38-бабы, бірінші тармағында БАҚ қызметкері шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратқан мерзімнен, жеке және заңды тұлғалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаған уақыттан 1 жыл асса, жауапқа тартылмайтыны көрсетілген. MediaQoldau құқықтық қызмет жобасының жетекшісі Гүлмира Біржанова талап қою мерзімі енгізілгені бұл — алға жасалған қадам деген пікір білдірді. Оның сөзінше бұл норма тек заңды түрде БАҚ ретінде тіркелген субъектілерге ғана қолданылады. Біржанов сөзінше тіркелмеген ресурстарға ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабы бойынша талап қою мерзімі жоқ.
Медиа қауымдастығы көп жылдар бойы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы азаматтық істер бойынша талап қою мерзімін енгізу қажеттігін айтып келді. Бұл БАҚ-тың тұрақты құқықтық тәуекел жағдайында болмауы үшін маңызды болды. Себебі жарияланымдар жылдар өткен соң да дауға түсіп, БАҚ әрдайым ақпарат көздері мен дәлелдерді сақтауға мәжбүр болды. Тіпті жауапкершілікке тартылған жағдайлар да кездескен.
Гүлмира Біржанова, құқыққорғаушы, MediaQoldau құқықтық қызмет жобасының жетекшісі
Біржанованың сөзінше қазіргі уақытта Жоғарғы Сот ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы қаулы дайындап жатыр, және бұл мәселе сол құжатта міндетті түрде көрініс табуы тиіс. Жоғары соттың ресми сайтында бұл туралы шығарылаты қаулының жоба күйіндегі түсіндірмесі бар. Соттардың ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау жөніндегі заңнаманы қолдану туралы қаулы жобасының 22 бөлігінде, бір жыл мезгіл бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап есептелінеді деп көрсетіледі. Материалдық емес талаптар мен жеке мүліктік емес құқықтарды қорғау үшін басқа субъектілерге талаптар қойылған кезде талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.
Десе де, мұндай талап «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда көрсетілмеген. Осы тұста заңды сауал туындайды: Құзырлы органдар БАҚ өкілдерінің әлеуметтік желілерінде бірнеше жыл бұрынғы жарияланған материалын «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға сүйеніп іс қозғай ала ма? Әр қарай осыны талдайық.
Онлайн-платформа мен масс-медианың айырмасы
Құқыққорғаушы Гүлмира Біржанова онлайн-платформалардағы контенттерге бұл мерзім қолданылмайтынын айтып, негізгі мәселе БАҚ-тың тіркеліп-тіркелмегінінде екенін жеткізді. Оның сөзінше бұл — болашақтағы, яғни алдағы уақытта қарастырылатын мәселе. Себебі мұндай жағдайлар әлі тәжірибеден өтпеген. Заңгер негізінен ресми түрде БАҚ ретінде тіркелген ресурстардағы материалдар «Масс-медиа туралы» заңмен қаралуы керек деген пікір білдірді.
Қазіргі уақытта бір жылдық талап қою мерзімі нормасын онлайн-платформаларға да енгізу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Мен онлайн-платформалардағы контентке қатысты талап қою мерзімін енгізуді аса қолдай бермеймін. Себебі, БАҚ саласындағы талап қою мерзімдері жарияланымдар үшін «мәңгілік жауапкершіліктен» қорғауға бағытталған. Мүмкін, көпшілік менімен келіспеуі де мүмкін. Бірақ менің ойымша, талап қою мерзімі ең алдымен журналистерді қорғауға бағытталуы тиіс.
Гүлмира Біржанова, құқыққорғаушы, MediaQoldau құқықтық қызмет жобасының жетекшісі
Оның сөзінше онлайн-контенттің мәселесі мерзімнің жоқтығында емес, оның табиғатымен байланысты. Яғни әлеуметтік желілердегі жарияланымдар жылдар бойы қолжетімді болады, көшіріледі, қайта жарияланады (репост жасалады) және іс жүзінде желіде үнемі «өмір сүре» береді. Ал мұндай жағдайда репост жасаушыны айыптау әрдайым — даулы мәселе. Заңгер Қазақстанда құқық қолдану тәжірибесі қалай қалыптасса да, ең бастысы — тепе-теңдік сақталуы керек екенін айтты. Ол бір жағынан, азаматтың өз құқықтарын қорғау үшін нақты әрі жеткілікті уақыты болуы тиіс дейді. Ал екінші жағынан, журналистер мен редакциялар көп жыл бұрын жарияланған материалдар үшін үнемі жауапкершілікке тартылу қаупі жағдайында қалмауы керек.
Тәжірибеде әлі де даулы
2025 жылдың сәуірінде «Время» газетінің материалына қатысты іс қаралды. Бұл іс басылымның 10 жыл бұрынғы, яғни 2015 жылғы материалына қатысты қозғалған. Онда БАӘ-ден автокөлік әкелуге уәде берген кәсіпкерге қатысты сот процесі туралы сөз болған. Жарияланғаннан 10 жыл өткен соң талапкер бұл мәліметтер оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп есептеп, теріске шығару жариялауды, мақаланы басылым сайтынан өшіруді және моральдық зиян үшін 1 млн теңге өтемақы төлеуді талап еткен. Алдын ала тыңдауларда «Время» газеті талап қою мерзімінің өтіп кетуіне байланысты істі қараудан бас тарту туралы өтініш білдіргенімен, сот істі қарауды жалғастыру туралы шешім қабылдап, сараптама тағайындады. Кейін сот шешімімен «Время» газетіне тағылған айып алынып тасталғаны жөнінде ақпарат бар. Десе де «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Азаматтық процестік кодекстің 172-бабы 6-бөлігіне негіздеп, талап қою мерзімі өтіп кеткен жағдайда, сот істің өзге мән-жайларын зерттемей-ақ алдын ала сот отырысының нәтижесінде талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауы керек деп мәлімдеме жасады.
Сол жылдың шілдесінде Tengrinews.kz редакциясының 2014 жылғы материалы бойынша да арыз түскен. Шағым медианың «Алматыдағы автосалон директоры клиенттерді жарты миллион долларға алдады» атты мақаласына байланысты жазылды. Материалда «Альшейхмоторс» автосалонының директоры Асылбек Баетов айыпталушылар орындығында отырғаны айтылады. Десе де сол кезде кәсіпкер Асылбек Баетовтың берген арызын сот қанағаттандырмады. Негізгі себебі ретінде «Масс-медиа туралы» Заңның 38-бабына сүйеніп, талап қою мерзімі бір жыл екенін жазылған. Бұл істе сот ешқандай сараптама талап етпей, бірден істі жауып тастаған. БАҚ-та бұл іс Қазақстанда медиаға қатысты талап қою мерзімінің алғаш рет қолданылған жағдайы ретінде сипатталды.
Гүлмира Біржанованың сөзінше 2024 жылдың 20 тамызына дейінгі материалдарда бір жылдық мерзім қолданылмайды. Құқыққорғаушы бұл талапты «Масс-медиа туралы» 20 тамызда күшіне енгенімен байланыстырды. Десе де ол құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл мәселені нақтылау үшін Жоғарғы Сот тарапынан түсіндірме қажет деп жауап берді.
Сот тәжірибесіне келсек, біреулер бұл норманы қолданады, ал біреулер қолданбайды. Менің ойымша, бұл жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, себебі тәжірибеде масс-медиа туралы заң нормалары кейде еленбей жатады. Мысалы, дауды сотқа дейін реттеу нормасын алайық — біз әлі күнге дейін оның міндетті екенін, соның ішінде сотта да түсіндіріп келеміз.
Гүлмира Біржанова, құқыққорғаушы, MediaQoldau құқықтық қызмет жобасының жетекшісі
«Әділ сөз» қоры талап қою мерзімінің тәжірибеде даулы екенін жазған. Ұйымның жазуынша Азаматтық кодекстің 4-бабына сәйкес, азаматтық заңнама актілерінің кері күші болмайды, олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған істерге ғана қолданылады. Осы нормаларға сүйенсек, талап қою мерзіміне қатысты жаңа ереже тек 2024 жылғы 20 тамыздан кейін БАҚ-та жарияланған мәліметтерге ғана қолданылуы тиіс сияқты. Десе де ұйым бір жылдық талап қою мерзімі теріске шығару, жауап беру, залал мен моральдық зиянды өтеу құқықтарының бұзылуына байланысты қолданылатынын атап өтті. Осы тұста талап қою мерзімі даулы ақпарат жарияланған күннен бастап есептелгенімен, ол БАҚ-қа сотқа дейінгі талап қойылғаннан кейін ғана қолданылады деп мәлімдеді.
Мұндай түсіндіру «Масс-медиа туралы» заңның 38-бабының мазмұнынан да, Азаматтық кодекстің 4-бабының 2-бөлігінен де тікелей туындайды. Осылайша, егер сотқа дейінгі талап БАҚ-қа 2024 жылғы 20 тамызға дейін берілсе, бір жылдық талап қою мерзімі қолданылмайды, ал егер 2024 жылғы 20 тамыздан кейін берілсе — қолданылады (әрине, егер даулы материал жарияланған күннен бастап сотқа талап арыз берілгенге дейін бір жылдан астам уақыт өтсе). Азаматтық процестік кодекстің 172-бабы 6-бөлігіне сәйкес, талап қою мерзімі өткізіліп алынған жағдайда, судья істің өзге мән-жайларын зерттемей-ақ алдын ала сот отырысының нәтижесінде талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
«Әділ сөз» қорының жазуынша тәжірибеде бұл норма әрдайым біркелкі қолданылмай келеді. Кейбір жағдайларда талап қою мерзімі өтіп кетсе де, соттар БАҚ-ты жауапкершілікке тартуды жалғастырған. Осындай істер бойынша сот процестері кезінде туындайтын түсінбеушіліктерді ескере отырып, «Әділ сөз» қоры Жоғарғы Сотқа бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты істер жөнінде нормативтік қаулы қабылдау туралы өтініш білдірген еді. Ұйым жазбасында мұндай нормативтік қаулы БАҚ-қа қарсы талаптарды қарау кезінде заңдарды бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, соның ішінде «Масс-медиа туралы» заңның 38-бабын қолдану мәселесін нақтылауға мүмкіндік беретіні жазылған.
«Әділ сөз» қоры да, құқыққорғаушы Гүлмира Біржанова да талап қою мерзімі туралы мәселе әлі де даулы, әрі түсіндірмені қажет ететін жеткізді. Сарапшылардың пікірінше Жоғарғы Сот тарапынан нақты түсіндірме қажет. Себебі тәжірибеде масс-медиа туралы заң нормалары кейде еленбей жатады. Ал жоғары соттың бұл туралы қаулы шығару жобасында нақтылық байқалмады. Десе де, талап қою мерзімінің заңмен бекітілген медиа үшін алға жасалған қадам деп қорытындылауға болады.
Басты беттегі сурет ChatGPT арқылы жасалды
Источник: Factcheck.kz