МИНИСТР АБАЕВ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ: «СІЗДЕР ЕШ САСПАҢЫЗДАР»
18 February, 2019 - 19:38
МИНИСТР АБАЕВ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ: «СІЗДЕР ЕШ САСПАҢЫЗДАР»
Автор: Администратор
914

Шымкентке ресми сапармен келген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БАҚ өкілдерін аккредитациялау туралы ереженің қатаңдатылуына қатысты пікірімен бөлісті.
 
«Қазір тек талқыланып жатыр. Журналистердің осы бойынша пікірін естіп жатырмыз, соны енді талқылап, бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Бұл ешқандай қатаңдатылатын нәрсе емес, тек бір жүйеге келтіру. Сіз егер де мұқият таныссаңыз, ол жерде ешқандай қатаңдатылатын нәрсе жоқ деп ойлаймын өзім», — деді министр.
 
Дәурен Абаев тілшілерді аккредитациялау үшін оның жұмыс орнымен жасалынған еңбек келісімшартын талап ету туралы былай дейді:
 
«Бір ғана мысал келтірейін, бізге еңбек келісімшартын көрсету туралы ұсынысты кейбір редакциялардың басшылары келіп айтты. Себебі ол редакциядан кетіп, онда жұмыс істемесе де  кейбір журналистер сол мекеме атынан шараларға қатысып жүрген.  Келісімшартты көрсетіп аккредитациядан өту тек жылына бір рет жүргізіледі, яғни, жыл басында. Егер редакцияда жұмыс істесеңіздер несінен қорқасыздар?» деген министр бұл ереже әлі нақты күшіне енбегенін, әлі де жан-жақты талқыланатынын айтып, тілшілерді сабырға шақырды.
 
«Менің ойымша кедергі болмайды. Сіздер еш саспаңыздар, қазір сіздердің алдарыңызда тұрып жауап беріп жатырмыз…» деп сөзін түйді Дәурен Абаев.
 
Айта кетейік, жуырда ғана отандық БАҚ беттерінде шараларға қатысатын журналистерді аккредитациялау ережелері қатаңдатылуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Ондағы мәліметке сенсек, енді қандай да бір жиынға қатысатын тілші жұмыс орнының еңбек келісімшартының көшірмесін көрсетуге міндеттелу жайты айтылған. Одан өзге егер жиын өтетін залда бос орын болмаса, ұйымдастырушы мекеме журналистерді шараға кіргізбеуге құқылы болуы мүмкін екені де жазылған. Бұл көптеген төртінші билік өкілдері арасында наразылық тудырды.
 
Сенатор Дариға Назарбаева күні кеше ғана бұл мәселеге қатысты отандық тілшілерге пікір білдіріп, қазіргі қоғамда тілшілер қауымының алар орны туралы пікірін айтты.
 
«Қазіргі заманда журналистердің аузын жабуға болмайды. Интернет арқылы өз ой-пікірін ашық айтуға мүмкіндік бар. Журналистер әрқашанда елдің қамын ойлайды, халықтың мұңын үкіметке жеткізеді» деген Дариға Назарбаева БАҚ өкілдерін аккредитациялау туралы ережемен толық танысып шығуға уәде етті.
 
Источник:
https://zynqala.kz/%D0%BC%D0%B8%D0%BD%D0%B8%D1%81%D1%82%D1%80-%D0%B0%D0%B1%D0%B0%D0%B5%D0%B2-%D0%B6%D1%83%D1%80%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D0%B8%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%80%D0%B3%D0%B5-%D1%81%D1%96%D0%B7%D0%B4%D0%B5%D1%80/